Арыстың тұрғыны облыс әкіміне неге тиісіп жүр?

14.11.2017
Қаралды: 544

Әлеуметтік желілер соңғы кездері ақпаратты тез алмасумен қатар қоғамдағы түрлі тақырыпты терең талдау мен талқылаудың ашық алаңына айналып келеді. Онда биліктің жоғарғы және жергілікті тармағындағы басшылар жөнінде де түрлі-түрлі жеке пікірлер жиі жарияланады.

Осындай пікірдің бірін жақында Әуелхан Назарқасым­ұлы (суретте) жариялаған екен. Арыс қаласының тұрғыны онда: «Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығын өркен­дететін аймақ. Бірақ біздің жүйені «құдай ұрып қалған». Шымкент қаласына әкім етіп ауыл шаруашылығын түсі­нетін бір азаматты алып кепті. Ал «тілі мен жағына сүйеніп», топырақтың өңін ажырата алмайтын Түймебаев болса – облыс әкімі. Бірақ теледидарда «экономикамыз күннен күнге артып келеді...» – деп жазады.

Ол кісі облыс басшысы туралы неге бұлай деді екен? Біз оны Әуелхан Назарқасым­ұлының өзінен сұрадық.

– Облыс әкімі жайлы пікіріңізді оқыдық. Сіздің Түймебаевқа көңіліңіз толмайтын сияқты ғой. Неге? Бұлай жазуыңызға не себеп болды?

– Көзін ашқалы ғылыммен, оқытушылықпен айналысқан адам жер топырағының нәрін, сөлін, қысқасы, құрамын қайдан білмек? Одан қала берді, білім саласында, сырттағы елшіліктерде жұмыс істеген адам қысы-жазы тыным таптырмайтын ауыл шаруашылығы тірліктерінің «иісін» қайдан сезсін? Тіпті өз мамандығына қатысы бар облыстық білім саласының басшысына бақандай 9 ай бойы кандидат таба алмаған адамнан жер құнарын сұрағаннан не пайда?

– Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, мамандары бар емес пе? Бұл салаға солар жауапты ғой.

– Бәрібір де кез келген басқармалар облыс әкіміне жалтақтайды емес пе? Ал, барып айтты делік, сұранды делік. Бірақ ауылшаруашылық тірлігін біле бермейтін адам ойланып, толғанып жүргенде бірталай уақыт өтеді емес пе?

Мысалы, биыл ерте көктемде шегіртке қаптады. Уладық, шуладық. Тіпті министрлікке шықтық. Ал осы кезде облыс басшысы ана бір Түркістандағы жиынмен айналысып, тіпті мән де бермеді. Қара шегіртке дегенің енді көктеп келе жатқан өсімдікке тажал емес пе?

Қазір біздің Арыс халқын жұмыссыздық жайлаған. Рас, мал шаруашылығына лайық айнала бос жатыр. Әрине, қағаз жүзінде «бос» жерлер жоқ та ғой. Ілгергі кездері сол жоғарыда, билік басында отырғандар бөліп-бөліп алып қойған. Мал асырайын деген нағыз шаруа малды ары қарай өз төлінен көбейтіп, бағу үшін жер іздейді. Аудан әкімі үнемі «жоқ» деп отырады. Тұрғындар амал жоқ бір туысының ілгеріде пайға алын­ған  200-300 гектар жеріне көз сүзіп, сол адаммен келісімге отырады. Басқа жол жоқ.

Міне, шаруа жанын түсі­нетін облыс басшысы болса, әлгі кезінде тамыр-таныстық арқылы алынған жерлерді шаруа тірлігін түсінетін адамдарға алып беру жағын ойластырар еді. Әрине, барлығы да сот құзырында. Бірақ облыс әкімінің де құзыры жететін жерлері бар емес пе?

Жоғары тараптан ауыл шаруашылығына деп бөлін­ген субсидиялардың аудан­дар­ға, одан ары шаруа қожалықтарына ұшпағы мен пұш­пағы ғана беріледі. Онда да тамыр-таныстық арқылы. Көбі­сі облыс орталықтарында «бат­­пақтап» қалады. Оны тексеріп, бақылап отыру атымен жоқ. «Неге, қандай мақсатқа жұмсалды?» деп сұрап отырса болады ғой...

– Түймебаев көптеген қызмет сатыларынан өтіп, мемлекеттік қызметте тәжі­рибе жинап, әбден шыңдалған жан. Ол Елбасының жанында жүріп жауапты жұмыстар істеді, тіпті алты жыл бойы Түркияда елші болды. Қысқасы, талай мектептен өтті.  Әрі өзі­міздің өңірдің тумасы. Облыстың үш миллионға жуық халқы одан үлкен үміт күтіп отыр. Ал сіз «тілі мен жағына сүйеніп» дейсіз. Тым қатты кеткен сияқтысыз. Неге олай дедіңіз?

– Облыс басшысы барған жерінде сол елдің тыныс-тіршілігімен танысып, қандай көмек керек екендігіне көңіл бөлмей, тек Назарбаевтың бағдарламаларын «талдай» беретінінен де...

Қазір қымбатшылық күн­нен-күнге емес, сағат са­йын белең алуда. Бүгінгі бағаңа ертесіне кемі 5-10 пайыз қосылып жатыр. Өзіміздің ШНОС-ымыз бар, бірақ бәрібір жанар-жағармай басқа мемлекеттерге тәуелді болып отырғандықтан, тасылар та­уарларға қатты әсер етіп отыр. Тауар бағаларына бақылау жасаудың орнына облыс басшысы базар орындарын ауыс­тырумен әлек болды. «Қала сыртына көшіреміз» деп бірталай базарлардың «шаңын қаққан» жоқ па осы Түймебаев? Шу болып еді ғой өткенде. Қала басшысының жұмысын өзі алмастырып... Біздің Арыстың да басшысы бұрын құқық қорғау орындарында жұмыс істеп келген. Мұның да тірлігі дәл сондай...

– Қандай сонда?

– Әсіресе біздің Арыста соңғы кезде халықтың 75 па­йызы ауру десем өтірік емес. Мұның барлығы да біздегі ескі оқ-дәрілерді залалсыздандырудан. Күні-түні қала сыртынан 700 метр жерде орналасқан полигонда үздіксіз атыл­ған снарядтан құлақ тұ­нады.

Әрине, қалада ешқандай жұмыс болып жатқан жоқ деп ауызды құрғақ шүберекпен сүртуге де болмас. Бірақ...

Жоғарыда айтып өткенім­дей, Арыс қаласының негізі ауыл шаруашылығы жерле­рімен байланысты. Ілгергі кезеңде 5-6 совхоз мал шаруашылығымен айналысса, 2 совхоз егіс өнімімен айналысатын. Ал бір совхоз бүкіл КСРО-да медицинаға қатысы бар пенициллин сияқты дә­рілер шығаратын ең қажетті дермене шөбін өсіруші еді. Соның барлығы да көзден бұл-бұл ұшты.

Міне, енді осыншама мал шаруашылы мен егіс көлемін өркендетуге білгір маман, білікті басшы керек емес пе? Алайда бұрындары заң орындарында жұмыс істеген қазіргі Арыс қаласы басшысынан не сұрауға болады? Осы мақсатта облыс бюджетінен қаржы сұрауға шаруа жағдайын біле бермейтін қала басшысының қауқары жете ме? Әрине, мұндай кезде қала басшысының ауыл шаруашылығы жө­ніндегі орынбасары білек сыбанып жұмыс жасауы керек. Алайда бірінші басшының аты бірінші басшы, одан асып кетуге тағы да болмайды. «Сүрініп» кетуің қиын емес. Біздегі бар жүйе осындайлар­ға арналған. Одан шыға да алмайсың.

Негізі қазақ халқы кең ғой. Қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерге: «Е, қайда барушы еді, орнына келер» деп қоя салады. Міне, соның әсері болуы керек, жоғары деңгейдегі басшыларға «тіс­терін батыра» бермейтіні де. Соны біліп алған ше­неуніктер соңғы кезде біл­гендерін жасауда.

– Дегенмен де әкімдерге жұ­мыс істеуге мүмкіндік бер­­ген жөн шығар? Сондықтан оларға жөн-жосықсыз тиісе бергенді доғарғаныңыз дұрыс-ау!

Сұхбаттасқан – Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!