Марс Үркімбаевтың 80 жылдығы аталып өтті

02.12.2019
Қаралды: 63

Таяуда Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болған азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, академик-ғалым Марс Үркімбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ауқымды іс-шара болып өтті. (Оған Түркістан облысынан да арнайы адамдар шақырылғаны туралы біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз). Кешегі аптада біз сол іс-шараға қатысып қайтқан азаматтардың бірі, кезінде М.Үркімбаевтың шәкірті әрі қызметтесі болған шымкенттік Максим Қалымбетовпен хабарластық.

 

«Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Оған Түркістан облысынан, Шымкенттен ғана емес, еліміздің басқа аумақтарынан да адамдар келіп қатысты. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Зауытбек Тұрысбеков, Марс Фазылұлымен қызметтес болған Жеңісбек Мәуленқұлов, Иманәлі Байдәулетов және тағы басқа азаматтар барды. Астанадан Әлихан Байменов бастаған делегация қатысты. Олардың арасында Әзір­байжанның Мемлекеттік хатшысы да бар. Сондай-ақ Марс Фазылұлын еске алуға Өзбекстан мен Қырғызстаннан да қонақтар келді.

 

М.Үркімбаевтың 80 жылдығына арнал­ған іс-шара 22-қараша күні сағат 10.00-де басталды. Алдымен Марс Фазылұлының ес­керткіш-бюстінің ашылу салтанаты болды. Онда Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Алма Бибатырова сөз сөйледі», – дейді Максим Қалиұлы.

 

Ал Марс Үркімбаевтың ескерткіш-бюсті ол кісінің өзі көп еңбек сіңіріп, салдырған оқу корпустары, зертхана, жатақханалар, жас мамандарға, мұғалімдерге арнап салынған үйлер бар үлкен кешендегі Жастар сарайының алдына орнатылыпты.

 

Сол күні Жастар сарайының үлкен залында көптеген зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер қатысқан халықаралық ғылыми конференция болып өт­кен. Ал сағат 13.00-де сонда М.Үркімбаевтың рухына бағышталып ас берілген.

 

Қысқасы, қоғамға, мемлекетке мол еңбек сіңірген, есімі елдің есінде қалған азаматтың 80 жылдығы лайықты деңгейде аталып өтіпті.  Шымкенттік азамат Максим Қалымбетов одан мол әсер алып қайтқанын айтады.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ