Әкім тұрып, оның орынбасарларына шүйліккені қалай?

02.12.2019
Қаралды: 90

Желінің ойлы оқырмандары! Бұл жазбамды Өздеріңе арнап жаза отыра, Сіздер арқылы Үкіметбасы – Премьер министр Асқар Маминге арнағым келеді.

 

Үкімет отырысы. Премьер-министріміз Асқар Ұзақбайұлы ашулы. Ашулы болатын реті бар. Долларды күштеп ұстап тұрғанымен елде қылдай қымбатшылық орын алып отыр. «Ел жатса да енекем жатпайды» дегендей, еліміздегі құнсыздануды елекең (ел-жұрт) жұрттан, тіпті үкіметтен бұрын сезіп, біліп, аса мәртебелі сауда­герлеріміз, аса жоғары айлалы алыпсатарларымыз халық тұтынатын тауарларды дүрк еткізіп қымбаттатады да жібереді. Премьер-министр ашуланбағанда қайтеді?! Ашуы орынды. Қашан­ғы ашуланбайды? «Өз күніңді өзің көр» принципсіз принціпіне иек артқан жайбарақаттық мемлекетімізді жарға жығуға айналды емес пе?!

 

Бірақ, бірақ, бізді ойландырғаны – Асқар Маминнің елдегі қымбатшылықты өз орынбасарлары, таяу тұрған министрлерінен көрмей, екінші, үшінші пландағы министрлердің орынбасарларынан көргені. Топтап, жұптап айтқанда өз орынбасарларынан сұрамай, салыстырмалы түрде айтқанда, басында дербестігі жоқ, қолында қаражаты жоқ, басшысының айтқанымен жүріп, «айдауымен» қимылдайтын қайдағы министр орынбасарларына шүйліккені несі екен?! Министр тұрып, орынбасарларда билік жоқ екенін білмей ме әлде? Облыс әкімі тұрып орынбасарларында, облыс әкімі тұрып, қала әкімі, аудан әкімі, қала, аудан әкімі тұрып оның орынбасарларына қашан есе тиіп еді?!.

 

Мемлекеттік қызметке біраз жылын сарп еткен адам ретінде айтайын, Премьер-министріміз Асқар Маминнің Үкімет отырысындағы министрлердің орынбасарларына шүйлігуі әшейін халықты алдап көз жасау сияқты көрінді маған.

 

Сіздерге ше, ойпаз оқырман? Қалай ойлайсыздар, сорлы қазақтың сеніп отырған Үкіметі, Үкіметбасы алдаса не болғанымыз? Әлде Үкіметте сұрайтын басқа «персон» қалмағаны ма?! Бұрын Үкіметте билік болмайтын, есе тиген бүгінгі күні олар көзалдаушылықпен айналысса не болғанымыз, Құдай-ау?!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ