«Монғолияның Лашыны» атанған қазақ

23.08.2017
Қаралды: 1151

Таяуда Монғолияның жаңа Президенті Халтма­гийн Баттулганың Баянөлгийде туып-өскен қазақ балуаны Серік Бердімұратұлын «Улсын­ Начин» 

(«Ұлыс Лашыны», яғни «Монғо­лияның Лашыны») мемлекеттік атағымен марапаттау туралы Жарлығы шықты. 23 жастағы қазақ азаматы бұл атаққа монғол елінің мемлекеттік мерекелеріне орай өткізілген сайыстарда қарсыластарының бәрінің жауырынын жерге тигізіп қол жеткізді.

...Монғолияда күрестен жарыстар жыл са­йын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Монғол күресінің өзіндік ерекшеліктері бар. Оған қатысатын балуандар аяғына «монгол гутал» деп аталатын тұмсығы қайқайған етік, «шуудаг» деп аталатын келте шорты,  «зодог» деп аталатын жеңі бар, кеудесі ашық жейдеше киіп шығады. Күресте жеңген балуан бүркіт биін билейді, ал жеңілген адам оның жоғары көтерген оң қолының астынан өтеді. Белдесу­шілердің әрқайсысының өз секунданты (засуул) болады, олар әрбір қимыл, әдіс-тәсілді есепке алып жүреді.

Сайыстарға 512-ден 1024-ке дейін ба­луандар қатысады. 5 турда қатарынан жеңіске жеткен балуан «Начин», яғни «Лашын» ата­нады. 6 турда жеңіске жеткен жанға «Харцаг» («Қаршыға»), 7 турдан жеңілмей өткенге «Заан» («Піл»), 8 турда қатар жеңгенге «Гаруда» («Киелі құс»), 9 турда жеңгенге «Арслан­» («Арыстан») атақтары беріледі. Мыңнан аса балуанның белдесулерінен кейін озып шыққан балуан «Аварга» («Алып», «Дәу») деген атаққа ие болады.

Бір қызығы, бұл елде балуан бірінші кезектегі ең қадірлі адам саналады, қариялар одан кейінгі орында тұрады. Балуандық тіпті тұқым қуалайтын дәрежеге дейін жеткізілген. Ұрпағымыз балуан болсын деп балуанның қызына үйлену жоғары мәртебе саналады.

Міне, Серік бауырымыз Монғолиядағы осындай аса қадірменді, құрметті азамат дәрежесіне жетіп отыр. Монғолиялық жанкүйерлері оған енді «Дархан Аварга», яғни «Құрметті Дәу» атағына да жете бер деген тілек білдіруде.

Ал Серіктің мұндай атақты да жеңіп алуға мүмкіндігі жетерлік. Оның жасы қазір 23-те, нағыз жасындай жігіт шағы. Өзі 10 жасынан бері спортпен айналысады. Монғол күресінен ғана емес, самбодан, дзюдодан, тіпті жапон күресі – сумодан да жетістіктері мол.

Серік – самбодан жасөспірімдер арасындағы Монғолия чемпионы. 2011 және 2012-жылдардағы Әлем чемпионаттарында қола медаль иеленген. 2012-жылы Гонконгте 34 елдің саңлақтары қатысқан Әлем чемпионатында сумо күресінен алтын медаль жеңіп алған. 100 килоға дейінгі салмақта ол 8 қарсыласын тізе бүктіріп, ақтық айқасқа жапондық Ацуши Онамимен шықты, оны тізе бүктірді. Монғол күресінен 2012-жылы – аймақтық «Піл» және 2013-жылы аймақтық «Арыстан» атақтарын иеленді. 2014-жылы Монғолия біріншілігінде дзюдодан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Түвшинбаярға ғана есе жіберіп, күміс медаль иеленді.

Ол Қазақстанда өткізілген жарыстарға да қатысты. Қазақ күресінен Қажымұқан атындағы турнирдің жеңімпазы болды. 2016-жылы Алматыда Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген «Еуразия Барысы» турнирінде күміс медальға қол жеткізді.

Қысқасы, монғолиялық Серік Бердімұрат бауырымыздың есімі қазақстандықтарға біраз уақыттан бері таныс. Сондықтан да оның жеңістеріне бүкіл қазақ қуанады. Бұйыртса, оны әлі де талай биіктерден көреріміз сөзсіз.

Алға, қазағым!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!