«Егінді қорықпай еге беруге болады», – дейді шымкенттік ауа райын болжаушы азамат

17.04.2018
Қаралды: 233

Сәуір айының жаңбырлы болып басталуы, кей күндердің суық болуы диқан қауымды ойландырып отыр. Олар алдағы ауа райының қандай болатынын білгісі келеді. Осыған орай шымкенттік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайдан өз болжамдарымен бөлісуді сұрадық. Өйткені оның жыл сайын 22-нау­рызда ұзақ мерзімдік болжамдар жасайтыны белгілі.

 

«Биыл да 22-наурызда халық болжамдарына, табиғат заңдарына сүйеніп, аспан денелерінің қозғалысына қарай отырып болжамдар жасадым, – дейді Н.Қозыбай. – Менің болжамымша, биыл­ғы көктем жаңбырлы болады, жаңбыр шілде айына дейін жалғасады. Шілдеде де жаңбыр жауып кететін күндер кездеседі. Егін егемін дегендер құрғақшылық болады деп қорықпай-ақ іске кірісе берсе болады.

 

Суармалы емес, тәлімі жерлерге егін егетін адамдардың табиғатқа тәуелді екені белгілі. Олар бидай, жоңышқа, мақсары тұқымын, жанармайды, тыңайтқышты сатып алады. Өзінде қаржы болмағандықтан банктен несие алатындар да бар. Олар шығынды қайтаруы, қарыз өтемін беруі керек. Ал ол үшін бітік егін алу қажет, банкрот болмауы тиіс. Сондықтан да шаруаларға керегі – ұзақ мерзімдік ауа райының болжамы. Осы орайда оларды биылғы жыл жаңбырлы  болатынын айтып қуантқым келеді».

 

Нұрекең осылай дейді. Ол тамыз айына дейінгі ауа райына мынадай болжамдар жасап отыр:

 

Сәуір айының алғашқы онкүндігі жаңбырлы болады. 10 – 16-сәуір аралығында  да жаңбыр жауады, күн суытады. Бұл өлара кезең болғандықтан таулы аудандарда қар жауып кетуі де мүмкін.

 

Бұдан кейінгі жаңбырлы күндер 23 – 25-сәуір аралығын қамтиды.

 

Ашық күндер айдың екінші жартысында болады. Ауа райы 20 – 25 градусқа дейін жылиды.

 

Мамыр. 1 – 4-мамыр, 10 – 15-мамыр, 20 – 25-мамыр арасы жауын-шашынды болады. Жаңбыр бұл аталғаннан басқа күндері де жаууы ықтимал.

 

Маусымның 1 – 3-інің, 9 – 13-інің, 20 – 23-інің аралығында да жаңбыр жаууы тиіс.

 

Шілде. 1 – 2-шілдеде кей жерлерде жаңбыр жауады. 10 – 13-шілдеде таулы аудандарда жауын-шашын болады.

 

Тамыз айында 40 градус үстіндегі ыстықтар болуы тиіс.

 

«Биыл егін егуге қолайлы жыл болады. Бидай бітік, шөп шүйгін өседі. Көшетті, ағаштарды көптеп еге беру керек, олар тез тамырлайды, суғаруға шығын аз кетеді», – дейді Н.Қозыбай.

 

Ол биылғы жылдың мақта шаруашылығына қолайсыздау тиюі мүмкін екенін айтады. Мақта егерде сақтық керек, ашық күндерді дұрыс таңдаған дұрыс болмақ. Оның болжамынша, жаңбыр көктемде көбінесе түнде жауып, жерде ылғалдың ұзақ сақталуына әсер етеді екен.

 

Нұрғабыл Қозыбай өзінің алдағы ауа райына жасаған болжамдарымен осылай бөлісе келе тағы бір мәселе жөнінде айта кетті.

 

«Маған негізі ауа райынан гөрі экономикаға болжам жасаған оңай. Өйткені ол сала ауа райы немесе саясат сияқты мың құбылып, көп өзгере бермейді. Ал экономиканы көтерудің негізгі тетігі – ауыл шаруашылығы мен индустрияда. Мен еліміз тәуелсіздік алғаннан бері экономиканы зерт­теумен де айналысып жүрмін. Жоғарыдағылар қолдаса, еліміздің экономикасын тез арада көтеріп жіберетін жолдарын айтып беруге де дайынмын», – дейді ол.

 

Қысқасы, ауа райына және басқа да мәселелерге қатысты кеңес аламын деушілер болса, шымкенттік Нұрғабыл Қозыбаймен телефон арқылы байланыса алады.

 

Р. ҚЫДЫР.

Нұрғабыл Қозыбайдың

байланыс телефоны: 8-702-111-24-96.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ