«ЭКСПО»-ға тонналап балмұздақ жөнелтуде

23.08.2017
Қаралды: 412

Қазіргі уақытта балмұздақтың түрі де, оны өндіруші кәсіпорын да көбейді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында балмұздақ өндіруші алғашқы жекеменшік кәсіпорын қайда және қалай құрылды?

Ондай өнеркәсіп орны алдымен Төлеби ауданында пайда болған екен. Аудандағы қазіргі «Балмұздақ» ЖШС тарихы сонау 1987-жылдан басталған. Сол жылы аудандық тұтынушылар одағы мекемесінде кішігірім балмұздақ цехы ашылып, жұмысын өндіріс кооперативі ретінде бастады. Ал экономика нарықтық қатынасқа көшкеннен кейін балмұздақ цехын жергілікті азамат Адахан Тұрдиев сатып алып, жеке бизнесінің алғаш­қы қадамын жасаған екен. Осылайша балмұздақ өндірісі келе-келе дамып, ірі кәсіпорынға айналды. Мұнда қазір 240 адам жұмыс істейді. Өнеркәсіп орны «1-Мамыр» ауылында орналасқан.

2000-жылы «Балмұздақ» ЖШС-і  еліміздің «Қазпатент» патенттер және тауар белгілері жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорнында Буратино мен ақ аюдың суреттері бар өзінің фирмалық белгілерін патенттеді. Фирмалық белгілер арқылы ленгірлік балмұздақты басқа балмұздақтардан ажыратуға болады.

Көп адамдар вафельді стакандағы балмұздақты ұнатады, Ленгірде жасалған балмұздақты вафельді стаканда «ТОО «Балмұздақ» деп ойып белгіленген жазу бар. Серіктестік балмұздақтың 120-дан астам түрін өндіреді. Биыл өндіріске балмұздақтың тағы 25 түрін енгізді.

Төлебидің балмұздағына Өзбекстан мен Қырғызстан кәсіпкерлерінен де тапсырыс түсіп тұрады екен. Кәсіпорын алдағы уақытта жыл он екі ай жұмыс істеуге көшкелі отыр. 6 ай балмұздақ шығарса, қалған 6 айда шоколад өндірумен айналыспақ.

Астанада ұйымдастырылып тұратын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне 10 тоннадан балмұздақ апару дәстүрге айнал­ған. Ал халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне кәсіпорын кезең кезеңмен 145 тонна балмұздақ жеткізуді жоспарлаған.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!