Қазаққа келін болған қырғыз қызы

13.03.2018
Қаралды: 345

Қаратаудың етегінде қоныс тепкен, табиғаты тамаша, шағын ғана Кемербастау ауы­лында 82 жастағы Еркегүл Қабылбекқызы деген Батыр ана  тұрады. Бар ғұмырын ауылда өткізген ол кісі – өмір жолы өз­геше қалыптасқан жан.

 

Ол кісі 1936-жылы көктемде Қырғызстанның Талас облысындағы Киров ауданына қарасты Аршағұл ауылында дүниеге келген екен. Ол Аршағұлда жасы 5-ке толғанша ғана тұрыпты. Әкесі Қабылбек еңбек армиясынан жарамсыз болып оралған соң, 1943-жылы Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы «Высокое» селосына қоныс аударады. Еркегүл, Анар, Бұрылхан деген үш қызы бар отбасы Түлкібас өңіріне сонау Талас облысынан жаяу-жалпы, есек арбамен жетеді. Келіп, орналасқасын мал шаруашылығы саласында еңбекке араласады. Жергілікті колхоз басшылары  бұл отбасының алдына бір отар қой салып береді.

 

«Ол өте бір ауыр кезең еді ғой, – дейді Еркегүл апа сол бір қиын жылдарды күрсіне еске алып. – Жұмыс деген шаш-етектен. Бір дамылдап, тыныш отыру деген жоқ. Жылдың төрт мезгілінде қойдың соңында болып, өз қолымызбен жем-шөбін әзірлейміз. Құлайын деп тұрған мал қораларды жаздай жөндеп, көң мен қиын қолмен шығарып, тазалап қоямыз. Ал қой төлдейтін сақпан кезіндегі қарбаласта ұйқы дегенді мүлде ұмытамыз. Бала болып бір сәт те армансыз ойнап көрмеппіз. Күндіз-түні жұмыс­тан қолымыз бір босамайды. Оның үстіне күнара ауданнан өкілдер келіп, жұмысымызды тексеріп, тапсырма беріп кетіп жатады.

 

Әйтсе де біздің Қазақстанға келгеніміз жаман болған жоқ. Анам Наркүл ылғи қыз бала туа бергендіктен ұл бала болуы үшін жер ауыстырып келген  едік. Бұл біздің әулет үшін қолайлы болды. Жабағылы  ауылында, тау бөктерінде орналасқан «Көктерек әулиеге» барып,  Жаратқанға мінәжат еткен анам Наркүл 1949-жылы Әбдірасыл есімді інімді дүниеге әкелді. Бұл бәріміз үшін аса қуанышты жағдай болды.

 

Біздің отарымыз көп кешікпей Иірсуға көшті. Біз ол жердің адамдарымен танысып, бірге жұмыс істедік. Солардың ішінде сөзі дуалы, жүрісі ширақ Мәлік деген кісі де болды. Ол менің елгезектігімді, тын­ды­рым­дылығымды көптен бері байқап жүреді екен. 1952-жылы наурыз айында мені көп сөзге жоқ Әлтеев Кеңесбай есімді біртоға, момындау жігітпен таныстырды. Содан бір күні шай ішіп келейік деп мені қоярда-қоймай үйіне шақырды. Ол кезде мен 16 жастағы қызбын. Ойымда ешнәрсе жоқ. Әке-шешем қойдың соңында. Кешке дейін келіп қалатын шығармын дедім де, үйдің есігінің  сыртын шыбықпен тіреп, әлгі кісімен кеттім. Аңғал басым, ол кезде басқа үйдің табалдырығын аттай­тынымды қайдан білейін? Қысқасы, сол күні мен Кеңесбайдың өмірлік жары болып шыға келдім.

 

Мен келін боп түскен үй өте жадау тұрады екен. Жетім бала, жесір әйел. Күйеуге шыққан үлкен әпкесі Ұлбосын, Кеңесбай және сол кезде бірінші және екінші сыныпта оқитын қайындарым Бекежан мен Ауғанбай бар. Мен кейін оларға қазақтың дәстүрімен Мырзаға, Төрежан деп ат қойдым.

 

Сонымен, әке-шешем қазаққа қыз бермейміз деп қанша тулағанымен болмай, 16 жасымда Иірсуға келін болып түстім. Ол ел тұрмысының тым жүдеу кезі еді ғой. Әркім-әркімнен бидай сұрастырып, ағаш табақ жинап, бидай ботқамен беташарымыз өтті. Жиналған жұрт ботқадан дәм татып, қазанға қайнаған шайдан ішіп, бізге ақ баталарын берді.

 

Осылайша менің екінші өмір жолым басталды. Тым жас екенімді, әлі бала екенімді жүрегімен ұққан Ділдәкүл енем мені өз тәрбиесіне алды. Ақылын айтып, үйде не істеу керектігін үйретті. Бастапқыда ертоқымын астына алып тулаған әке-шешем мен бауырларым кейін жағдайымды біліп, үйге келіп-кетіп жүрді де, 1954 жылы Қырғызстанға көшіп кетті. Елге барған соң анам тағы да өмірге Құрманбек есімді ұл ба­ланы  әкеліп, шаңыраққа шаттық сыйлады.

 

1955-жылы өмірлік қосағым Кеңесбай әскер қатарына кетті де, үйдегі бар ауыртпалық енем екеуіміздің мойнымызға түсті. Бірақ сонда да тарықпай, колхоздың жұмысын істей жүріп екі қайнымды қатардан қалдыра қойған жоқпыз. Күндіз жұмыста жүріп, кешке қарай басшылардың көзін ала бере егіс алқаптарынан масақ теретінбіз. Оны түнде қол диірменнен өткізіп, талқан жасаймыз немесе бидайды қуырып жейтінбіз. Қиындықты қанша бастан кешсек те мойымай жүрдік.

 

Кеңесбай үш жылдық  әскерден келген соң колхоздан өз алдымызға бір отар қой алдық. Уақыт өте келе жағдайымыз жақсарып, тұрмысымыз да түзеле бастады.

 

1961-жылы жаныма жалау болған аяулы енем Ділдәкүл қайтыс болды. Қайындарым өсіп-жетілді. Үлкен қайным Мырзаға мединститутты бітірсе, кіші қайным Төрежан да өз несібесін еңбекпен тапты. Құдайға шүкір, қанша қиындық көрсек те оған мойымай, өмірге 10 перзентті әкеліп, оларға Кеңесбай екеуміз жан-жақты тәрбие беріп өсірдік, өмірден өз орнын табуына ықпал жасадық.

 

Жарық дүниеге қырғыздың қызы болып келіп, қазақтың келіні атанып жүргеніме 66 жыл болыпты. Бүгінде төркін жұртыммен де жиі араласып тұрамын. Олар да мені ұмытпай, жыл сайын хал-жай сұрап келіп тұрады. Бір қызығы, әңгімеміз екі түрлі болады. Бауырларым маған қырғызша тіл қатса, мен оларға қазақша жауап қайтарамын. Өйткені менің бар өмірім қазақ арасында өтіп жатқан жоқ па?

 

Қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов – менің ағайыным, Шекер ауылынан. Олармен де кезінде жақсы араласып тұрдық. Әке-шешемді қадір тұтып, боз үй тігіп, төрінде кү­тетін.

 

Мен төркінімнен 5-6 жасымда кетсем де туған жерімді ұмытпаймын. Әр барған сайын ескі көз ағайын-туыстарымды аралап, есендіктерін біліп тұрамын.

 

Шынын айтқанда, осы өміріме ризамын. Құдай қосқан қосағымның өмірден ерте кеткені болмаса... Бүгінде он перзентімнен 35 немере, 30 шөбере сүйіп отырмын. Қазақ халқына келін болып түскеніме де өкінбеймін. Өз қазағым да, төркін жұртым да әрдайым аман бол­сын. Құдайым елімізде тек тыныштық, мамыражай заман орнасын. Мұны 82 жастағы қырғыз қызының, қазақ келінінің аналық ақ тілегі деп ұғарсыңдар. Менің бар айтарым осы, шырақтарым».

 

Біз  Еркегүл апамыздың қанша қиын­шы­лықтарды бастан кешсе де бәріне төзе білген қайсар мінезіне тәнті болдық. Апамыздың осы бір тамаша сәтін суретке түсіріп, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап қоюды да ұмытқан жоқпыз. Әрқашан да деніңіз сау, аспаныңыз ашық болсын, Еркегүл апа, ұрпақтарыңыздың рахатын көре беруіңізге тілектеспіз.

 

О. КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ