Аккаунт сатып, сазға отырғызатындар пайда болды

07.11.2019
Қаралды: 75

Бүгінде «Іnstagram» әлеуметтік желісін тек өзгелердің өмірін бақылау үшін ғана емес, танымалдылық немесе табыс табу мақсатында да пайдалануға болатынын көпшілік түсіне бастады. Тіпті осы арқылы кәсібін дөңгелентіп отырғандар да бар.

 

Мұнда бастысы – оқырман саны көп болса бол­ғаны. Бұл көп оқырман оқыған сайын сен немесе сенің кәсібің туралы соғұрлым көп адам біледі деген сөз. Сондықтан инстаграмшылар қашан да оқырман санының көп болғанын қалайды. Осыны пайдаланған кей адамдар бұл тұста та ақша жасап қалып жатқан көрінеді. Енді оқырманы көп аккаунтты бір емес, бірнеше адамға сатып, алаяқтық жасайтындар да пайда болыпты. (Аккаунт дегеніміз – адамның «Іnstagram» желісіндегі қандай да бір атпен тіркелген атауы. Тіркелуші ак­каунтты жаңадан ашқанда өзі ғана білуі тиіс пароль қояды, сол арқылы желіге өз атынан кіре алады).

 

Небәрі оншақты күн бұрын осындай жолмен алданып қалғандардың қатарында алматылық Динара Маханбет есімді келіншек те бар. «SMM» саласын өздігінше үйренуді жоспарлаған ол алдымен «Іnstagram»-нан аккаунт ашып, соны дамытпақшы болады. Сөйтіп жүргенде 14 мыңнан астам оқырманы бар аккаунттың қолжетімді бағада сатылатынын біліп, қуанып қалады. Себебі «Іnstagram» саласын жетік білмейтін жандарға мұндай көлемдегі оқырман жинау үшін ұзақ уақыт керек екені белгілі.

 

Динара басынан өткен оқиғаны өз аузынан бізге былай деп баяндады: 

 

«Құрбыма әлеуметтік желі арқылы бір келіншек шығып, баласының ауырып жатқанын, соған тез арада ақша керек екенін айтып, өз аккаунтының сатылатыны туралы желіде хабарлауын өтініпті. Құрбым да оның ондайын қайдан білсін, өзі намаз оқитын болған соң бетін қайтара алмаған. Сол хабарландыруды көрген мен оны әлгі келіншектен 10 мың теңгеге сатып алмақ болдым. Ақшаны ертеңге дейін аударуымды сұрап асықтырған соң апыл-ғұпыл уақытта қаражат тауып, салдым. Ол маған аккаунтын, кіретін паролін жіберді. Мен оны сол сатып алған күні қолданып үлгермедім, ертеңіне желіге сурет, видео қояйын десем, әлгі аккаунтпен «Іnstagram»-ға мүлде кіре алмаймын. Бір сөзбен айт­қанда, аккаунт жоқ.

 

Содан соң ол келіншекпен қайта хабарласуға тырыстық, алғашында «мен саттым, басқа ештеңе білмеймін» деп басын ала қашты, ақыры аяғында мүлдем жауапсыз, үн-түнсіз қалды. Сөйтсем, ол мен сатып алған аккаунтты тағы біреуге сатып жіберген екен. Осылайша ол оны бір емес, бірнеше адамға сатқан көрінеді. Қазір сол аккаунт бойынша басқа қыз отыр, онымен де байланысып көрдік. Ол «мен де сатып алғанмын» деп ағынан жарылуда.

 

Мұндайды сатып алғанда электронды адресімен, тағы да басқа нәрселерімен қоса алу керек екен ғой. Мен оны қайдан білейін. Аккаунт жоғалып кетеді деп те ойламаппын. Балам ауырып жатыр деген соң сендік қой. Құдайдан қорықпайды екен. Енді сол әйелді тауып, ақшамды қайтарып алсам деген ойым бар».

 

Динара осылай деп ашынады. Иә, осылайша жеңіл жолмен ақша табатындар көбейген заман болды ғой. Сондықтан не нәрседе де абай бола­йықшы, ағайын!

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ