Олардың алманы өзі теретін техникасы бар

07.12.2018
Қаралды: 102

Сайрам ауданының Әйтеке би ауылында «DALA-FRUІT.KZ» деп аталатын шаруашылық бар. Ол өз жұмысын 2013-жылы бастаған.   Бұл компания жоғары технология бойынша алма өсіріп, шырын өндіреді.

 

Кәсіпорын қарамағындағы 110 гектар жерге 215 мың 100 түп алма көшеті отырғызылған. Бұл көшеттер Италия, Түркия, Голландия мем­лекеттерінен әкелінген. Жеміс ағаштарынан бүгінде 18 түрлі алманың сорты алынады.

 

– Жиналған жеміс Ресейге, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Шырындарымыз Шымкент, Жамбыл, Тараз, Алматы қалаларының ірі сауда үйлеріне кетіп жатыр. Жылына 8-10 мың тонна алма, күніне 7-8 тоннадай шырын өндіреміз.

 

Алғаш іс бастаған уақытта көп нәрсені біле бермейтін едік. Сондықтан алдымен жан-жақты зерттеу жүргізіп, басқа да осындай шаруашылықпен айналысып жүрген мамандармен тәжірибе алмасып, шетелдегі көрмелерге қатысып та жүрдік. Жердің құнарлылығы, берілетін судың құрамы, ауа райының қолайлылығы секілді біраз мәселелерге жіті көңіл аудардық. Өнімді жинаған соң оны сақтау үшін ең бірінші қойма керек болды. Сосын италиялық компаниямен келісім шартқа отырып, олардан қондырғылар әкеліп, сыйымдылығы 8200 тонна болатын қойма салдық. Оның құрылысы 2016-жылы аяқталды.

 

Ал шырын өндіретін қондырғыны Польша мемлекетінен арнайы тапсырыспен алдырттық. Цехымыз бір сағатта 2 тонна алманы өңдейді. Оның 65-70 пайызы шырынға айналады. Мысал келтірер болсақ, бұл – 100 келі алмадан 65-70 литрдей шырын алынады деген сөз. Қалдығын малға беруге болады. Мұнда алма езбесін де шығаруға мүмкіндік бар. Әзірге, осы жылдың қыркүйек айынан бері алма шырынын шығарып жатырмыз.

 

Терім кезінде алманың сапасына да көңіл аударамыз. Күніне 20 тонна алма жинайтын екі машинамыз бар. Ол жерде небәрі 7 адам басқарып отырады. Ал сол 20 тоннаны қолмен жинар болсақ, кемінде 40-50 келіден, тіпті бір адам 300 келіден жинағанның өзінде 70-80 адамға дейін жұмыс істеу керек болады. Сондықтан сапасын және жинау өнімділігін жоғарылату мақсатында осындай техниканың көмегіне жүгінеміз. Кереметі сол – алмалар ұрылмайды, ұқыпты жиналады, нәтижесінде ұзаққа сақталады. Мұндай техникаға Қазақстан бо­йынша ең бірінші болып қол жеткізіп отырған да – біз.

 

Қазіргі таңда 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Науқан кезінде жұмысшылар саны 150-ге дейін барады,  – дейді компания директоры Сапар Ержігітов.   

        

Біз қойма меңгерушісі Қайрат Есбергеновті де сөзге тарттық.

 

– Алдымен алмаларды бауда арнайы машина арқылы себеттерге жинап аламыз.  Содан соң оны қоймаға әкеліп, кептіргіш камераға қоямыз. Одан шығарып, мұздатқыш камераға саламыз. Алмалар ол жерде 7-8 айға дейін сақталып тұра береді. Одан соң көлеміне қарай сортталып, ірілері тапсырыс бойынша қажетті жерге жібе­ріледі. Ал ұсақтаулары шырын цехына кетеді.

 

Біздегі құрал-жабдықтардың барлығы шетелден әкелінген. Қоймада 3 кептіргіш және 25 мұздатқыш камера жұмыс істейді. 2017-жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алып, тағы да қажетті құрал алғанбыз, – дейді ол.

 

Алма өндірісін өркендетіп отыр­ған осындай кәсіпорындардың арқасында болашақта Қазақстан нарығы тек өз алмаларымызбен ғана қамтамасыз етілетін болса, керемет емес пе?

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ