Желтоқсан, қаңтар менен сол бір екі ай...

09.01.2018
Қаралды: 683

Таяуда шымкенттік ауа райын болжаушы азамат – Нұрғабыл Қозыбай бізге бір өзгеше жазбалар әкеліп тапсырды. 

«Өзгеше» деп отырған себебіміз – ол орыс тілінде жазылған, онда  славянтектес ұлттардың жыл – он екі айдағы табиғат құбылыстарына қатысты болжамдары келтірілген. Кімге де болса пайдасы тие жатар деген оймен оның қыс айлары мен көктемнің бірінші айына қатыстыларын қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

Сонымен...

Желтоқсан. Ызғар. Үскірік.

Егер бұл айда қырау қалың тұрса, қар төбе болып үйіліп жатса, топырақ тоң болып қатса, онда алдағы жылы астық бітік шығады деген сенім бар. Қар дуалға жақын жиналса – жаз маусымы жайсыз, ал егер ол дуалдан сәл қашық жатса, онда егін мол өнім береді деп қуанады. Бір тәулікте күн райы қанша құбылса, қыс маусымы да соншалықты құбылатын болады.

9-желтоқсанда құдықтағы су тыныш жатса, онда қыс жылы болады, ал егер онда қандай да бір құбылыс байқалса, жел тұрады немесе аяз қысады деп күте беріңіз.

13-желтоқсанда жұрт құдықты екінші мәрте барып тыңдап көріп, оны 9-желтоқсандағы күйімен салыстырып көретін болған.

18-желтоқсанда мұржадан түтін тіке, түзу шығып жатса, аяз болады деп, ал ол төмен жайыла шұбатылса, ауа райы бұзылады деп күткен. Ал егер желсіз кезде түтін жер бауырлап шықса, онда қар жауады екен.

25-желтоқсанда күн ашық, сәуле шашып тұрса, жаңа жылдың алғашқы күндері ашық, аязды болады, ал егер күн тұнжырап, ағаштарға қырау тұрса, онда ауа райы жылы әрі бұлыңғыр немесе жауын-шашынды болады.

26-желтоқсаннан бастап 12 күн бойы ауа райын бақылайтын болған. Яғни содан бастап 7-қаңтарға (Рождество мерекесі) дейінгі әр күн келесі айдың ауа райының қалай болмағын білдіреді дейді. Мысалы, 26-желтоқсан – қаңтардың, 27-желтоқсан – ақпанның, 28-желтоқсан – наурыздың... 7-қаңтар – осы жылғы желтоқсанның ауа райын көрсетеді деген сенім бар.

Қаңтар. Көк аспан. Қыстың «сынуы». Қыстап шығу.

Жаңа жыл түні аспан ашық, жұлдыздар көрініп тұрса, бұл жылы егін бітік шығады. Жұлдыздар шоғыры қалың болып көрінсе, жидек мол болады. Қар аз, қатты аяз болса, астық молынан алынады. Ал егер түн жылы әрі қарсыз болса, онда егін түсімі нашар болмақ.

Егер 6-қаңтарда қатты аяз тұрса, онда бұл жылы егін өнімі мол болады.

7-қаңтарда қар қалың болса, онда шөп жақсы шығады, нан мол болады. Қар үйдің төбесіне дейін үйілсе, қара бидай (рожь) биік болып өседі. Ал егер боран тұрса, онда сол жылы аралардың үйірге бөлінуі жақсы жүреді.

13-қаңтар күні түнде оңтүстіктен жел тұрса, онда бүкіл жыл бойы ауа райы жылы әрі жайлы болады. Ал жел батыстан тұрса –  сүт пен балық, шығыстан көтерілсе, жеміс мол болады.

23-қаңтарда жиылған шөпке қырау тұрса, жазда ылғал көп түседі. Ағаштар шық жамылса, аспан ашық болмақ.

25-іне қар жауса, жаз жауын-шашынды болады.

28-қаңтарда жел көтерілсе, жыл ылғалды болады.

31-қаңтарда аяз болып, күн ұясына аяз қысқан күйде батса, ондай ауа райы алдағы күндерде де жалғасады.

Ақпан. Қарлы. Бүйір жылытар. Қисық жолдар.

Ақпан айы суық әрі құрғақ болса, алдағы тамыздан аптап ыстық күндерді күтіңіз.

1-ақпанда күн райы қандай болса, айдың аяғына дейін сондай қалыпта сақталады.

2-ақпанда күн бұлыңғыр болса, кештетіп қарлы боран соғуы мүмкін.

4-ақпан күні шаңқай түсте күн көрініп тұрса, онда бұл жылы көктем ерте шығады. Егер бұл күні қар көп жауса, онда бұл жылы дәнді дақылдардан өнім молынан түседі.

7-ақпанда түске дейін күн райы қандай болса, онда келесі жылдағы қыстың бірінші жартысы да сондай болып өтеді. Сондай-ақ түстен кешке дейін қандай ауа райы орнаса, келесі жыл қысының соңғы жартысы да сондай болып өтеді.

8-ақпанда жел тұрса, жыл ылғалды болады.

27-ақпанда ауа райы жайлы болса, онда кешікпей аяз басталады.

Наурыз. Қыспен күресуші. Ала қар.

8-наурызда биіктегі бұлт тез жылжып бара жатса, онда ауа райы жақсарады. Ал боран кезінде қар тегіс емес болып, ала-құла болып үйілсе, онда бұл жылы көкөніс, жаздық бидай жақсы шығады. Тұман жиілесе, жазда жауын-шашын мол түседі.

9-наурызда құстар ағаштың, үйдің күн түсетін жағына ұя сала бастаса, онда жаз салқын болады. Ал ұяны көлеңке бетке салса, жаздағы ауа райы қалыпты деңгейде болады.

Бұл күні түнде айдың ұштары үштік, түсі ашық болса, онда аяз қысады.

13-наурызда күннің шеңбері сыртынан дөңгеленіп тұрса, онда бұл жылы егін бітік шығады.

14-наурызда күн ашық болса, бидай, қара бидай, шөп өнімді жақсы береді. Егер ұзақшалар 14-наурызға дейін ұшып келіп қойса, қар ертерек еріп бітеді, жаз ылғалды болады. Жылы жел тұрса, жаз жылы болады, салқын жел көтерілсе, жаз салқын болады.

15-наурызда қар басса, онда шөп кешігіп шығады.

22 – 23-наурыздан 30-сәуірге дейін 40 аязды таңдарды санап шығады. Егер олар үнемі жалғасып отырса, онда жаз маусымы жылы болады.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ