Шардараның білектілері шартарапты мойындатты

07.12.2018
Қаралды: 83

Түркістан облысының армрестлингшілері тағы да бір биіктен көрінді. Кешегі аптада олар Қазақстан құрама командасының сапында Малайзияда өткен сыннан жеңімпаз болып оралды. Екі ел құрама командалары күш сынасқан турнирде есеп 6:0 болып, Қазақстанның пайдасына шешілді.

 

 

Армрестлинг (қол күресі) спортынан Қазақстан құрама командасындағы спортшылардың басым бөлігі Түркістан облысынан, оның ішінде Шардара қаласынан. Олар – Шардарадағы осыдан үш ай бұрын ғана ашылған №4 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары. Ал мектеп директоры Арман Қарсыбаев – армрестлинг спортынан Шардараның атын шығарған азамат, осы қаланың төл тумасы. Біз оны кезекті жеңістерімен құттықтап, әңгімеге тарттық.

 

– Арман, сіздің атыңыз туған жеріңізде армрестлинг спортын жолға қойып, дамытумен шыққанын білеміз. Жалпы, бұл өзі қалай басталған еді?

 

– Мен бала кезімнен спортқа құмар болдым. Мал қораға темір-терсек жинап, соларды көтеріп шынығатынмын. Қатарыма достарды тарттым. Кейін жертөледе шынығып жүрдік. Сол кездері үлкейгесін жағдайым жетсе, ауылдың балаларын шынықтыратын мектеп ашамын деп армандаушы едім. Бүгінде осы арманыма жеттім десем болады.

 

Алматыдағы Көлік және коммуникация академиясында оқып жүргенде армрестлинг спортымен айналысқанмын. Сонда оқу орнының чемпионы болдым, қалалық жарыстарда жүлделі орындарды алып жүрдім.

 

Оқуды бітіргесін Шардараға оралдым. Осында, сосын облыста армрестлингтен болған жарыстарда чемпион болдым. Спорт шебері, халықаралық спорт шебері, армрестлинг бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы дәрежелеріне жеттім.

 

Алғашында өз мамандығым бойынша жұмыс таппағасын ауладан спорт алаңшасын жасап, балаларды жаттықтырып жүрген едім. Бәрі осыдан басталды десем болады. Турнирлер ұйымдастырдық, Шымкенттегі жарыстарға шығып жүрдік. Сөйтіп жүргенде мені Шардарадағы спорт мектебіне жаттықтырушы болуға шақырды.

 

Ақыры спорт саласына бұрылыс жасағасын Шымкенттегі институттың дене шынықтыру факультетіне оқуға түстім. Оқи жүріп жұмысымды жалғастырдым. Бүгінде Шардарадағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіндемін.

 

– Шардараның армрестлингшілерінің аты кейінгі жылдары жиі шығып тұр. Біз кезінде ол туралы газетімізде жазғанбыз.

 

– Иә, біздің мектеп спортшыларының жиі көзге түсіп жүргені рас. Алғашында ауыл арасында жарыстар ұйымдастырып жүрсек, кейін облыстық деңгейге шықтық. Сосын Қазақстан біріншілігіне қатысып, онда жеңіске жеттік. Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жеңімпаз болдық.

 

– Өткен қазан айында Түркияда ұйымдастырылған Әлем чемпионатында да сіздің шәкірттеріңіз тамаша көзге түсті. Естуімізше, жарысқа барған Қазақстан құрамасы спортшыларының жартысынан астамы шардаралықтар  дейді. Осы рас па?

 

– Рас. Құрама сапында 60 спортшы болса, соның 44-і – шардаралықтар. Осы жарыста жерлестеріміздің 9-ы Әлем чемпионы атанды, тағы да 9 спортшымыз түрлі жүлделерге қол жеткізді.

 

– Жалпы, сізді жүздеген чемпиондарды тәрбиелеген ұстаз деп атап жатады. Жеңімпаз болған мектеп спортшыларының біразын атап өтсеңіз.

 

– Біздің мектептен армрестлингтен 33 Әлем чемпионы шыққан. Олардың 18-і – өзімнің көршілерім.

 

Одан бөлек, 41 спортшы түрлі жүлделердің жеңімпазы болған, 26-сы Әлем кубогын жеңіп алған. 262 спортшы – Қазақстанның, 157-сі – Азияның чемпионы атағын жеңіп алған. 128 спортшы Азия чемпионаттарының же­ңімпазы, 50 спортшы Азия кубогының жеңімпазы болды. Мектептен 70 халықаралық спорт шебері, 107 спорт шебері, 436 спорт шеберлігіне  үміткер шықты.

 

Армрестлингке қатысты атап айтар болсам, Нұрдәулет Айтахан – жасөспірімдер арасындағы 5 дүркін Әлем чемпионы. Ол ересектер арасында да 4 дүркін Әлем чемпионы болды. Оның жасы қазір 20-да.

 

Қыдырғали Оңғарбаевты да атап өтер едім. Ол 2015-жылы Сеулде өткен халықаралық турнирде өзімен күш сынасқан 37 спортшыны бірінен соң бірін тізе бүктірген болатын. Оның күшіне, шыдамдылығына әлем жұртшылығы таң­қалды десек болады. Қыдырғали – өзімнің шәкіртім, мен оны 6 жасынан бастап жаттықтырған едім.

 

– Сіздердің клубтарыңыз қалай аталады? Онда қазір қанша бала жаттығады?

 

– Клубымыздың аты – «Шардара армспорт». Ол бүгінде №4 спорт мектебінің аясында жұмыс істейді. Жалпы, мектебіміз бен клубтың өзінде бүгінде 1500-ден аса балалар жаттығады. 7 жасар баладан бастап, 21 жас­тағы жігіттерге дейін бар.

 

– Мектепте спорттың тағы да қандай түрлерімен айналысады?

 

– Армрестлингтен бөлек, гір тасын көтеру және ауыр атлетика бар.

 

– Қазіргі жағдайларыңыз қалай? Мемлекеттен көмек бар ма? Материалдық-техникалық базаларыңыз қандай?

 

– Әрине, мемлекет көмектеседі, мектебіміз бюджеттен қаржыландырылады. Бұрын жарыстарда қол жеткізген сыйлықтарды спортты дамытуға жұмсаған кездеріміз болған, қазір де кей-кейде қажетке бағыттап тұрамыз.

 

«Шардара армспорт» клубының жаттығу базасын кезінде өз күшімізбен салып, жабдықтағанбыз. Яғни спортшылардың өздерінің келісімімен жүлде қорынан қаржы жұмсадық. Жүлде қорына шетелдерде болған жарыстарда алған сыйлықтардың белгілі бір бөлігін салып отыратын едік, сол көп кәдемізге жарады. Бүгінде жаттығу базасына қалағандардың барлығы да барып жаттыға алады. Қала ішінен ғана емес, көрші ауылдардан келетіндер үшін де  арнайы автобус жүргізіп қойғанбыз. Армрестлингшілер залы жұмыс істейді. Ашық жаттығу алаңдары бар, спортпен шұғылдануға қажетті барлық құрал-жабдықтар жеткілікті.

 

Мектеп аумағына ағаштар егіп,  абаттандырып қойғанбыз. Арм­рес­тлингшінің мүсінін орнаттық, Шардарада туып-өскен Әлем чемпиондарының портреттері орналастырылған «Чемпиондар аллеясын» жасап қойдық. Армрестлингті барынша насихаттап жүрміз. Соның арқасында бұл спорт түріне қызығушылар қатары артуда.

 

– Сіздерге жақында Хорватия­дан спортшылар тәжірибе алмасу мақсатында келіп кетті. Мұндай аралас-құраластық бұрыннан бар ма, әлде енді басталып жатыр ма?

 

– Шетелдік спортшылармен байланыс екі-үш жылдан бері бар. Бізге Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, Тайландтан спортшылар келіп, тәжірибе алмасып кеткен. Таяуда, осыдан 20 шақты күн бұрын ғана Хорватиядан спортшылар келіп кетті. Осында бір апта болып қайтты. Шетелдіктермен байланысымыз алдағы уақыттарда да жалғасын табады деп ойлаймын.

 

– Алға қойған мақсат қандай?

 

– Осы спорт түрлерін дамыта түсу. Өз басым біреу болса да Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарсам деймін.

 

– Енді отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Қанша бала өсіріп отырсыздар? Спорт саласын таңдағандары бар ма?

 

– Әйелімнің есімі – Гүлмира, ол бүгінде үй шаруасында. Екі ұлымыз бар. Үлкеніміз – Дияр бокспен айналысады, бокстан облыс чемпионы болған. Кішіміз Данияр армрестлингпен айналысып жүр. Ол – армрестлингтен Қазақстан чемпионы.

 

– Әңгімеңіз үшін рахмет, әрқашанда абырой биігінен көріне берулеріңізге тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ