Делдал әйел – Қарқара

13.02.2018
Қаралды: 502

Жақында Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы мал базарында делдал қызметін атқарып жүрген бір әйелге еріксіз назарымыз ауды. Мал сатушы мен алушыны өзара бітімге келтіріп жүрген онымен реті келген кезде таныстық. Үстіне әскери форма секілді киім киген Қарқара Досалиева ашық-жарқын мінезді жан екен.

 

 

«Мен 1973-жылы осы ауданның Шұ­бар елді мекенінде дүниеге келгенмін, – деді Қарқара Досалиева. – Орта мектепті 1990-жылы Отырар ауданының Ақтөбе ауылында бітірдім. Өзім үйдің тұңғышымын. Бойжеткен шағымда анам өмірден өткен соң бауырларымды жетіл­діру үшін жұмыс істеуіме тура келді. Шымкенттегі тігін фабрикасында еңбек етіп жүргенімде осы ауданда тұратын бір жігітке тұрмысқа шықтым. Бірақ дәм-тұзымыз жараспады. Онымен ажырас­қан соң бауырларыма қарайлаймын деп үйде жүрдім де, 23 жасымда  Тиышбек Тұрғанбаев деген азаматқа  тұрмысқа шықтым. Отағасы менен тұп-тура 30 жас үлкен. Ол кісі маған үйленер алдында әкемнің алдынан өтті, батасын алды. Со­сын екеуміз отбасын құрдық».

 

Тиышбек аға зейнетке шыққан соң Темірландағы мал базарында дел­далдық ете бастапты. 2006-шы жылдан бастап Қарқара да әр базар сайын күйеуінің жанында жүріп оған көмектеседі. Қал­ған күндері ерлі-зайыптылар облыс ау­ма­ғында өзге базарлардан мал әкеліп сатумен айналысқан. Осылай бірнеше жыл зулап өте шығады. Бұл аралықта ер мінезді келіншек делдалдық қызметтің қыр-сырына қаныға түседі. Бала-шағаны асыраймын деп жүріп тіпті неше түрлі оқиғаларды да бастан өткізгенге ұқсайды.

 

 «Келе-келе базарға өзім жалғыз шыға бастадым. Отағасының қан қысымы жоғары еді, сондықтан осылай етуге тура келді. Мен осыған дейін де, тіпті аяғым ауыр кезде де ешқашан үйренген жұмысымнан қалған емеспін. Өйткені отбасын асырауым керек емес пе? Тіпті соңғы екі ұлымды да босанғанша осы жерде жүрдім. Сол кезде ішіме зиян келмес пе екен деп бір сәт те ойланған жоқпын. Босанған үш аптадан соң шақалағымды үлкен ұлыма тапсырып, қайтадан базарға шығып кеттім. Түнгі сағат 4-те баламды емізіп, үйден шығып ке­темін. Содан түске дейін базардамын. Бұл аралықта бала жыласа, үйдегілер оған «Нестажин» секілді жасанды қоспаны беріп жүрді.

 

Әрине, қазір айтуға оңай. Жалпы, делдалдық ету маған оңай тиген жоқ. Алғашқыда менің сыртымнан күлгендер, тіпті мысқылдағандар жеткілікті еді. Бірақ уақыт өте олар кімнің кім екенін ажырата білді. Осы аралықта басымнан талай оқиғалар өтті.  Тіпті ұрланған малдың сатылғаны үшін талай рет ішкі істер бөліміне баруға тура келген жағдайлар кездесті.

Негізі бұл жұмыстың мен үшін қиындығы да, қызығы да мол. Делдалдық кәсіпті қазір де жеңіл дей алмаймын. Өйткені мал сатушы мен алушы екі жақтың да көңілінен шығу оңай емес. Мұн­дайда әсіресе ептілік керек-ақ. Бұл үл­кен шеберлікті талап етеді. Себебі базардағы сен қоятын баға екі жақтың да көңілінен шығуы тиіс.

 

Жалпы, жоғарыда айтқанымдай, делдал деген оңай шаруа емес. Өйткені, басқасын айтпағанның өзінде, көлікпен келген малды да өзің түсіріп алуың керек. Өзім әу баста «клиенттерді» соған үйреткенмін.

 

Осы жылдар ішінде талай рет қолым да сынды, тіпті еркектерше төбелескен кездерім де болды. Мысалы, тиесілі ақысын бермей кетіп бара жатқан адамды мен неге жайдан-жай жібере са­луым керек? Ондайда әлгі адамға бір-екі рет айтамын. Көнбеген жағдайда еріксіз жағаласуға тура келеді. Мен кез-келген жолмен ақымды алмай қоймаймын.

 

Қалтамда үнемі жіп, пышақ жүреді. Мысалы, жіп малдың аяғын байлауға, ал пышақ союға тура келгенде қажет. Бірақ оны ешқашан теріс мақсатта пайдаланбаймын.

 

Айтпақшы, қысы-жазы еркектер секіл­ді киінемін. Себебі бұл киім мен үшін өте ыңғайлы. Базарға барарда бірде-бір рет әйел секілді көйлек киіп бармағанмын. Неге десеңіз, базарда сүрінуің, тіпті құлауың мүмкін. Жүк көлігінің үстіне шығуға тура келеді. Ондайда етегің ашылып жатса жұрт күлмей ме? Ал үйде жұрт­тың әйелдері секілді қарапайым киінемін», – дейді делдал әйел.

 

Тиышбек аға мен Қарқараның бес ұл-қыздары бар. Тұңғышы Бұрхан Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінде сырттай оқиды. Болашақ мал дәрігері қазір Семей қаласында азаматтық борышын өтеп жүр. Одан кейінгі Бота Темірландағы мектеп-гимназияның 9-шы сыныбында. Серіхан Шымкент қа­ла­сындағы Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектебінде білім алуда. Шерхан мен одан екі жас кіші  Ерхан мектепте оқиды.

 

Қарқарадан сөз арасында білгеніміз, олар Тиышбек ағаның алдыңғы отбасымен де жақсы қарым-қатынаста. Биыл 76 жасқа келген қарияның ұл-қыздары бала-шағаларымен оның үйіне келіп тұрады екен. Қарқара әр аптаның сей­сенбі және сенбі күндері тауық шақырмай жатып мал базарынан табылады. Өзінің сөзімен айтқанда, бұл күні оған ауыруға уақыт жоқ.

 

Ол той-томалақ, құдалыққа бара қал­са, міндетті түрде үйге ертерек қайтуға асығады. Табысы көп те емес, дегенмен ел қатарлы күн көріп жүргенін жа­сы­р­майды. «Денсаулығым бар кезде делдал­дығымды тастағым жоқ. Өйткені бұл кәсіп менің ғана емес, отбасымыздың күнкөрісіне жарап тұр. Жағдайымыз жа­ман емес, ел қатарлы баспанамыз, ескілеу болса да жүріп тұрған жеңіл кө­лігіміз бар. Сондықтан қаншама жыл бойы айналысып келе жатқан іспен бүгін-ертең қош айтысамын дей алмаймын», – дейді Қарқара Досалиева.

 

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

Қарқара Досалиеваның байланыс телефоны: 8-777-497-43-06.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ