Өмірге құштар Эльмира

19.09.2018
Қаралды: 213

Біз кейіпкер етіп алып отырған ерекше жанның есімі – Эльмира Омарбекова. Ол Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының тұрғыны. Мүмкіндігі шектеулі жан бола тұра ешкімге алақан жаймай, өз ең­бегімен өмірде өз орнын тапқан жандардың бірі. Сөйлескен адамға мінезінің биязылығы бай­қалып-ақ тұрады. Көп сөзге жоқ, сабырлы. Суыртпақтап сұрамасаң, жетістігін жар салып айта бермейді.

 

Қазақтың төл өнері мен өлеңін өзінің өміріне айналдырып отырған Эльмира – бүгінде қолөнер шебері, тігінші, ақын әрі кәсіпкер. Өз қолынан шыққан бұйымдарын таныстыру арқылы таяуда Шымкент қаласында өткен «Халық мұрасы - халық қазынасы» атты көрмеде үшінші орынды жүлделеп, марапатқа ие болды.

 

– Эльмира ханым, қолөнерге қалай келдіңіз?

 

– Қолөнер – бұл менің қызығушылығым. Бойымда осы өнерге деген бір жақындық болды. Оның үстіне мүмкіндігім шектеулі, денсаулығыма байланысты үйде отырған соң менің таңдауым да болған жоқ шығар.  Десек те өзім кішкентайымнан тігінге жақын болдым. Анам жастыққап, көрпеқап секілді дүниелерді тігетін, сол кісінің жанында көмекші болып отыратынмын. Бертін келе қалдық маталардан құрақ құрауға көштік. Анам дүниеден өткен соң да бұл істі жалғастыра бердім. Қазір үйімнен тігін бөлмесін ашып, осы істі өзімнің кәсібіме, негізгі табыс көзіме айналдырып отырмын.

 

– Қандай дүниелерге тапсырыс аласыз?

 

– Наурыз, Жаңа жыл секілді мейрамдарға киетін кешке арналған костюмдерге, көрпе-көрпешелерге, қыздың жасауына қажетті төсек-орындарға, құрақтарға ауыл тұрғындарынан тапсырыс аламын. Оған қоса балаларға арнап киім тігемін және киімнің балақ-жеңін қысқарту, сырма салу деген ұсақ-түйек шаруаларға да ауылдастардан тапсырыс түсіп жатады.

 

– Кәсібіңіздегі көмекшілеріңіз кім?

 

– Басында жұмысшым екеу болған, оның бірі – өзімнің сіңлім. Менде жұмыс жасаған қыз тұрмысқа шығып кетті де, қазір сіңлім екеуміз қалдық. Ол да өз жұмыстарына қарай еңбекақысын алып отырады.

 

– Ақындық өнеріңізге тоқталсақ...

 

– Өлең жазуды 9-10 жасымнан бастадым. Содан бері қаламым қолымда десем болады. Көбіне тәлім-тәрбие беретін, философиялық ой толғайтын, адам тағдырына қатысты тақырыптарға қалам тартқанды жақсы көремін. Өзім Абайдың шығармашылығын жаныма өте жақын тұтамын. «Бастау», «Тасқа біткен жауқазын», «Жеңіс», «Дана ой», «Еліме, Елбасыға тарту еттім», «Қош келдің, ай Рамазан», «Өмір жайлы, өзім жайлы», балаларға арналған «Жыр жұмбақ, сыр жұмбақ» деп аталатын оншақты кітабым бар. Бұл кітаптар 2003 – 2017-жылдар аралығында ауыл, аудан, облыс әкімдігінің, мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрді және кітап таралымына да осы тараптардан жәрдем болды. Сөйтіп кітапханаларға, мектеп ұжымдарына таралды. Ең алғашқы кітабым «Бастау» демеуші қаржысымен басылып шықты, кейінгілері сол кітаптың сатылымынан түскен, өзімнің жинаған қаржымның есебінен жарыққа шықты.

 

– Отбасыңыз жайлы айтыңызшы.  

 

– Отбасында 11 баламыз, мен оныншысымын. Анам мен 16 жасқа аяқ бас­қанда дүниеден озды. Әкеміз соғыс ардагері еді, ол кісі 90 жастан асқанда қайтыс болды. Денсаулығыма байланысты небәрі сегіз сыныптық білім алдым. Бала кезімнен Мәскеуде ем алып, көп жүрген­діктен орыс тілін тез үйреніп кеттім де, орыс мектебінде оқыдым. Одан кейін оқуға мүмкіндігім болмады. Анам тігіншілікке бе­йімдігімді біліп, «мамандық алып беремін» деп жүретін. Өкінішке орай, ол мақсатына жете алмады. Өзім осы Ақбастауда туып-өстім. Бауырларым барлығы үйлі-жайлы, немерелі. Екі ағам өз отбасымен осы ауылда маған жақын жерде тұрады. Өз еңбегіммен тапқан қаражатыма үй сатып алып, ескілігіне байланысты біраз  жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Қазір осында өзім жеке тұрамын.

 

...Эльмираның алғашқы өлеңдері «Оңтүстік Қазақстан», «Шаян», «Ұлан», «Алғабас» газеттері мен «Ақжелкен», «Жалын» журналдарында жарияланған болатын. Қазір де біршамасы «Қазақстан әйелдері», «Жалын» журналдарында басылып тұрады. Жанынан шыққан жырларын халыққа жеткізу мақсатында 2009-жылы оның Алматыда «Қара жолға да қарыз болмаған қыз» атты шығармашылық кеші өтті. Ал 2011-жылы Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Самғау» атты республикалық байқауда әдебиет саласында жүлделі орынға ие болды.

 

«Менің өлкем «Оңтүстік» деп аталады,

Салт-дәстүрі сақталған деп мақталады.

Берекелі, мерекелі жұртым менің,

Жүрегімен, тілегімен ән салады.

Самал желі есетін жазда ерек,

Жанға жайлы Шымкентте болу керек.

Ата-баба үрдісімен өмір сүрсең,

     Бақыт деген басыңа өзі келед», – деп жырлаған Эльмираның бүгінгі жасап отырған тыныс-тіршілігі көпшілікке үлгі боларлықтай. Оның өмір жолы жайында «Жебе» киностудиясы түсірген «Ая. Өмірге құштар қыз» атты  деректі фильм де бар. Иә, Эльмираның жаны ешқашан жалғызсырамайды. Себебі инесі мен қаламын әрдайым қатар ұстайтын оған өлеңі мен өнері қашан да серік.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ