Қазақтың Хадишасы, халықтың Хадишасы

03.12.2017
Қаралды: 312

Оңтүстіктің ән-Хадишасы, қазақ эстрада жұлдыздарының бірі Хадиша Шалабаеваның сахналық өміріне 25 жыл толыпты. Бұл – елеулі оқиға, әдемі мерейтой ғой!

Міне, осы дөңгелек датаға орай кешегі аптада Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында әншінің «Отырардағы той» атты жеке концерті болып өтті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайрат­кері Х.Шалабаева өзінің бұл шығармашылық кешін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атап өтуді ұйғарыпты. Бұл да бір өз үйлесімін тапқан жағдай.

Өнер жұлдызының концер­тіне халық көп жиналды. «Түр­кістан» сарайының іші көрерменге толы болды. Қара­па­йым көпшіліктің ел ішінен шық­қан таланттар­ға деген бұл да бір шынайы ықылас-пейі­лінің көрінісі шығар.

Әнші қызды оның өнердегі сыйлас достары да шын көңіл­ден құрметтейді екен, сол күні бірқатар танымал өнерпаздар Хадишамен сахнада бірге өнер көрсетіп, мерейтой иесі­нің мәртебесін бір көтеріп тас­тады. Атап айтқанда, Гүл­бала Әбуова, Абылайхан Оспанов, Жұбаныш Жексенұлы, Мамадияр Тәукеев, Алма Салихова, «Шаншар», «Шымкент-шоу» театрлары, «Қазына» би ан­сам­блі, тағы басқа да өнер иелері концерттің жоғары деңгейде өтуіне барынша атса­лыс­ты.

Концерт барысында эстрада жұлдызын сахнадағы мерейтойымен құттықтауға шыққан Ханбибі Есенқарақызы, Оңалбек Аяшев, Әселхан Қалы­бекова сынды белгілі тұлғалардың, Отырар ауданынан келген арнайы өкілдердің жүрекжарды сөздері мен сый-сияпаттары да өз жарасымын тауып жатты.

Әрине, мұндай кештер өнер­­сүйер қауымға рухани азық, көтеріңкі көңіл-күй, ерекше жағымды әсер сыйласа, ал өнер адамдарының өзіне керемет қанат бітіреді, абыро­йын асқақтатып, мәртебесін биіктетіп жібереді.

Міне, сол күнгі концертте де дәл осы екі жағдай қатар орын алғаны шүбәсіз деп білеміз. Себебі, Хадишаның сол күнгі «Отырардағы тойы» өте жоғары деңгейде өтіп, ол әншінің жұлдызды сәттерінің біріне айналды. Ол бір бас-аяғы жинақы, мән-маңызы терең, тағылым аларлық тұстары мол жақсы концерт ретінде есте қалды.

«Рухани жаңғыру» демекші, көптеген көрермендер үшін бұл кеш рухани сергу, серпілу, рухани ләззат алу кеші болғаны да сөзсіз. Сондықтан да осы ретте халыққа сондай рухани серпіліс сыйлаған өнер жұлдызына шын көңілден ал­ғыс айтсақ жарасады. Мың алғыс саған, қазақтың ән-Хадишасы!

Ал енді орайы келгенде айта отырайық, Хадиша Шалабаева шынында да қазақтың маңдайына біткен нағыз талант­ты әншілерінің бірі ғой. «Күміс көмей әнші» деп хал­қымыз бұрын-соңды нақ осын­дай таланттарды айтса керек. Хадишаның орындауындағы кез келген ән мықты туынды болып шыға келеді. Оның орындауындағы Шәмші ағамыздың бір ғана «Отырардағы той» әнінің өзі неге тұрады?!

Ел ішінен шыққан мұндай таланттар халықтың рухани қазынасы, баға жетпес байлығы ғой. Талантты адамдар тіпті ұлтымыздың жауһарлары, мемлекетіміздің мақтаныштары емес пе? Солай болуы керек қой!

Дегенмен де бізде қазір әр салада бой көрсетіп жүрген талантты тұлғалар қаншалықты дәрежеде құрметке бө­леніп, қамқорлыққа кенеліп жүр? Олар­ға мемлекет тарапынан қандай да бір айта қаларлықтай жақсы жағдай жасалуда ма? Бұл бәрімізді де кәдімгідей ойландыратын-ақ сұрақ.

Мысалды алыстан іздемей-ақ, бүгін өзіміз сөз етіп отыр­ған Хадишаның концерті тө­ңірегіне келсек те біраз әңгіме айтуға болады. Сол күнгі іс-шараның негізгі бастамашысы – облыстағы мемлекеттік мекемелер емес, әншінің жеке өзі болғанының өзі де көп жайдан хабар берсе керек. Облыстық, қалалық мәдениет мекемелерінің, «Рухани жаң­ғыруды» жалаулатып жүрген ішкі саясат салаларының осын­дай кезде қалыс қалып, үн-түнсіз, тым-тырыс жатып алуын қалай түсінсек екен?!

Біздің бір білгеніміз,  концерт өткізу үшін «Түркістан» сарайын бір кешке жалға алу құнының өзі миллион теңгедей ақшаны құрайды екен. Бұл нағыз қалтаға ұру емес пе? Мемлекетіміздің «Рухани жаңғыруы» дегеніміз осылай болуы керек пе сонда?

Концерт өткізу үшін онсыз да шаш-етектен шығынға бататын өнер адамдарын, шын талантты адамдарды осылайша қолдан титықтатқанда кім не ұтады, кімнің жері кеңейеді екен десеңізші?

Иә, бұл да бір ойланарлық мәселе. Мұның бәрін де сөз реті келгенде айтып отырмыз. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді ғой.

Кейде қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылаған қазақ емеспіз бе? Халықтың қаймағы саналатын қалаулы жандардың қадірін қашырмау жағын да ойлай жүрейікші, ағайын!

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ