62 сиырының әрқайсысы күніне 14 литрден сүт береді

09.10.2018
Қаралды: 106

Сайрам ауданы ет өндірумен қатар сүт өнімдерін өндіру мен өткізуде де алдыңғы қатарда десек, артық айтқандық емес. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ-өзбектің негізгі күн көрісі де осы мал шаруашылығы. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалармен беріліп жатқан қаржыға тек қана мал алуда. Себебі жері сулы, шөбі шүйгін аудан мал өсіруге ыңғайлы. Мұнда әрбір отбасыда кем дегенде 2-3-тен сауын сиыр бар.

 

Манкент ауылының тұрғыны, кәсіпкер Аманулла Бекжанов сүт өндіруді сонау 1990-жылдары бастаған. Бүгінде оның «Манкент-Строй» деп аталатын сауын сиыр шаруашылығы бар. Онда жергілікті 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, оларға 60 мың теңгеден жалақы төленуде.

 

«Өзім шаруаның баласымын, әкеден қалған істі жалғастырып келе жатырмын, – дейді А.Бекжанов. – Менен кейін бұл кәсіпті ұлым Зейнулла дөңгелетеді. Осы 67 жасыма дейін егін де ектім, мал да ұстадым. Шаруашылықтың сан түрлі бейнетін де, берекесін де көрдім. Қазір аудандағы бес ірі шаруашылықтың бірі атандық.

 

Төрт түліктің ішіндегі ең момыны, берекелісі – сиыр малы. Жегенін екі есе молынан қайтаратын жарықтықтың пайдасы көп екенін 40 жасымда әбден түсіндім. Содан бері сүт өндіруді мықтап қолға алдым. Әуелі 35 бас жергілікті сиыр сатып алдым. Солай жылдан-жылға көбейе берді. Қазір 100-ден аса ірі қара бар. Оның 62-сі – сауын сиырлар. Олардың әрқайсысы күніне 14 литрден сүт береді.

 

Бүгінгінің сауыншысы қолына шелек ұстамайды, тек сиырлардың желініне еуропалық үлгіде жасалған арнайы аппаратты кигізіп тұрса болғаны. Қалған жұмыс сол құрылғының қолында. Алынған өнімнің майлылығы, қышқылдылығы тексеріліп болған соң Төлеби ауданының Көксәйек ауылында орналасқан «Фудмастер» ЖШС-іне апарып өткіземіз.

 

Шаруашылықта 2 сауыншы бар, осындағы қалған жұмысқа 2 адам жауапты. «Қалған» деп отырғаным, олар сиырдан басқа 70 жылқы, 100-ге жуық ұсақ малдың жем-шөп, суын беріп, қораның тазалығына қарайды.

 

Екі-үш жыл көлемінде қара ала сиырлардың санын көбейтіп, шаруашылықтың ауқымын кеңейту ойымда. Себебі ауыл шаруашылығы бөліміне жаңа ереже беріліпті. Енді субсидия аламын деген әрбір шаруа мал басын 400-ден асыруы, қора-жайды соған сәйкес ұлғайтуы керек екен. Осы мәселе аздап қиындау соққанымен бұны да еңсереміз ғой.

 

Жанымда кәсібіме қол ұшын беріп жүрген ұлым да өзіме тартқан. Жас болса да шаруашылықты жаны сүйеді. Нағыз еңбек адамы.

 

Өздеріңіз көріп отырғандай, 17 гектар жерде бау және арнайы тоғанда балық та өсіремін. Жаз мезгілінде бұл жер құлпырады. Жеміс ағаштары да, қара тал мен терек, өз қолыммен отырғызған гүлдердің хош иісінен қорадағы жағымсыздау иіс жойылып кетеді», – дейді Аманулла кәсіпкер.

 

Ал бұдан екі жыл бұрын осында жұмыс бастаған Бабажан Өмірзақов былай дейді:

 

«Бала күнімнен мал бағып өскендіктен мұндағы сиыр, жылқы мен ешкі-қойларға қарау аса ауыр соқпайды. Күні бойғы еңбектен соң саялы бауда құстардың дауысын естіп тынығып қаламын. Жалақымды тұрақты аламын. Одан бөлек, жатын орын мен ас-суым осы жерден. Басшымнан мал өсірудің түрлі әдістерін үйреніп жүрмін. Мен де өз кәсібімді бастап, Аманулладай шаруашылықпен айналыс­қым келеді».

 

Ал кәсіпкер А.Бекжанов ауылдан 16 орындық шипажай салмақ ниетте. Кең жерде жанға қажеттінің барлығын жасап қойған ол өз шаруашылығында балық та өсіреді. Балықтың сазан, мөңке (карась) және көкбас (маринка) деген түрлерін бес-алты жыл бұрын Түлкібастан сатып әкеліп, тоғанға жіберіпті. Бүгінге дейін саны миллионға жуықтаған балықты көбейтіп, өсіріп жатқан кәсіпкердің шаруашылығына расында да береке дарығандай.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ