«Қытайда 500 мыңнан астам қандасымыздың құқығы тапталуда», – дейді «Атажұрт» ерікті жастар тобының мүшесі

18.05.2018
Қаралды: 30210

Қытайдың Шынжаң өлкесіндегі қазақтардың жергілікті әкімшіліктен түрлі қысым көріп жатқаны соңғы кездері халықаралық баспасөзде жиі айтылып жүр.  Жазықсыз жапа шегіп, түрмеге отырып, соңынан әупірімдеп бостандыққа шыққан кісілер жайлы біздің газетімізде де бірнеше мәрте мақала жазылған. Бірақ, өкінішке қарай, ондағы қандастарымыздың ахуалы күннен-күнге нашарлап жатқан көрінеді. Осыған сәйкес, қазір Қыдырәлі Оразұлы, Серікжан Біләш, Қайрат Байтолла есімді азаматтардың бастамасымен «Атажұрт» ерікті жастар тобы әрбір облысты, әр аудан-ауылды аралап, Қытайдан көшіп келген, бірақ сонда еріксіз қалып қойған туған-туыстарына араша түсуді ойлағандардың үнін жоғарыға жеткізу үшін арыз жинауда.

 

Осыған орай «Замананың» тілшісі таяуда Қыдырәлі Ораз­ұлымен сұхбаттасып, мән-жай­ды білді.

 

– Қыдырәлі мырза, қандас бауырларымызға араша түсіп жатқан істеріңізге сәттілік тілейміз! Жағдайларыңыз қалай? Қандай жұмыс­тар жүргізіліп жатыр?

 

– Рахмет. Дәл қазір біз Шығыс Қазақстанда, Аягөзде жүрміз. Осындағы Жарма, Зайсан аудандарына, Ақсуат ауылына арнайы ат басын тіреп, ондағы халықпен кездес­пекпіз. Семейге, Өскеменге де барамыз. Мақсатымыз сол – Қытай саясатының кесірінен әке-шешесімен, күйеуімен, әйе­лімен, туыстарымен байланыса алмай қалған кісілерге құқықтық көмек беру.

 

Осыдан бір жыл бұрын «Атажұрт» деп аталатын ұйым құрайық деп өз арамызда шешім қабылдап, заңды түрде тіркелуге тиісті құжаттарды өт­кіз­генбіз. Бұйыртса, осы мерекеден кейін тиісті құжатты алып қалармыз деген үміт бар. Бірақ оған дейін қарап отыру біздің азаматтығымыз­ға сын емес пе? Қытайдағы қазағымыздың әр күні, тіпті әр сағаты азапқа, қауіп пен қатерге ұрынып тұрғанда құжатты күтіп жатқанымыз жарамас, одан да еріктілер ретінде елді аралайық деп ойладық.

 

Бас-аяғы елу шақты адамбыз, күні бүгінге дейін Талдықорғанның төңірегін түгел ара­лап шықтық. Сосын Үшарал, Сарқан, Үржар, Мақаншы жаққа да барып, халықпен кездестік. Көбісінің заңнан хабары жоқ, өздігінен қайда барып арызданарын білмейді. Міне, осындай жандармен біз бірігіп жұмыс жасаудамыз.

 

– Жалпы, сіздерде нақ­ты бір есеп бар ма? Бүгінгі таңда қанша қандасымызға көмек керек екен?

 

– Ресми санаққа сүйенсек, Қазақстанға Қытайдан 200 мың­ға жуық қазақ көшіп келген екен. Солардың арасынан 500-дей адам туысынан тірідей айырылып отыр. Яғни ықтияр­хат алып, осында келген азаматтарды алдап-арбап түрлі себептермен қайта шақы­рып алған да, қамауға алып, кері қайтармай қойған. Ал енді бүгінде Қытайда біздің 3 мил­лионға жуық қандасымыз тұрады. Соның 500 мыңнан астамы қазір жазықсыз зардап шегіп, құқығы тапталып отыр.

 

– Қытайдағы қандастарымызбен байланысып, жағдайын біліп тұрсыздар ма? Олар не дейді?

 

– Өкінішке қарай, ешқайсысымен байланыса алмай отырмыз. Себебі ақпарат көз­де­рі, әсіресе телефон секілді құрылғылар тыңдалатын болған. Қатаң бақылауда. Бізбен сөйлессе бастары бәлеге қалатынын біліп, олар үн-түнсіз отыр. Жағдайларын тек қамау­дан босап, елге келген кісілер арқылы сұрап отырмыз. Олардың өзі ауыз ашуға қорқады. Балаларыма, туыстарыма кесірі тие ме деп ойлайды. Сөзде­рінен түсінгеніміз, ауылдардағы мешіттердің бәрі қиратылып жатыр екен. Кейбірінің күмбезін алып тастап, түнгі клубқа айналдырып алған дейді. Ал енді осындай бассыздықтарды видеоға түсірмек түгілі, қасында қарап тұрған қазақтарды қамауға алып, азаптап жатқан көрінеді. Әлгіндей күйеулері қамауға алынған әйелдерге Қытайдың өзге қалаларынан еркектерді әкеп, «туыстастыру саясаты» деген мақсатпен бір үйде тұруға мәжбүр­леп жатыр дегенді естідік. «Балаларыңа қытай тілін үйре­теді» деген желеумен біздің қазақ әйелдерін өздері иемденіп кетпек мақсаттары бар.

 

– Жалпы, қандай да бір айып тағылмаса түрмеге қамау заңсыз ғой. Олардың түрме дегені қандай жер екен?

 

– Дұрыс айтасыз, жазықсыз жанды түрмеге қамау заңсыз. Осыны білген қытайлар «Саясат үйрету орталығы» деген лагерь секілді бірдеңе ойлап тапты. Ол мынау Германияның соғыс кезіндегі конц­ла­герьлері секілді ғой. Бауырларымыздың айтуынша, ондағы жатқандар үш түрлі тәсіл­мен жазасын өтейді екен. Біріншісі – жеңіл түрі, яғни қазақтар таңнан кешке дейін әлгі орталықта болады, кешкісін үйіне жіберіледі. Екінші топтағылар тек аптасына бір мәрте ғана үйіне барып, балаларын көре алады. Үшінші топтағы қазақтар сол орталықтан аттап баспайды. Сырт­қа шығуға тыйым салынған. Ал ауылда тұратындардың ба­сым бөлігі үйқамаққа алын­ған. Тек әжетханаға ғана шыға алады. Қолына «JPS» сағат тағылған, әр қадамы аңдулы.

 

Бір күйінетінім, әлгі лагерьлерде қазақтың 70-ке, 80-ге келген қария­лары, әже­леріміз де жатыр екен. Оларға мәж­бүрлі түрде қытай тілін үйрету саясаты жүргізілуде. «Бір орында тапжылтпай 4 сағат отырғызып қояды, жатарда аяқтары кісендеулі болады» дегенді де естідік. Бұл деген барып тұрған айуандық емей немене? Осындай жағдайларды ести тұра қалай қам-қарекетсіз жатпақпыз?

 

– Бұл жағдайды біздің билік, Сыртқы істер минис­трлігі естіген болар? Олар қандай шара қолданып жатыр?

 

– Осыдан тура бір жыл бұрын, мамыр айының 11-і күні Сыртқы істер министрлігіне хат жолдағанбыз. Содан бері олар қарап отырған жоқ. Министрдің орынбасары бірне­ше мәрте Қытайға арнайы барып қайтты. Тіпті наразылық нотасын жіберді. Бірақ оған да мардымды жауап болмады. Әнеукүні ғана Қы­тайға министрдің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің өзі арнайы барып келді. Осы жұмыс­тардың нәтижесінде Қазақстан азаматтығын алған, бірақ қа­мауға алынған тоғыз азаматтың жетеуі елге оралды. Таяу уақытта қалған екі кісі де аман-сау келеді деген үмітіміз бар.

 

Ал енді Қытайдағы қазақтардың көбі сол елдің азаматы болғасын, оларға араша түсу әзірге қиындау болып тұр. Осы себепті біз арыз жинап, оны Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропа Парла­ментіне, Халықаралық адам құқық­тарын қорғау ұйымына жеткізбекпіз. Бүгіннің өзінде бұл мәселе АҚШ-қа жетті. «Ассошиэйтед  пресс» ақпарат агенттігінен тілшілер келіп, түсіріп кеткен. Соның арқасында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының Лау­ра есімді орынбасары: «Егер бұл мәселе өз шешімін таппаса Қытайға санкция саламыз», – деп мәлімдеме жасады. Яғни бұл мәселе аяқсыз қалмайды, қы­тайлықтар заңсыз тірліктері үшін әлі жауап беретін болады деп сенемін.

 

– Сіздіңше, олардың мұн­дай әрекетке баруына не себеп?

 

– Меніңше, мұның үш себебі бар. Олар Қытайдағы қазақтардың өз жеріне көшіп барғанын қаламайды. Олай болған жағдайда біздің елдің алынбас қамалға айналарын, қуаты артатынын, шекаралық аймақтарға қазақтардың қоныс­танатынын іштей біліп отыр. Білгендіктен Қазақстанға көшіп келуге барынша кедергі жасау­да. Бірінші себебі – осы.

 

Қазір бүкіл әлемде геосая­си жағдай ушығып тұр. Қытайдың Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен, Үндістанмен қарым-қатынасы жақсы емес. АҚШ-тан да әртүрлі қысым жасалып жатқаны белгілі. Осы себепті сыртпен қандай да бір соғыс басталып кетсе, онда іштен де жаппай қарсылық орын алатынын олар жақсы түсінеді. Яғни ассимиляцияға түскен тибеттіктер, ұйғырлар да бас көтеруі мүмкін. Ондайда қазақтардың да қарап қалмай, Қазақстанға қосылғысы келетіні белгілі. Ал оның соңы Қытай жерінің біраз бөлігінің Қазақстанға өтіп кету қаупін тудырады. Бұл – екінші себебі.

 

Үшіншіден, олар кез келген тәсілмен қазақтарды қытайландыруды көздеп отыр. Ислам дініне қарсы шығып, мешіттерді қиратуы, имамдарымызды түрмеге тоғытып, ба­лаларға, тіпті қарттарға дейін қытай тілін мәжбүрлеп үйре­туінің өзі осыған келіп саяды. Мұны ашық түрде жасайын десе қазақтардың өз атамекені бар. Содан ғана сәл-пәл аяқ тартып отыр. Әйтпесе олар бұдан да сорақысын істер еді.

 

Айтпақшы, қазір ауылдарда жаназа шығаратын имам қалмапты. Көрші ауылдан шақыртса: «Сенің бұл ауылда жаназа шығаруға рұқсатың болмаған», – деп қамауға алып жатыр екен. Осыларды ойласам, ет-жүрегім езіледі. Құдай қандастарымызға сабыр берсін деп күн сайын тілеп отырамын.

 

– Істеріңізге сәттілік тілей­міз.

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

Қыдырәлі Оразұлының байланыс

телефоны: 8-707-266-88-99.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ