Отырарға туристер ағылатын болады

12.09.2018
Қаралды: 258

Түркістан облысының Отырар ауданында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында арнайы іс-шара болып өтті. Осы іс-шара аясында Отырар қалажұрты маңынан салынғалы жатқан «Отырар қалажұртының сапар-орталығына» «Аманат хат» капсуласын орнату рәсімі болды. Салтанатты жиынға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, болашақ ұрпаққа аманат хат қалдырды.

 

Сапар орталығын салудағы мақсат – Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау, Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау  мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау. Оның базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығы жасалады. Қорық-музейдің функцияларын мәдени ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін көтеріп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау жоспарланып отыр.

 

Сондай-ақ «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасының «Жаңа Жібек Жолы» бағдары бойынша қатысушылар тобы да дәл осы күнгі шараға қатысты. Олар бұған дейін Алматы, Жамбыл облыстарындағы көрікті және тарихи орындарды аралап өткен. Отырар жері – «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы бағдарларының соңғы нүктесі болып табылады.

 

Аталған экспедиция Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілгенін айта кетейік. Ұйымдастырушысы  – Мәдениет және спорт министрлігі Индустрия және туризм комитетінің тапсырысы бойынша «Каzak Tourіsm» ұлттық компаниясы екен. «Жаңа Жібек Жолы» экпедициясының бағдарын «Qazag Geography»  республикалық қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Экспедиция қатысушыларының құрамында тәжірибелі саяхатшылар, туроператорлардың өкілдері, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер, сонымен қоса «NatіonalGeographіc Россия» командасының өкілдері бар.

 

Кездесу барысында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы:  «Өңірлерде ішкі туризмді дамыту жұмысын жалғастыру керек. Бұны өскелең ұрпаққа көрсету, біздің игіліктерімізді ше­телдік туристерге таныстыру қажет», – деп атап өтті. Ол Отырартөбедегі қазба жұмыстарын көріп, онымен толықтай танысып, қайта жаң­ғырудан өткен аудан орталығындағы мем­лекеттік археологиялық қорық-музейіне ат басын бұрды. Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов Отырартөбе мен «Арыстанбаб» кесенесін жалғап тұрған 17 гектар жерде болашақта бой көтеретін нысандардың нобайымен таныстырды. Бұл жерде сапар орталығын қоспағанның өзінде этноорталық, 60 орындық қонақүй, сквер және тағы басқа да  әсем ғимараттар салу жоспарланып отыр. Құрылыс­қа бюджет қаражатымен қоса, инвесторлар да қаржы құяды.

 

Жалпы, Отырар – Орта Азиядағы монғол шапқыншылығына дейінгі ең ірі, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қалалардың бірі. Оған қатысты бүгінде атқарылып жат­қан жұмыстар жан-жақтан келетін туристердің тарихпен егжей-тегжейлі танысуына үлкен жол ашпақ. Сырдария мен Арыс өзендерінің екі жағасында орналасқан мәдени ескерткіштердің әрқайсысы ашық аспан астындағы музей іспетті. Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар – Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Оқсызтөбе және Арыстанбаб әулие кесене-мешіті – тарихи-мәдени ескерткіштер.

 

Сонымен қатар Отырар аймағы ортағасырлық Ислам мәдениетінің гүлденген шағында өмір сүрген, бүкіл қыпшақ даласының атын әлемге әйгілі еткен философ, астроном, математик, алғашқы музыка зерттеушісі, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері арқылы зерттеушілердің назарына іліккені мәлім. Бұл өлкенің мәдени мұрасын зерттеуде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музей қызметкерлері өзіндік үлес қосып келеді. Ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру, бұрын белгісіз болып келген ескерткіштерді іздестіру, тізімге алу, рухани және заттық мәдениетімізге қатысты дүниежүзілік деңгейдегі көне қолжазбалар мен кітаптарды, жәді­гер­лерді жинау, экспедиция ұйымдастыру жұмыс­тары қорық-музейде жақсы жолға қойылған. Археологиялық және этнографиялық жәді­герлер туралы ізденген ғалымдар қор сақтау бөлімінен толық түрде ғылыми мәлімет ала алады.

 

Сапар орталығына ойыссақ, бұл ғимарат кешенді қызмет көрсету мүмкіндігіне ие көрмелік залдары бар музей кіретін, музейлік-көрмелік жүйемен өзара байланыстағы орталықтандырылған қор-сақтағышты жасауға бағытталған. Сапар орталығы жекелеген музейлік заттар түрлеріне (саз, металл, тас, керамикадан жасалған бұйымдар) бойынша арнайы мамандандырылған қор-сақтаушы болып табылады. Музей қорына түсіп отыратын экспонаттар үшін бірінші және екінші қабаттарда экспозициялық залдар қарастырылған. Екінші қабатта барлық залдар үшін қосалқы бөлмелер болмақ. Сондай-ақ орталық қыз­меткерлері үшін жеке компьютермен, принтерлермен, көбейткіш техникамен, сканерлермен, кеңселік жиһазбен жабдықталған жұмыс кабинеттері жобаланған. Реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін жерастылық қабатта арнайы шеберханалар да болмақ. Музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін және де Отырар қалажұртында қазба жүргі­зетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты қарастырылған.

 

Бағдардың қорытынды нүктесі – көне Отырар қаласының орны. Бұл ашық аспан астындағы археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО қорғауына алынған. Қала қирандыларының арасынан көне сарай, мешіттер мен үйлерді көруге болады. Олар қаланың ауқымы мен маңыздылығын көрсетеді. Отырарға таяу Арыс­танбаб сопының мазары орналасқан. Бүгінде бұл Қазақстанның оңтүстігіндегі адам ең көп баратын танымал орын. Бұл жерге күн сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, шетелдерден зияратшылар мен жай туристер келеді. Мұнда соңғы жылдары жақсы инфрақұрылым қалыптасқан.

 

Туризмді дамыту тұрғындардың тұрмысына да оң әсер етері анық. Жергілікті тұрғындар қолөнермен айналысып, кәдесыйлар жасаса, ұлттық нақышта ою-өрнектер салынған бұйымдарды, тоқылған кілем-кестелерді турис­терге ұсынса, ер-азаматтарымыз ат арба, түйелерін қомдап «Отырартөбе – Арыстанбаб – Түркістан» бағыты ақылы қатынайтындай жағдай туса, қызық қой!

 

Мемлекеттің абырой-танымалдылығын, экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыратын туризмнің жергілікті тұрғындарға да пайдасы көл-көсір. Отырардың туризм орталығына айналғандығын қалайтынымыз да сондықтан.

 

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ