Майлыошақ тұрғындары бас көтерді

11.02.2019
Қаралды: 405

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Майлыошақ ауылында шешімін таппаған мәселелер баршылық. Жуырда бізге аталмыш ауылдан бірнеше тұрғын хабарласты. Олар Майлыошақта су, газ, электр жарығына қатысты түйткілдердің тарқатылмай отырғанын айтып, бізді ауылдарына шақырды.

 

Жолға шыққан бізге халықаралық дәліз бойынан Майлыошақты табу оңай болмады. Өйткені трасса жиегінде елді мекен атауы жазылған тақтайша жоқ екен. Ұялы телефонмен байланысқан тұрғындар бұрылатын тұсымызды шамалап түсіндірді. О заманда – бұ заман, жол бойындағы ауыл атауының көрсе­тілмегені несі? Әлде аудан әкімдігін­дегілер Майлыошақты елді мекен ре­тінде санамай ма? Осындай ойдың жетегінде ауылға барсақ, тұрғындар бір жерге жиылып тұр екен.

 

Сөзді бастаған Бибігүл Қалтұрсынова (суретте) былай деді: «Сіздерді шақырған себебіміз – елді мекенде мәселелер шаш-етектен. Тұрғындар үшін ең қажеттісі – су. Ауылға су жүйесі тартылмаған. Суды салпылдап басқа жақтан тасимыз да жүреміз. Мұны тиісті орындарға айтып жүргені­мізге бірнеше жыл болды. Сөзге құлақ асар ешкімді таппадық. Ақыры ашынғаннан сіздерді шақырып отырмыз. Айтқанымызды мәселе ретінде көтерсеңіздер екен».

 

Келесі кезекте өзін Клара Қалдыбекова деп таныстырған тұрғын сөйледі. Ол Майлыошаққа «көгілдір отын» жүйе­сінің тартылмағанын айтты. Сондай-ақ телеарнадан өзге ауылдарда су құбырларының жаңартылып жатқанын естіпті. Олардың тіршілік нәрі жүйесіне екінші рет көңіл бөлініп жатқанда Майлыошақта су құбырының мүлде тартылмауына ашынады.

 

Мұнан бөлек, ауылда электр жарығы сығырайып қалыпты. Жаңадан қосыл­ған үйлерге электр сымы бұрынғы трансформатордан тартылады. Нәтижесінде электр қуаты кеміп қалған.

 

Осыларды айтқан Клара Қалдыбекова аудан әкімі есебіне де қатысыпты. Сонда әкімге аталған мәселелердің неге шешімін таппайтынын айта келіп, егер түйткілдер тарқатылмаса телеарналарға шығатынын жеткізіпті. Ал әкім телеарналардың проблемаларды шешіп бермей­тіндігі жөнінде жауап беріпті.

 

Мұнан соң бізге ауыл азаматы Нұралы Тұрғынбаев сұхбат берді.

 

«Майлыошақта көптеген көшелер лай-батпақ, – дейді Н.Тұрғынбаев. – Кей көшелерге тұрғындар өз күшімен тас төсеген. Бірақ ол не болады? Сонымен бірге ауылда стандартқа сай мектеп жоқ. Қазіргі пайдаланып отырған білім ордасы бұрын асарлатып салынған.

 

Бұлардан бөлек, бізге жайылым керек. Бұрынғы мал бағып жүрген жерімізге индустриалды аймақ пен тағы басқа бірдеңе салып тастады. Кейін жайылым беріледі деген уәде далада қалды. Малмен күн көретін жұртқа жайылым қажет».

 

Н.Тұрғынбаевтан соң Әтіргүл Тәші­мова Майлыошақта Қазақстан телеарналарының толық көрсетпейтінін, есе­сіне Өзбекстанның 15 шақты телеарнасы көрсететінін айтты. Сондықтан балалар Өзбекстанның «Боложан» телеарнасын тамашалап, тілдері өзбекшеге бұралып барады екен. «Отау» антеннасын ала алмағандардың қабырғасына бататыны осы жайт.

 

Біз сұхбат алып жатқанда журналис­тердің келгенін естіп, Шарапхана ауылдық округі әкімінің орынбасары Бақберген Тәңірберген келді. Ол кісі халыққа су, газ жүйесінің тартылып, мектептің тұрғызылатынын айтқанымен, бұған көп­шілік сенбеді. Одан біз бұл ауылға аудан әкімінің неге келмейтінін сұрадық. Сөйт­сек ол: «Сіз қызықсыз ба? Аудан әкімі ауылдық әкімдігі бар Шарапханаға келеді», – дейді. Яғни оның  ойынша, әкімшілігі жоқ елді мекенге аудан әкімі емес, тек ауыл әкімі ғана келуі керек секілді. Сонда халықтың жағдайын білу де «субардинацияға» қарап қалған ба? Міне, психология, міне түсінік! Ауылға дұрыс көңіл бөлінбеуінің себебі де осындай «субардинациядан» туындап,  халық соның зардабын көріп отыр-ау.

 

Елді мекенде 190 үй, 1168 тұрғын бар. Бұл іргелі ауылға осы уақытқа дейін неге тиянақты көңіл бөлінбей келген?

С. БАЙБОСЫНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ