Көзді, құлақты, мұрынды, ерінді әдемілеп береді

15.05.2019
Қаралды: 85

Қазіргі күні сұлулық салонына бас сұқпайтын қыз-келіншектер кемде-кем. Содан да болар, мұндай сән орындарының дәурені жүріп-ақ тұр.  Бұл салада біз біле бермейтін терминдермен бірге сан түрлі процедуралар мен ота түрлері пайда болды. Косметологияның осынау қыр-сырын білмек ниетте косметолог әрі дерматолог дәрігер Ақмарал Жұмабаевамен сұхбаттасқан едік.

 

«Косметология эстетикалық және медициналық деп екіге бөлінеді. Эстеттер негізінен визажбен, спа-процедуралармен, депиляциямен, бет, дене, шаш күтімімен айналысады. Бет терісін тазалау эстетикалық процедураға кірмегенімен, бұл да эстеттердің жұмысы.

 

Ал медициналық косметологияға келер болсақ, ол терапиялық және хирургиялық деп бөлінеді. Хирургиялық косметология – бұл пластикалық хирургия. Хирург мамандығын оқымағандар мұнымен айналыса алмайды. Оған маңдай, мойын терісін тарту, мұрын, құлақ, ерін пішінін өзгерту, төсті үлкейту, кішірейту секілді ота түрлері жатады.

 

Сондай-ақ липосакция (арнайы аппарат арқылы артық майды алып тастау), блефаропластика (қабақты, көз пішінін өзгерту) деген де бар. Қазіргі таңда елімізде соңғы аталған оталардың көмегіне жүгінетіндер өте көп», – дейді ол.

 

Пластикалық ота жасаушы мамандар сонымен бірге Қазақстанда маммопластика (омырау пішін өзгерту), ринопластика (мұрын пішінін өзгерту), отопластика (қалқанқұлақты түзету), фейслифтинг (бет терісін тарту) секілді оталардың да сұранысқа ие екендігін айтады. «Курсив» интернет порталының мәлімдеуінше, қазіргі таңда еліміздегі блефаропластиканың құны 80 мыңнан 350 мың теңгеге дейін барады екен. Аталған интернет-портал: «Липосакция 100 – 350 мың теңге аралығында болса, бетті жасарту отасы – 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейін барады, ал отопластика 150 мың теңгеден жоғары ақы алады. Ринопластика құны 150 мыңнан бастап, 1 миллион теңгеге дейін барады. Маммопластика 500 мың мен 2 миллион теңге аралығын, іш майын алу, яғни абдоминопластика 500 мың мен 1,3 миллион теңге аралығын қамтиды. Ал бөксені өсіру 1 миллион теңге тұрады», – деп көрсетеді. Десе де бұл нақты әрі қатып қалған бағалар емес, себебі әр клиниканың белгіленген өз бағасы бар екен.

 

Біз сұхбаттасқан маман Ақмарал Жұма­баева терапиялық косметология туралы да айта кетті. Ол бұған контурлық пластика, мезотерапия, ботулинотерапия, биоревитализация, биорепарация, лифтинг, химиялық пилинг секілді процедуралар жататындығын түсіндірді.    

 

«Мезотерапия дегеніміз – қажетті препараттарды, антиоксиданттарды, минералдарды, дәрумендерді, тағы да басқаларды аз мөлшерде терінің астына енгізу тәсілі. Оның түрлері өте көп. Бұл терінің тартылуына, әжімге, түрлі дақтар мен пигменттерге, безеулерге, шаштың түсуіне қарсы жасалады.

 

Ал контурлық пластика – ерінді үлкейту немесе түзету, бет ассиметриясын қалып­қа келтіру тәсілі.

 

Биоревитализация, биорепарация – теріде ылғал азайғанда қолданылатын әдіс.

 

Лифтинг – теріні тартатын, ботулинотерапия – ботулотоксин инъекциясы ар­қылы теріні жасартатын әрі емдейтін, химиялық пилинг – бет терісін тазартатын процедура.

 

Сондай-ақ лазерлі косметология деген бар. Онда лазер арқылы терінің созылуын, тыртықтарды, татуировкаларды кетіруге, яғни теріні лазер арқылы тегіс­теуге болады. Мұның ішінде ең көп сұралатыны – мезотерапия, ботулинотерапия, ерінді үлкейту және бет терісін тазарту процедуралары», – дейді ол.

 

Бір қызығы, интимді пластика да (ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелеріне жасалатын оталар мен процедуралар) косметологияның бір бөлігі болып саналады екен. Қазіргі таңда елімізде мұнымен көбіне гинекологтар айналысқанымен, осы мәселемен косметологтарға келушілер де жоқ емес. Мұндағы бір процедураның бағасы 25 мың – 85 мың теңгенің аралығын қамтитын көрінеді. Әзірге интимді пластикаға жүгінгісі келе­тіндердің көпшілігі әйелдер екен.

 

Косметологтарға ерлер де келеді. Ақмарал ханымның айтуынша, ер адамдар салондарға көбіне-көп бет терісін тазалау және емдету үшін, содан соң шаш түсу мәселесіне байланысты бас сұғады екен. Сонымен қатар ол блефаропластикаға жүгінетін ерлердің де көптігін сөз етеді.  

 

Дегенмен қит етсе косметологқа жүгіре бермеудің бір жолы бар. Ол «фейсбилдинг» деп аталады. Адамның бет терісінің астында 57 түрлі бұлшық ет бар екен. Сол бұлшық еттерге ұдайы массаж жасап отыру арқылы терінің түсін жақсартуға, екінші иекті кетіруге, бет-әлпетті жасартуға, қартаюдың алғашқы белгілерін, мұрын мен ерін айналасындағы қатпарларды жоюға, терінің балғындығын қалпына келтіруге болады. Фейсбилдинг дегеніміз де осы. Мұны тек әйелдер ғана емес, ерлер де жасай алады. Ғаламтор беттерінде аз уақытта-ақ нәтижесін бай­қауға болатынын жазады.    

 

Дей тұрғанмен қомақты қаржыға сатып алған сұлулық адамға кейде қауіпті болуы да мүмкін. Ойдағыдай нәтижеге жете алмай қалған қаншама қыз-келін­шектерді теледидардан көрсетіп те жүр. Сондықтан кез келген адам маманның көмегіне жүгінбес бұрын алдымен оның сертификатының бар-жоғына назар аударуы қажет. Оның осы саладағы тәжірибесі де маңызды. Косметологқа өзіңізді сырт келбетіңізді сеніп тапсырмас бұрын алдымен оның өзінен жан-жақты кеңес алып, қажетті мәліметтерді біліп алған да ешқашан артықтық етпейді.

 

...Бәрін айт та, бірін айт, десе де табиғи сұлулыққа не жетсін!

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ