«Құрылтайға отбасыммен қоштасып аттанғанмын», – дейді Шығыс Қазақстаннан жолға шыққан азамат

12.06.2019
Қаралды: 84

Оппозиция қатарында жүрген бірқатар азаматтардың ұйымдастыруымен 1-маусымда астанада халық Құрылтайы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген адамдар қатыс­қан осы жиынға Шығыс Қазақстаннан Руслан Нұрқанов есімді азаматтың да (суретте) арнайы барғаны, бұл жөнінде өзі бейнежазба түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялағаны белгілі. Бізге кешегі аптада оның өзімен сөйлесудің сәті түсті.

 

– Руслан, Өскеменнен астанаға бірнеше көлікпен сатылап барғаның туралы естідік. Бейнежазба жариялағанда өзің қатты толқып тұрдың, көзіңе жас алдың. Неліктен олай бол­ды?

 

– Толқуым Елордаға аман-есен жеткенімнен болар. Ұзақ жол жүрдім ғой. Алдында жете алмай қаламын ба деп ойлағанмын. Оның өзіндік себебі бар.

 

Өскеменнен Семейге дейін 300 шақырымдай болады, оған жолай төрт көлікке ауысып мініп жеттім. Үшінші көліктің жүргізушісі өзімнен үш-төрт жас кіші, ұлтжанды жігіт екен, Астанаға аман-есен жетуіме тілектестігін білдіріп, жолыма 5 мың теңге берді. Семейден Павлодар­ға таксимен жетіп, сосын Астанаға қарай пойызға отырдым. Таксиге, автобусқа отырсам, тағы да ұстап алып, кері қайтара ма деп қорықтым.

 

– «Ұстап алып, кері қайтар­ғаны» қалай?

 

– Жолға шығардан бір күн бұрын құзырлы орындар шақыр­ған. Мұның алдында да, өткен 8-мамырда Астанаға бармақ болғанмын ғой. Түнделетіп жолға шыққанмын, бірақ кері қайтуыма тура келген. Мені ауылға қайтарған болатын. Тыныш жүр дейді ғой сол.

 

Біздің жақта жұрт қазақ, орыс, оралман болып, басы бірігуі оңай емес. Ұлттық мәселеге келгенде пікірлес табу қиын. Сосын Астанада бейбіт шеру болатынын естіп, барайын, ол жақтың қазақтарын көрейін, танысайын деп ойлағанмын.

 

Оның алдында 1-мамырда шеру болады дегесін Өскеменге барғанмын ғой. Бірақ онда бес-алты-ақ адам жиналды. Өзім еш­қандай заң бұзбасам да құзырлы орындардың назарына іліктім. Олардың жұмысы солай ғой, содан бері маған көз қырын салып жүреді. Телефоннан тыңдап біліп қойды ма, қайдам, Павлодарға жеткенімде автобустан түсіріп алып, Семейге апарды, одан Өскеменнің «оперлары» келіп, ауылға алып қайтты. Сонымен ол жолы Астанаға жете алмай қал­ғанмын. Бұл ретте де солай болады ма деп қашып-пысып жеткен бетім еді.

 

– Өзің негізі қайда тұрасың? Отбасың бар ма? Қандай жұмыс істейсің?

 

– Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында, Өскеменге жақын, 30 шақырымдай жерде Айыр­тау деген шағын ауыл бар, сонда туып-өскенмін. Әйелім, үш балам бар, үлкенім 8-сыныпты бітірді. Өзім құс фабрикасында қатардағы жұ­мыс­шымын.

 

– Жасың қаншада? Білімің қандай? Бұрын қандай жұмыс­тар істегенсің?

 

– Қазір 38-демін. 9-сыныптан кейін оқымағанмын. Біздің мектепте оқып жүрген кезімізде жағдай жақсы болған жоқ қой. 9-сыныптан кейін мектепті қойып, әкеме мал бағыстым. Әкем Қалибек ауылдың табынын бағатын еді.

 

– Ата-анаң қазір бар ғой? Отбасында қанша бала өскенсіңдер?

 

– Әкем қайтыс болған, анам бар. Отбасында бес бала өскенбіз. Екі әпкем, бір қарындасым мен інім бар.

 

– Тұрмыс-тіршіліктерің қандай?

 

– Жұрт қатарлы күн кешіп жатырмыз. Өзім ауылда жұмыс жоқ болғасын басқа жақта жұмыс істеп жүрмін. Биыл шағын дүкен ашқанбыз. Әйелім сонда істейді, үйге қарайды.

 

– Бұрын Елорданы көргенсің бе? Семей, Павлодарды ше?

 

– Жездем қайтыс болғанда Екібастұзға бір барғанбыз. Ал Семейге, Павлодар жаққа өткен жолғыдан бұрын шықпағанмын. Ал Астананы бірінші көруім еді. Кинодағыдай болды. Америкаға барғандай болып, биік, әдемі ғимараттарды көріп таңқалдым.

 

– Бейнежазбада анамның батасын алып, үймен қоштасып шықтым дедің. Осыны таратыңқырап айтып берші.

 

– Жаңа әлгінде 8-мамырда Астанаға неліктен жете алмай қалғанымды айттым ғой. Сол жолы үйдегілер қарсы болып, жолға ұрысып шыққан едім. Сондықтан бұл жолы анам Алғизаның батасын алуды шештім. Бәрін түсіндіріп айтқасын апам көніп, батасын берді, қолыма 10 мың теңге ұстатты. Өзімде 7-8 мың теңгедей бар еді, сонымен жолға шығып кеттім.

 

– Ал әйелің ше, ол қарсы болмады ма?

 

– Әйеліме де бәрін түсіндіріп айтқанмын. «Мен бірдеңеге ұрынып қалсам, босқа жылап-сықтамай, тіршілігіңді жаса, балаларға қара, дұрыс тәрбие бер. Күнкөріске жарайтын дүкен бар, көлік бар, мо­йыма. Мен осындай күреске бел будым», – дегенмін, ініме де осылай түсіндіріп кеткенмін. Ұлтқа қызмет етемін,  елдің ертеңі үшін қажет болса, бұл жолға өмірімді арнаймын деп шешкенмін.

 

– Ал Құрылтайға қанша адам қатысты? Не естіп-білдің, өз басың не шештің?

 

– Жиын «Думан» деген мейрамханада болды. 1000 адамдық деген, орынның бәрі толды, жұрт сыймай қалды. Құрылтайда біраз нәрселер талқыланды. Көпшілік жұрт, үлкендер жағы алдағы сайлауға белсенді түрде бойкот жариялаймыз деп шешті. Мен осыған қосыламын.

 

– Өзіңді негізінен не тол­ғандырады?

 

– Мен өзі бала кезімнен көмек керек адамдарға қол ұшын беріп жүретін жанмын. Біреу қиналып жүрсе, мүмкін болса, жәрдемдескім келіп тұрады. Елімді сүйемін. Қазақтың жайын көп ойлаймын, жүрегім қазақ деп соғады. Ешкім де тарықпай өмір сүрсе екен деймін.

 

Қазір ауылды жерлердің жағдайы қиын. Әсіресе жастар не істерін білмей, басқа қалаларға кетіп жатыр. Біреулер Кореяға барамыз деп жиналып жүр. Оларды жібермеу керек қой, лайықты жұмыспен қамту қажет. Олар өзімізге керек.

 

Біз жақта оралмандардың ғана жағдайы жақсы. Кезінде  мемлекет үй, жер беріп көмектескен. Мал алып, жер, техника алып, жағдайларын жақсартты. Ал жергілікті жұрттың көбінің тұрмысы нашар.

 

Кезінде ата-бабаларымыз жоң­ғардың, орыстың шапқыншылығын көп көрді ғой, елді, жерді қорғады, сол жолда күш-жігерін жұмсады, өмірін де аямады. Бізге осынша жер қалдырды. Енді оны қорғап, кейінгіге аман-есен тапсыру міндеті біздің мойнымызда тұр. Біз елді қорғауымыз керек. Қазақстан шын мәнінде мықты мемлекет болып, халық бақытты өмір сүрсе екен. Менің басты арманым – осы.

 

– Әңгімеңе рахмет, армандарыңның орындала беруіне тілектеспіз.

 

...Русланмен арада осындай әңгіме болды. Ол сөз соңында өзінің Елордада жүріп-тұруы үшін қаржылай көмектескен азаматтарға алғысын білдірді. Яғни әу баста сонау Шығыс Қазақстаннан жолға 18 мың теңгедей ақшамен шыққан оған жиынға қатысқан қыз-келіншектер жағы ер-азаматтың қалтасы ақшасыз болмасын деп аздаған қаржы жиып беріпті.

 

Жалпы, ел болашағы таразыға түсіп жатқан шақта үйінде қарап жата алмаған қарапайым жігіттің іс-әрекеті осындай. Рухы биік мұндай азаматтары бар елдің ертеңі де жарқын болуы тиіс қой.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ