Ара өсірушілерге карантин қалай әсер етуде?

11.05.2020
Қаралды: 576

Бүгінде адамзатқа Құран кітабы түсе бастаған қасиетті Рамазан айы жүріп жатыр. Ал Құранда адамның тіршілік әрекетін реттеп, тура жол нұсқайтын аяттар келтірілген. Солардың бірі кіп-кішкентай ғана жәндіктерге – бал араларына арналыпты, «...Онда адамдар үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін ғибрат бар» деп айтылыпты. Яғни Алла-тағала бал араларына тіршілік әрекетін көрсетіп, оларды адамзатқа қызмет етуге бұйырған екен.

 

Расында да, бал араларының өзіндік тәртібі, ғажайып дәлдікпен ұя салуы, түрлі өсімдіктерден бал жинауы, жалпы тіршілік әрекеті адамды таңқалдырмай қоймайды. Ара жер бетіндегі өсімдік атаулыны тозаңдандырып, олардың өсіп-өнуіне тікелей себепші болады екен. Ол мыңдаған өсімдіктердің нәрінен адамға азық болатын әрі шипасы тиетін бал жинайды. Балдың құрамында аса пайдалы дәрумендер, микроэлементтер, түрлі ферменттер, басқа да заттар бар. Сондай-ақ араның адам тіршілігі үшін тағы бір маңыздылығы – киімдік маталар шығарылатын мақта дақылының өсіп-жетілуіне де орасан зор әсерін тигізеді екен. Аралар жойылса, тіршілік те көп ұзамай тоқтайды дейді ғалымдар.

 

Міне, осындай деректерді оқып отырып, бізге адамзатқа осынша пайдасы бар бал араларының, оны өсірушілердің қазіргі, карантин кезіндегі жағдайы қалай болып жатыр екен деген ой келген еді. Сондықтан бұл кәсіпке тікелей қатысы бар бірер азаматтарға хабарласып, оларға өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

 

«Оңтүстікте көктем ерте шығатындықтан, бізде аралар тіршілікке наурыз айында-ақ дайындала бастайды, - дейді Түркістан облысының Жетісай ауданында тұратын омарташы Бұхарбек Керімбеков (суретте). – Наурыздың ортасы өте сала, біздің де әзірлігіміз басталады. Сәуірде оларды табиғатқа алып шығамыз. Карантиннің дәл осы кездерге тура келіп, шектеулер болып, бізге бірқатар кедергі келтіргені рас. Көшіп-қонуда біраз қиыншылықтар болды. Бірақ көп ұзамай далаға шығуға мүмкіндік алдық. Қаладағылар болмаса, қазір ауылдық жердегі омарташылардың басым бөлігі арасын қажетті жерге алып шыққан болар деп ойлаймын. Өзім қазір Шардара ауданының жеріндемін. Енді бірер күнде Қызылқұмның ішіне кетемін. Мақталыққа кейінірек ораламыз.

 

Жалпы, ара өсірушілер екі түрлі бағытта жұмыс істейді. Біреулері ара өсіріп, одан бал алуға маманданған, ал екіншілері тек оны өсіріп, аз бөлігін бал алуға пайдаланады да, басқасын сатады. Осы ара сатушыларға карантиннің елеулі зияны тиді. Еліміздің солтүстік облыстарында, Ресейде омарташылардың көбі қысқа қарай шаруасын тоқтатады. Балын алып болған соң араға қарамайды. Өйткені оларды кемінде 6 айға созылатын қыс бойы бағып шығынданғысы келмейді. Ал бізде қыс жұмсақ, көктем ерте басталады, сондықтан араны қыстан аса көп шығынсыз, аман алып өтуге мүмкіндік бар. Сол себепті көктемде біздің жаққа ара сатып алушылар келеді немесе ара сатушылардың өздері оны басқа облыстарға апарып сатады. Биыл карантиннің себебінен ондай қатынас болмады, көп омарташы ара сата алмай қалды.

 

Басқа жақпен қарым-қатынас тоқтаған соң, түрлі ауруларға қарсы залалсыздандыратын дәрі-дәрмектер әкелу жағынан да қиындықтар болды. Ал қазір жұмысымыз өз арнасына түсіп келеді».

 

Жетісайлық омарташы осылай дейді. Сондай-ақ Б. Керімбеков бізге жалпы ара өсірушілердің шешімін таппай жатқан көкейтесті мәселелері жөнінде де айтып берді. Айтуынша, бұл салаға басшылар аса назар аудара бермейді екен. Мысалы, омарташының арасы ауырып, уланып, тасқынға ұрынып дегендей қырылып қалса, оған мемлекет көмектеспейді. Шығынға ұшыраған жанның іштен тынып, күйінуден басқа амалы жоқ.

 

Омарташыларға субсидия алу да қиын, өйткені оның талаптары ауыр. Сондай-ақ шаруашылыққа қажетті аналық араларды шығаратын арнайы орталық та жоқ. Қолдау аз, кедергі көп. Кейде мақталыққа ендірілген пестицидтер күштілік қылып, аралар қырылып қалуы да мүмкін. Мұндай оқиғалар болған.

 

Осыншалықты еңбекпен өндірген ара балын саудалап, өткізу де қиын. Омарташы үшін шығарған өніміне өз бағасын қойып, тікелей сату, басқа облыстарға, шетелге шығару деген – үлкен арман. Екі ортада біреулер балды арзанға сатып алып, басқа жаққа өткізіп табыс тауып та жатады.

 

«Кей супермаркеттерден өзге жақтардан әкелінген балды көріп, қатты қынжыламын. Қаншалықты таза екені күмәнді сол өнімдердің орнында өзіміздің жергілікті, табиғи таза бал тұрса ғой деймін. Басқа жақтың өнімдерінің үлкен дүкендерден орын алуына олардың жарнамасы да әсер ететін шығар. Сол сияқты біздің өнімдердің де өткізілуіне жағдай жасалса дұрыс болар еді. Жұртшылық арасында пайдасы аса зор балды тұтынудың да өзіндік мәдениетін қалыптастыру керек, оның халық денсаулығын сақтауға қосар үлесі мол болар еді», - дейді Б. Керімбеков.

 

Жалпы, елімізде ара өсірумен айналысатын азаматтар баршылық екен. Ара өсірушілердің республикалық палатасы жұмыс істейді. Аталған палатаның Оңтүстік өңірі бойынша өкілі Бауыржан Мелдешовтің айтуынша, олар жылына екі мәрте бас қосып, өзекті мәселелерді талқылайды, оларды шешу жолдарын қарастырады. Әлеуметтік желіде арнайы топ ашып, сол арқылы ақылдасып-кеңесіп, бір-біріне қолдан келгенше жәрдемдесіп тұрады екен.

 

«Карантин кезінде шетелден әкелінетін қажетті дәрілерге қол жетпей қалды, дейді Б. Мелдешов. – Көктемде олар араны, омартаны түрлі аурулардан сақтау, оларға қарсы залалсыздандыру үшін өте қажет. Дегенмен біз бұл бағыттағы проблемаларды өз күшімізбен шешуге тырысудамыз. Ерте көктемде ОҚМУ ректоры Д. Қожамжарованың қатысуымен бас қосып, арнайы семинар өткізгенбіз. Сонда омарташыларға өзіміз шығарған дәріні таратып бердік. Басқа да дәрілерді өзімізде шығарсақ деген әрекет бар».

 

...Қысқасы, бал арасын өсірушілердің де өзіндік проблемалары жетерлік екен. Соған қарамастан олар әрекеттеніп, өздерінің шаруашылығын жүргізіп жатыр. Біз олардың әрекеттері берекесін беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ