Түлкібастың алмасы шетелге де асады

10.09.2018
Қаралды: 409

Бүгінде Түлкібас ауданында алма бау шаруашылығын дамыту мықтап қолға алынған. Осы мақсатта Түркістан облысы облысының әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы және Түлкібас ауданы әкімдігі тарапынан келісім түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Келісім бойынша 2025-жылға дейін алма бауы көлемін 3210 гектарға жеткізу көзделсе, бау-бақша көлемін 1170 гектарға жеткізу жоспарлануда.

 

Жалпы, бұл ауданда бау шаруашылығымен айналысатын 5 серіктестік пен 22 шаруа қожалығы бар. Олардың ішінде «Кентау» ЖШС-і биыл Ресей еліне экологиялық таза 600 тонна Түлкібас алмасын қараша-желтоқсан айларында экспортқа шығарғалы отыр. Аталған шаруашылық және «Көктал» шаруа қожалығы бау өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, оның ішінде Түркия, Польша мемлекеттерінің соңғы үлгідегі озық тәжірибелерін пайдаланып келеді. Бұл бауларда негізінен тамшылатып суғару технологиясы қолданылады.

 

Алма бауларынан молынан өнім алып келе жатқан «Көктал» шаруа қожалығын да ерекше айтуға болады. Өйткені «Кентау» ЖШС мен «Көктал» шаруа қожалығы аталмыш шет ел мамандарын шақырып, үйреніпті. Соның арқасында 230 гектар алма бауы бар «Көктал» шаруашылығы биыл 5 мың тонна алма жинады. Осы ретте біздер аталмыш шаруашылық төрағасымен сөйлескен болатынбыз.

 

2004-жылы жұмыс бастаған «Көктал» шаруа қожалығында 30 азамат тұрақты түрде жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде еңбеккерлер саны 220-ға дейін жететін көрінеді. Бүгінде бұл қожалық қар­қынды бау егуге бел шеше кіріскен. 

 

«Жеміс өсіру шаруашылығында алма сортының ерекше маңызы бар. Сондықтан бау ағаштарын еккенде сорттарды дұрыстап іріктеп алу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сорттың аса маңызды сапалы қасиеттеріне, оның қысқа тө­зімділігі, жеміс беру кезеңінің қолайлылығы, өнімділігі мен жемістері сапасының ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына мән берген жөн. Мем­лекеттің беріп отырған жеңіл­дік­терінің арқасында дәрі-дәрмекті субсидия арқылы алдық. Қазір бізде 15 шақты алма сорты бар. «Бес жұлдыз», «Айдарет», «Алтын алма» секілді сақталуы жақсы алмалар өте өтімді. Таза өнім беретін 100 гектарымыз бар, қалған 140 гектары әлі жас жеміс ағаштары. Екі жылдан кейін олар да жеміс бере бастайды. Алдағы жылдары 4-5 мың тоннадай жеміс аламыз деп үміттеніп отырмыз. Мемлекеттің кәсіпкерлерге жасаған қамқорлығының арқасында төмен пайызбен 5 жылға 300 миллион теңге несие алдық. Жылына 55 миллион төлейміз. Несиеге кеткен шығынды  алынған өніммен жауып отырмыз», – дейді шаруашылық басшысы Бейбіт Төлешов.

 

М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ