Мұғалім мәртебесі қайтсек көтеріледі?

13.03.2019
Қаралды: 203

Дүниеде мыңдаған мамандық түрі бар. Сол мамандықтар ішінде адамды тәр­бие­леумен қатар білім нәрімен сусындандыру ең жауапты іс болып саналады. Барша жұмыстың ішінде қиын да құрметтісі – ұрпақ тәрбиесі. Жас ұрпақтың бо­йына адамзаттың ұлы қасиеттерін дарытудан артық қызмет болмаса керек.

 

Міне, осындай қызметке бүкіл өмірін арнап, сан ұрпаққа мейірім шуағын төгіп жүрген ұстаздың қазіргі кездегі абыройы қандай дәрежеде? Жастарымыздың хал-ахуалы, тәртібі, мәдениеті қандай?

 

Шындығын айтар болсам, жастардың көпшілігі дұрыс жолда дей алмаймын. Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер арасында үлкенді сыйламау, білімсіздік сияқты жаман қылықтар бой көрсетуде. Ұл балалардың кейбір жүріс-тұрысына қайран қаласың. Бұлар қай жерде өсіп, қайдан тәрбие көрген деген ой келеді.

 

Бұл жерде мен мұғалімді кінәлаудан аулақпын. Ата-ана да өз баласына жаман бол деп айтпайды. Мысалы, мектеп жасындағы баста­уыш сынып оқушыларын алсақ, олар орта буын жасына жеткенше өте мейірімді де ұқыпты, сабаққа қызығушылығы артып тұрады. Осындай кезеңде білімді ұстаз жетіп тұрса, нұр үстіне нұр.

 

Ал енді 8-ші сыныптан, яғни оқушылардың ауыспалы кезеңіндегі уақытта көптеген өзгерістер басталады. Осыған дейін тамаша болып келген оқушылардың жартысынан көбісі жолдан адаса бастайды. Мен тура осы кезеңде тәрбие жұмыстарын одан әрі жандандыру керек деп санаймын.

 

Олар осы жаста өздерін ересек, ақылды етіп көрсеткісі келеді. Өз мұғалімін сыйлаудан қалады. Сабаққа кешігеді, кейде түрлі желеумен мектепке келмей де қояды. Мұғалімге сөз қайтарады, мазақ етеді. Мұғалімнің айтқанын, тапсырмасын орындамайды. Ашуға мінген байғұс мұғалім сәл қаттырақ сөйлеп қойса, дереу ата-анасына жамандап барады. Ұрды-соқты деп өтірік айтады.

 

Бұл жағдайда кейбір ата-аналар түсіністікпен қараса, кейбір ата-аналар мектепке келіп, ақ-қарасын ажыратпай, мұғалімге шоқпарын ала жүгіреді. Сені құртамын, жоғарыға барамын деумен одан әрі мұғалімнің мәртебесін төменге ұрады. «Мектебіңе барып жүре бер. Сені ешкім мектептен шығара алмайды», – деп бұзық ата-ана көргенсіз, тәртіпсіз баласын осылай жігер­лендіріп қояды.

 

Мысалы, жас студенттерді ала отырып, шынын айтар болсам, олардың грантта оқитындары ұқыпты да тәртіпті, сабағын жібермей, мұғалімнің айтқанын екі етпей, әрқашан құрметпен қарайды. Себебі ол шәкіртақысын алып жүр. Оқытушыны шынайы құрметтеп, сыйлап жүрген басқа студенттер де жоқ емес.

 

Ал ақылы бөлімде оқитын студенттердің жартысынан көбісі сабақтан көп қалады, мұғалімді сыйлай бермейді. Арасында талаптылары, жұмыс көзін тауып, оқу ақысын төлеп жүргендері де бар. Ондай студенттерді оқудан шығара алмайсың. Себебі түсінікті жағдай.

 

Ал мектепте жағдай мүлдем басқа. Оқушыға «2» деген баға қойсаң: «Ойбай, «2» қоймаңдар! Ондай баға қоюға болмайды! Жауап бересің!» – деп шулап кететіні бар. Неге? Себебі әркім жауапкершіліктен қашады. Тағы да: «Ойбай, кілең «5» деген бағаны қоя бермеңдер! Арасында бір-екі «4» қойып қойыңдар», – деп тағы шулайды. Сонда кімді алдаймыз?

 

Бұрындары сабаққа қатысуы, тәртібі нашар, білімі өте төмен оқушыларды сыныптан сынып­қа көшірмеуші еді. Сол кездегі тәртіп те, білім де, жауапкершілік те, мұғалімнің абыройы да жоғары болатын.

 

Шынын айту керек, қазіргі таңда мұғалімнің жалақысы қанағаттанарлықтай емес. Мұғалімдерді бөлектей бермей, пайдасыз жаңалықтарды енгізе бермей, еңбек өтіліне қарай жалақыларын көбей­тіп тұрса дұрыс болар еді. «Тест» деген атауды жою керек. Кезең-кезеңімен тәжірибесін ұлғайту үшін оқуға жіберіп тұрса, осының өзі мұғалімнің білімін жетілдіріп тұратынын білдіреді.

 

Тағы айтарым, қазіргі таңда «Білім саласының үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегер­лерін ерекше құрметтеп жатқанын көрген емеспін. Олардың жай мұғалімнен ешқандай айырмашылығы жоқ болып тұр. Онда не үшін осы атақтар беріледі? Осындай атағы бар ұстаздардың жалақысына 30-35 пайыз үстеме қосылып тұрса, мұғалімнің әлеуметтік, материалдық жағдайы жақсарса, абырой-беделі жоғары болса, сонда ғана болашағымыздың жарқын болуына кәміл сенемін.

 

Қайрат УМАРОВ, мұғалім.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ