Үйде отырып-ақ кәсіптің бірнеше түрімен айналысады

15.05.2019
Қаралды: 92

Бүгінгі таңда кәсіптің көзін тауып отырған жандар арамызда аз емес. Олардың қатарында көпбалалы келіншектер де бар. Бірқатары үйде отырып та ісін дөңгелетуде. Десек те 36 жастағы петропавлдық Анар Баймолдина туралы ерекшелеп айтқымыз келеді.

 

Анар – төрт қыздың анасы. Ең кішісі 7 жаста. Үлкені 16-да, екінші топ мү­гедегі. Бір жас­қа толар-толмас­тан-ақ ауыра бас­таған осы қызымен  күні кешеге дейін бір ауруханадан екін­­шісіне жү­гіріп жүріп, ақыры ресейлік дәрі­герлерден ем тауыпты. Анасы қызының дертінен құлан-таза айығып кетпесе де ақырындап беті бері қарап келе жатқанын айтады. Анар жұмыс істемейді, ұдайы үйде. Мүгедек бала күтімі соны талап етеді.

 

Біраз уақыт бұрын ол күйеуімен айырылысыпты. Басқа түскенмен бөлісіп, жанына жалау болмаса да жолдасына реніші жоқ екенін айтады. Бала-шағаны аяққа тұрғызу міндеті әзірге тек Анардың мойнына жүктелген. Жетілмеген төрт бірдей перзенті тұрғанда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Осылайша өмірдің өзі пысытқан көпбалалы ана қазіргі таңда үйде отырып-ақ кәсіптің бір емес, бірнеше түрімен айналысуда.

 

«Үйде отырып істемеген жұмысым жоқ. Ауырған баланы қолыма алып риэлтор да болдым. Қандай жұмыс бар, ешбірінен бас тартпадым. Осыған дейін қызымның күні-түні талмасы ұс­тап, қасында отыруым керек болды. Ол кезде, әрине, жарытып жұмыс істеген жоқпын. Қазір қызымның жағдайы оңалып келе жатқандықтан ойым да, жүрегім де тынышталды.

 

Қарап отырмайын деп тігіншілікпен айналысуды жөн көрдім. Алғашында курсқа жазылдым, ақша төлесін дейтін болуы керек, оқу мерзімін қайта-қайта ұзарта берген соң одан бас тартып, ғаламтор арқылы үйрендім. Тігін машинасын несиеге алып, оюлы жастық, көрпе тіге бастадым. Кейін келе қазақша көйлектер тігуді қолға алдым. Тігіншілікті әлі де үйрену үстіндемін. Қазір той көлігін әрлеуге арналған ұсақ-түйек әшекейлер жасаймын, қосымша әр мейрам қарсаңында шампан бөтелкелерін әшекейлеп сатамын.

 

Бірде бір қыз маған торт пісіруге тапсырыс берді. Мен ол қызға бұрын-соңды тортты тек қонақтарға, балалар­ға ғана пісіріп жүргенімді, керемет кондитер емес екендігімді де айтқанмын. Дегенмен сол пісірген тәтті наным сәтті шықты. Әлгі қызға да ұнады. Осылайша бірінен бірі естіп, тапсырыс алу жалғасып кетті. Алғашында бір аптада 1-2 тапсырыс қана алатынмын. Бірақ одан тапқан ақшам ішіп-жемнен артылмады. Содан жергілікті блогерлерге хабарласып, қолымдағы бар ақшамды беріп, маған жарнама жасауларын өтіндім. Олар мені «Youtube» арқылы жарнамалаған соң петропавлдықтардан тапсырыстар жиілей бастады. Жуырда ғана бір келіншек Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласып, менен торт алды. Қазір тапсырыс жеткілікті, күнімнің көп бөлігі асүйде өтеді», – дейді Анар. 

 

Сондай-ақ ол осыдан 1-2 жыл бұрын бетке жасалатын жапон массажын Екатеринбургқа барып, оқып келген әпкесінен үйреніп алыпты. Мұндай жапон массажы әжімдерді, көздің астындағы ісіктерді, беттегі безеулер мен дақтарды кетіріп, терінің түсін қалыпқа келтіреді екен. Қазіргі таңда Анар тек классикалық емес, нүктелі массажды да қоса меңгерген. Аталған массаж түр­леріне аптасына 1-2 адам сұранатын көрінеді.

 

Анардың келесі бір кәсібі – маникюр жасау. Оған қажетті құрал-саймандарын да түгендеп қойған. Маникюрге келетін тұрақты клиенттері де жеткілікті. Оларға арзандау бағамен жасайды екен. Оның да арнайы курсын оқып, ғаламтордағы «Youtube» каналы арқылы ары қарай білімін тереңдеткен көрінеді. Алғашында маникюрді тек таныстарына ғана жасап үйренген ол қазіргі таңда көпшіліктің де көңілінен шығып жүргенін айтады.

 

Біз Анардан осының бәріне қалай үлгеретінін сұрадық. 

 

«Сағат 6-ға жетпей тұрамын. Балаларымды мектепке жіберген соң әрекетке көшемін. Жалпы, әрбір сағатымды жоспарлап қоямын. Күнде кешкісін ертең қай шаруа сағат қаншада атқарылуы тиіс екенін белгілеп жазып аламын. Телефонмен бос сөз айтып, әлеуметтік желілерде құр отырып, уақы­тымды текке жұмсамаймын. «Іnstagram» парақшама жарнамалау мақсатында өз қолымнан шыққан дүниелердің суретін салып қоюмен шектелемін. Қыздарым да үй тірлігіне көмектеседі. Үйде тазалықты қадағалап отырамын. Шашылып жатқанды ұнатпаймын. Анамыз да бізді солай тәрбие­леген.

 

Өзім бес уақыт намаз оқымасам да әр жұма сайын Құран оқып, Алладан тілек тілеп, балаларымды да соған үйретіп отырамын. Қызымның дертіне шипа сұрап, істеген ісімнің алға басуын тілеймін. Қамыр илесем де ішімнен дұға-сүрелерімді оқып тұрамын.

 

Негізі мен шаршадым деп шағым айтқым келмейді. Алла сұрағанымды берді деп ойлаймын. Ал, жалпы, адам өз ісін сүйіп істесе ешқашан шаршамайды.

 

Санға емес, сапаға жұмыс жасағанды жөн көремін. Шүкір, қазір бәрі дұрыс­талып келеді. Енді бір бөлмелі болса да баспана алуға әрекет жасаймын. Бірақ ол үшін көп еңбектенуім керек», – дейді ол.

 

Сонымен қатар еңбекқор әйел қыста денесіне мұздай су құйынуды әдетке айналдырған. Кеш жатып, ерте тұратын ол өзінің аса шаршамауының сыры осында жатса керек деп түсіндіреді.

 

Шынында да Анарды көпке үлгі етуге болатындай. Тағдырдың түрлі кедер­гілеріне дес бермей, өз арбасын өзі сүйреп жүрген мұндай жандардың арамызда болғаны қашан да жақсы!   

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ