Қытайға 40 мың гектар жер сатылғаны рас па?

12.06.2019
Қаралды: 97

Кешегі аптада әлеуметтік желілер арқылы бір жайсыз хабар тарады. Онда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында қытайларға мыңдаған гектар жердің сатылып кеткені туралы айтылады.

 

«5 миллион теңгеден беріп, көшірмек»...

 

«Кеше Күршімнен келдім. Естігенім – Күршім ауданы сатылып кетіпті. Анам маған былай деді: 4 жылдың ішінде әр үйге 5 миллион теңгеден беріледі екен. Сол 4 жылдың ішінде қайда барсаң, онда бар. Үйлерді бұзып, сол жерге өздерінің зауыттарын салады екен.

 

Магазинге барсам, үш қытай қазақ аудармашысымен бірге сауда жа­сап тұр екен. Ауылда қытай деген қаптап жүр.

 

Күршімнен ары қарайғы жолдарды жөндеп жатыр екен. Техникалары, бәрі тұр. Жолдарды жөндеп, зауыт салып, алтын қазып жатыр екен сол жақта. Қалада білінбейді. Бірақ ауыл-ауылдарға көшіп, ақырын келіп жатыр», – дейді аудиожазбадағы әйел даусы.

 

«Марқакөлдің Қалжыр деген өзенінің жағасына қытайлар алтын шаятын аппа­рат­тарын, контейнерлерін қойып, жұ­мыс істеп жатыр дейді. Мар­қакөлден балалар айтты», – дейді бір азамат.

 

«Жақында қызыммен бірге Күршімге тойға барған едім. Күршімге жете бергенде соткаңа сообщение келеді, «Қытай еліне хош келдіңіз!» деп. Одан кейін Зайсанға қарай кішкене жүргенде «Қазақстан еліне хош келдіңіз!» деген сообщение келеді ғой маған. Сонда ойлағам ғой мен: «Е-е, расында да Қытайға кетіп қалған екен ғой...» деп», – дейді тағы бір әйел даусы.

 

Облыстық газеттің қызметкері айтады...

 

Арада көп өтпей ғаламторда мұны теріске шығарған аудиожазбалар да пайда болды. Сөз саптауларына қарағанда, бұлар аудан орталығының тұрғындары сияқты.

 

«Өтіріктеріңе Құдай береке берсін! Мен сол Күршімде тұрамын. Ештеңе са­тыл­ған жоқ, бәрі қалпында, ешкім оны сатпайды да.

 

Теректіге таянғанда Қытайдың теле­фо­ны ұстайды да, қытайша сөйлеп кетеді. Одан кейін рет­­теп қойсаң, қайта қалпына келеді. Со­ны естіп алған бі­реулер елге осындай өтірік ақпарат таратып жүр. Оған сен­беңдер!» – дейді өзін облыстық газет­тің қызметкерімін деп таныстырған азамат.

 

Оның сөзін бір әйел былай деп қостап отыр:

 

«Жолдастар, құрбылар, құрдастар! Бұл өсекті кім шығарып жүр? Қандай өсек бұл? Не деген жалған, өтірік әңгіме бұл?! Елдің басқа жұмысы, шаруасы жоқ па, тірліктері жоқ па?

 

Күршімде тұрып жатырмыз ғой. Неге біз бірінші естімей, жердің түбіндегі басқалар оны бірінші біліп отырады?

 

Бұл халықтың арасына іріткі салу ғой! Өтірік! Оның бәрі жалған ақпарат. Ешкімнің сөзіне сенбеңіздер! Күршіміміз, халық тып-тыныш, баянды өмірін сүріп жатыр. Ешқандай қытай да жоқ, ешқандай қытай қазақты ертіп жүрген жоқ, ешқандай магазинді аралап жүрген жоқ. Бәрі жалған сөз. Сенбеңдер!»

 

Қалжырдың әкімі не дейді?

 

Міне, кешегі аптада әлеуметтік желі арқылы осындай «айтыс» болды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, мұндай сөздің таралуына қандай да бір негіз бар ма? Осыны білмек үшін Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданына қарасты Қалжыр ауыл әкімшілігінің әкімі Берікбол Мұқышевке хабарласып, оған төмендегідей бірнеше сұрақтарды қойдық.

 

– Күршім ауданында 40 мың гектар жер сатылғаны, онда қытайлардың қаптап жүргені рас па?

 

«Көптеген ауыл тұрғындарына 5 миллион теңгеден беріліп, алдағы 4 жылдың ішінде басқа жаққа қоныс аударуы керектігі ескертілген» деп жатыр. Бұған қатысты не айтасыз?

 

Қалжыр өзеніне қытайлар генератор орнатып, алтын шайып алып жатыр ма?

 

Алексеевка деген ауылға жақындағанда қалта телефонына «Қытайға хош келдіңіз!» деген сөз шығады, әрі қарай өткесін «Қазақстанға хош келдіңіз!» деген хабарлама келеді деп жатқандар бар. Бұл қаншалықты рас?

 

– Бұл – жалған сөз. Жер деген кім-көрінгенге сата салатын тауар емес қой. Біз жақта арнайы өткізілген конкурс ар­қылы жер иеленіп, өзіне рәсімдеп алған жергілікті шаруа қожалықтары өздерінің жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады, аздап егін егетіндер бар. Олардың ешқайсысында да шетелдіктердің үлесі жоқ. Қы­тайлықтар сатып алған, қытайлар қаптап жүр дегені – өтірік. Мұны мен бар жауапкершілікті мойныма ала отырып мәлімдей аламын.

 

Қалжыр өзенінен алтын өндіріп жатыр дегені де шындыққа жанаспайды. Бүгінде Зайсан жақтан келіп, өзен бо­йын шыбын-шіркейге қарсы залалсыздандырып жатқандар бар. Одан басқа өзен бойында қандай да бір жұмыс жүргізіп жатқандар жоқ.

 

Біз шекараға 60-70 шақырымдай қашықта тұрамыз. «4 жылға 5 миллион теңгеден беріп, көшіріп жатыр» деген әңгіме жоқ.

 

Ал Алексеевка деп отырғаны – қазіргі Теректі ауылы. Оған талай барып келіп жүрмін. «Қытайға хош келдіңіз!» дегенді естіген де, көрген де емеспін.

 

Жалпы, Қытайға 40 мың гектар жер сатылды деген сөз – өтірік. Мораторий бар емес пе? Жұрт осы жағын неге ойламайды? Мұндай жалған ақпаратты біздің жақты білмейтін адамдар тарат­қан болса керек.

 

Ауыл әкімі осылай дейді. Бізге осы Қалжыр ауыл округіне қарасты Алғабас ауылында құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген Ертай Кешілбаев деген азаматпен де байланысудың сәті түсті.

 

– Мен өзім Қатонқарағай жақтанмын. Мамыр айының басынан бері Күршім ауданындағы бірқатар нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізудеміз. Алғабас Күршімнен 10 шақырымдай қашықта. Марқакөлге қарай кететін жолдағы Қалжырда да бір объектіміз бар. Ауыл, аудан әкімдерімен екі-үш күнде бір жүздесіп тұрамыз.

 

Күршім ауданында 40 мың гектар жерді қытайлар сатып алыпты деген – лақап сөз. Аудан әкімі бұған байланысты жиын өткізіп, оның қауесет екенін айтқан болатын.

 

Қытайлар Қалжырдан алтын өндіріп жатыр дегені де өтірік. Қалжыр өзеніне жақын жерде кейініректе ашылған карьер бар, бірақ онда жергілікті кәсіпорын жұмыс істейді. Мыс кенін өндіреді, оны Өскемендегі, Зыряндағы кен байыту комбинаттарына жібереді.

 

Күршім жақтан қытайларға 40 мың гектар жер сатылды деген сөз шындыққа жанаспайды, – дейді ол кісі.

 

Ал арада бірер күн өткенде Күршім ауданының Айгүл Саханова деген тұрғыны әлеуметтік желі арқылы: «Мұны әлеуметтік желіде осыдан үш-төрт күн бұрын мен таратқан едім. Кейін естіген­дерімнің өтірік екеніне көзім жетті. Оның бәрі – жалған. Сол үшін жұртшылықтан кешірім сұраймын», – деген тұрғыда үндеу таратты.

 

15 мың гектардай жері жалға берілген екен

 

Қысқасы, «Күршім ауданында 40 мың гектар жер қытайларға сатылып кетті» деген сөз қауесет болып шықты. Сөз­деріне сенсек, облыс әкімі Даниал Ахметов пен Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов та мұны ресми түрде жоққа шығарды. Дегенмен Д.Ахметов өз сөзінде қытайлық бір компанияның Қазақстанда жерді шетелдіктерге сатуға және жал­ға беруге мораторий жариялан­ған 2016 жылдан бұрын, 2015 жылы жалға жер алғаны туралы да айта кетті.

 

Яғни қытайлар бұл жақтан 2016 жыл­ға дейін біраз аумақты жалға алып үлгерген көрінеді. Бұл жөнінде кешегі аптада қоғам белсендісі, заңгер Мақсат Ілияс­ұлының «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жариялаған хабарламасынан да белгілі болып отыр.

 

М.Ілиясұлының айтуынша, ол осы мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне хат жазған екен, әкім орынбасары Ш.Байбековтен жауап келіпті. Онда «Лун Син» атты қытай компаниясының 2015 жылы Шығыс Қазақстан облысынан 14 мың 890 гектар жерді жалға алғаны (Бесқарағай ауданында, 10 жылға), қазіргі таңда оның жерді иеленген жалғыз шетелдік компания екені айтылыпты. Сондай-ақ облыс әкімдігі бір кездері дау туғызған «Бәтуа» серіктестігі иемденген жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын да мәлімдепті.

 

«Бірақ қайтару туралы облыс немесе аудан әкімдігі қаулысының көшірмесін жібермепті. Сондықтан облыс әкімі орынбасарының сөзіне, жазған хатына сенуге тура келіп тұр», – дейді М.Ілиясұлы.

 

Ол сондай-ақ жұртшылықты Шығыс Қазақстан облысынан болсын, еліміздің басқа аумағынан болсын, шетелдіктердің жер алғаны туралы ақпарат болса, жариялауға, хабарласуға шақырды. «Себебі облыс, аудан әкімдеріне, билік өкілдеріне сенуге болмайды», – дейді ол.

 

...Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірінің жері өзен-көл, тау, ормандармен көмке­рілген, пайдалы қазбалары мол, өнер­кәсіп пен ауыл шаруашылығына қолайлы индустриалды-аграрлы аймақ екені белгілі. Онда 1 миллион 500 мыңға жуық халық тұрады. Аттары елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де мәшһүр Қатонқарағай, Рахман бұлақтары, «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайы, Алакөл, Марқакөл тағы басқа да табиғаты керемет жерлер, демалыс орындары осы аумақта. Оған жыл сайын барып демалып қайтатындар көп. Шетелдік туристер де Шығыс Қазақстанға мың-мыңдап барады. Қысқасы, ол – өзімізді де, өзге­лерді де қатты қызықтыратын өлке. Осын­­­­дай өңірден шетелдіктерге жер са­тыл­са, ол ел алдындағы, келешек ұрпақ алдындағы кешірілмес күнә, ауыр қылмыс болар еді.

 

Сондықтан «Күршімнен 40 мың гектар жер Қытайға сатылыпты» дегенге біз де алаңдадық. Аумақ басшыларының, біз сөйлескен адамдардың айтуларына қарағанда, ол жай сөз сияқты. Лайым солай болғай, қазақ жері ешкімге де сатылмасын!

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ