Қарашада қар жауа ма?

06.11.2019
Қаралды: 167

Кейінгі бірер күнде Оңтүстікте жаңбыр жауды, ызғар сезіле бастады. Біреулер көп ұзамай қар жауып, қыс түсетінін айтуда. Ал  ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбай не дейді?

 

Шымкенттік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайдың болжамдарын біз ай сайын дерлік жариялап келеміз. Байқауымызша, оның осы уақытқа дейінгі айтқандары нақты орын алған ауа райы құбылыстарынан пәлендей алшақ кетіп жатқан жоқ. Сондықтан бұл жолы да Нұрекеңмен хабарластық.

 

«Кешегі 29-қазанда жаңа ай туды, – дейді Н.Қозыбай. – Ол шалқалай, қазақшалап айтқанда, «шелек ілінетіндей» болып туды. Ал кешкісін аспанды бұлт торлай бастады. 30-қазан күні жаңбыр жауды, жаңа ай жаңбырмен басталды. Демек, алдағы 28-қарашаға дейін, яғни келесі жаңа ай туғанға дейін жаңбыр жиі жауатын болады».

 

Осылай деген болжамшы қазанның соңын ала басталған жаңбыр жаууының 1-5-қараша аралығын да қамтитынын айтты. Оның болжауынша, 10-15-қараша аралығында да жаңбыр жаууы тиіс, күн райы біршама суытады. Айдың 20-сыншы жұлдызына қарай да кей жерлерде өткінші жаңбыр жауады. 27-30-қараша аралығы да (өлара) жауын-шашынмен өтпек.

 

«Мен атап өткеннен басқа күндері ауа температурасы шамамен 10-15 градус аралығында жылы болады. 15-қарашадан кейін ауа жылуы 18 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Жалпы, биыл күздің шығуы осы айдың соңына дейін созылады, қыс жылдағыдан кешірек басталады.

 

Биылғы жазда аптап ыстық күндердің көп болғаны белгілі. Соған және жазда кей ағаш жапырақтарының ерте түсе бастағанына қарап, бұрынғылардың болжамына сүйеніп, «қыс ерте түседі, жаздағы аптап ыстықтар алдағы қыста қатты аяз болып оралады» деп жүргендер бар. Бірақ біз қазіргі экологиялық ахуалды ескеруіміз керек. Сондай-ақ бүгінде көптеген жәндіктер өзінің тіршілік әрекетін әлі де тоқтатқан жоқ. Құрттар, жыландар жер астына кетпеді, аралар ұшып жүр. Менің болжамымша, қыс аса суық болмайды, орташа деңгейде өтеді.

 

Ал алғашқы қар біздің жақта өлара кезінде түсуі ықтимал. Онда да ол таулы аудандарға ғана жаууы мүмкін», – дейді болжамшы.

 

Осы орайда Н.Қозыбай күзгі бидай егемін деушілерге іске батыл кірісе беруге болатынын айтады. «Қазір ауа райы қарасып тұр. Күзгі бидай егемін дегендер қарашаның соңына дейін әрекет жасасын. Менің болжамымша, алдағы көктемде құрғақшылық болмайды», – дейді Н.Қозыбай.

 

Қысқасы, қараша айы жұртты аса әбігер ете қоймайтын сияқты. Дегенмен «қыстың қыр астында екенін» ескеріп, қажетті дайындық шараларын да атқара жүрейік, ағайын!

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ