Ақпарат

Түркия бардық, не көрдік?

Қаралды: 727

Жаздың ми қайнатар мына ыстығында теңіз толқынында салқындап,  жағалауда жалаңаяқ жүргенге не жетсін! 

Таяуда маған осындай демалыстың сәті түсіп, Түркияға барып қайтқан едім. Онда көрген қызықтарды көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім. Бірінші рет барған адам үшін мұның керегі болары сөзсіз.

Бір стакан суды 1 долларға алғандар бар

Біз Шымкенттен шыққанда мұнда 47 градус ыстық болып тұрған. Сондықтан жан-жағын теңіз қоршаған Түркияда біздегіден әлдеқайда салқын болатын шығар  деп үміттенгенбіз. Сол салқынға тезірек жеткіміз келген. Бірақ Қара теңіз, Мәрмәр және Жерорта теңіздерінің ортасында орналасса да Түркияңыздың ыстығы біздегіден кем емес екен. Теңіз­ден көтерілген бумен аралас ауа бізге монша ішінде жүргендей әсер қалдырды. Тіл таңдайға жабысып, ішетін су іздедік. Бірақ бұл елде біздегідей кранды ағызып қойып, суды шөл қанғанша алаңсыз ішу қайда?! Тұщы суды онда тек сатып аласыз. Ал краннан аққан су ішуге жарамсыз. Одан бір ұрттадым дегенше әжетханаға тұрақты тіркелдім дей беріңіз. Сондықтан туроператорлар ауыз суды алаңсыз краннан ағызып іше беретін қазақстандықтарға ә дегеннен осыны түсіндіреді екен.

«10 күн демаламын деп келіп, осынша уақыт бойы іші өтіп, қонақүйден аттап шыға алмай қалған туристер көп. Солардың кебін киіп жүрмеңіздер», – деп ескертті олар бізге. Ал ауыз суды мұнда әр қадам сайын біздегі йогурт салынатын шағын стакан сияқты пластик ыдыс­тан бастап кәдімгі «баклашкалармен» сататындар көп. Жанымыздағы бір азамат таңдай жібіту үшін бір стакан су алған. Оның қаталап тұрғанын және жаңадан келгенін ұға қойған жол ортасында «Сок! Су!» деп айқайлап тұрған азамат бір пиала ғана болатын суды оған 1 долларға сатты. Жөн-жосықты білмейтін жолаушылардың осылай алыпсатарлар­ға жем болатынын біз кейін ұқтық.

1 доллар – 3.50 лира

Тап осы жерде ақша жөнінде де аз-кем айта кеткен дұрыс шығар. Түрік ақшасы  лира деп аталады. 1 долларыңыз – 3.50 лира. Бірақ жергілікті дүкен, қонақүй, тіпті тамақтану орындары үшін сіздің қалтаңызда лираның болу-болмауы маңызды­ емес. Олар доллар, евро, рубль, тіпті теңгемен, ол болмаса банкоматтық карточка­ңыз арқылы есеп айырыса береді. Ақшаңызды да солай майдалап, «сдачаны»­ да сіз­дің төлем ақшаңыздың түріне қарай қайтарады. Тіпті қолөнер бұйымдарын сатып тұрған жеке шеберлер де қай елден­ келген турист екеніңізді сұрап алып, сізге қолайлы ақша түрімен сауда жасайды.

Әйткенмен Ыстамбұл мен Анталияда сауда жасаушылардың көпшілігі доллармен есеп айырысқанды ұнататыны байқалады.

Шайпұл бермеу ұят саналады екен

Туристер үшін Түркия бар жағдайды жасап қойған екен. Қырық жылғы құдасын көргендей құрақ ұшып қарсы алатын күтіп алушы жігіттер жүгіңді көтерісіп,   қонақүйге желдеткіші қосылған салқын көлікпен жеткізеді. Жол бойында  Қазақстаннан барғандарға – қазақша, Ресей демалушыларына – орысша, еуропалықтарға ағылшын тілінде ел тарихы, қала мәдениеті жайлы түсіндіріп отырады. Іш пыстырмас әзіл қосуды да ұмытпайды. Дайын тамада дерлік біздің жолсерік жігіт те елге қандай сый-сияпат алып қайту керегі жөнінде де кеңес айтып, тауары тәуір бірнеше сауда орталықтарының аттарын да атап үлгерді.  

Қонақүйге жеткенде жүгіміз жап-жас бір жігітке ауысты. Өзінен он есе ауыр болатын сөмкелерді лып еткізіп көтере жөнелген ол маңдайынан тамшылаған терге қарамастан езу жимай жымиып жүрді. Тал түсте терлеп-тепшіп жеткен біз мұны демалушыларға деген қошемет деп риза болып, салқын бөлменің жұмсақ төсегіне отыра кеткенбіз. Жантая кеткіміз келіп, әлгі жігіттің шығуын күттік. Ол болса сол жымиған бойы жанымыздан кетпей, жәутеңдеп тұрып алсын. Рахметті бірнеше рет айттық. Ол да бірнеше рет бас изеді. Бірақ езуі жиыл­маған күйі жанымызда әлі тұр. Сөйтсек ол «шайпұл» күтіп тұр екен. Жымиып тұрып бас бармағын сұқ саусғына үйкелей, шайпұл сұраған ары кеткенде 16-17-лердегі бозбалаға ұстатқан 1 лираны ол менсінбеді. Ыммен не бір доллар бер, не 3 лира төле дегенді ұқтырды.­

Туристерді түрлі сауда орындарына тасып жүрген жүргізушілер де есік алдына әдемі қорапша қойып қояды. Ондағы доллардың суретіне қарап шайпұл қалдыру керек екенін үнсіз түсіне беріңіз. Шайпұл бермесеңіз жүргізуші үндемейді, бірақ көзқарасынан жақтырмай қалғанын байқайсыз.

Швед дастарханына көз тоймайды

Біздің Түркиядағы демалысымыз Анталияда өтті. Қонақүйге жайғасып бол­ған соң шұрқыраған асқазанның ашуын басып, әлденіп алмаққа мейрамханаға беттедік.

Бір ғана қонақүйдің өзінде 2000-ға жуық адам бар. Мейрамхананың ішкі-сыртқы орындықтарына жайғасқанда да аузы-мұрнына сыймай лық толған демалушылар үшін тамақ, салат, шұжық пен ірімшік, тәтті нан мен жеміс-жидектің, сусынның түр-түрі тегін. Әдемі ыдыстарда әрқайсысынан кемінде 8 – 12 түрі «мен мұндалайды». Ақ және қызыл шарап, сыра мен виски бөшкесімен, кофе мен шайдың түр-түрі қорап-қорабымен тұр. Қалауыңша ішіп-жей бер. Бұл – швед дастарханы.

Қонақ түгілі құдаңа да тап мұндай дастархан жая бермейтін аста-төк тағамның ортасына түскен адамда еріксіз ашқарақтық қасиет ашылады ма деп қалдым. Өйткені өзің тойғанмен көзің тоймай, барлық астың дәмін татып, жеп көргің келіп, тәрелкеңді толтыра түсесің.

Баклажанның кептірілген қабығына салынған тауық еті, помидор шырынына бұқтырылған балық, жұмыртқа уызына аунатып, көз алдыңда отқа қақтап беретін тартылған ет тойғаныңды ұмытып,  тағы да же дейтіндей.

Қарбызы – сопақша, қауыны домалақтау келеді екен. Грейпфрут пен мандарин де ағыл-тегіл, қызмет етуші жігіттер турап үлгере алмайды. Бұларды көргенде алма мен өрікке көз салмайсың.

Тәттісін айтсаңшы! Самсап неше түрі тізіліп тұр. Түрік пахлавасы, балға пісірілген пирогтары, ірімшік пен шоколад аралас нандарының да неше түрін пісіреді. Біздер теледидардағы жарнамадан көретін, үстіне қайнаған сүт құйсаң таңдайда еріп сала беретін дайын таңғы астың да бірнеше түрі бар.

Ә дегенде осынша асты сіңіре алмайтыныңды ойлауға мұршаң келмейді. Екі-үш тәрелкеге толтыра салып ал­ғанмен, күн ыстықта азырақ жегеннен қарын тойып, қалған ас шеті түртілген күйі қа­лып кетеді. Оны даяшылар сол заматта дөңгелекті дәу арбасындағы қоқыс жәшігіне тастағанда ысырапқа жаның ашиды.

Тегін ішімдікке құмарлар көп

Мұнша дәмді асты көзі қимай, жатын бөлмесіне ала кеткісі келген демалушыларды даяшылар тоқтатып, ескерту беріп жатты. Көрсеқызарлығымен көп жеп қойып, асқазаны ауы­рып, дәрігер көме­гіне жүгінген бірнеше адамды көзіміз шалды. Өзіміз де күн ыстығында тойғанымызға қарамай артығымен жеп, екі күнде қарнымыз қампиып шыға келді.

Спиртті ішімдіктің де түр-түрі таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін қалауыңша тегін берілетінін айттық. Әсіресе жағалау жанындағы барда коньяк пен ромды араластырып, спиртті коктейль жасайтын жігіттердің жанында кезек көп. Онда негізінен ер адамдар.

Қонақүйде әр бөлмеде тегін ас пен сусын тек түнгі 12-ге дейін ғана берілетіні бірнеше тілде жазылып, үстел үстіне қойылған. Соған қарамастан таңға дейін бардан виски мен ром, сыра алдырып ішетіндер де болады екен. Даяшылар да сұрағаныңды тіл қатпастан тоқтаусыз­ таси береді. Ал демалыс уақытың бітіп, қонақүйден қайтарда қолына бірнеше жүз доллардың чегын ұстатқанда айқай шығарып, ақша таппай дауласып жатқандарды да көзіміз шалды.

10 минутта 100 доллар табады

Түркиядағы демалыстың сәні – теңіз. Таңертең ұйқыдан оянысымен теңізге асыққан демалушыларға моторлы қайық, су мотоциклы, су шаңғысы, парашютпен теңіз төбесінде серуендеу қандай керемет. Бірақ мұның 10 минуты – 50 доллар. Ал 15 минут серуен­дегіңіз келсе, тағы 20 доллар қосасыз. Тамаша демалысыңыздың әсерлі сәт­терін суретке түсіріп үлгеретін фотограф жігіттер жаныңыздан табыла ке­теді. Күл­геніңіз де, қорыққаныңыз да сол сәт сырт етіп суретке айналып шыға келеді. Өз ісіне әбден машықтан­ған олар қорыққаннан шыңғырған сәті­ңізді дереу бейнежазбаға түсіріп алады екен. Жағалауға жеткенде жан-жағыңыздан қаумалап, естелікке сурет алуыңызды сұрайды. Алғың-ақ келеді. Бірақ ол үшін тағы 50 доллар шығаруыңыз керек.

«Қай жақтансыз?» – деген сұрақ жергілікті қызмет етуші жігіттердің ең алдымен қоятын сұрағы секілді. Олар еуропалықтар демалуға келгенде ақша аямайтынын айтады. Расында да, Германиядан келген бір отбасының екі баласын парашютке отырғызып, моторлы қайықпен серуендеткенін және ондағы суреттерге 360 доллар төлегенін көрдік. Ал Ресей мен Қазақстаннан барған демалушылар оларға қарағанда «сараңдау» келетінін біз де аңғардық. «Екі суретті тегін бере салсаң нең кетеді?!» – деп қазақша сыбай боқтап, саудаласып тұрған қазекемдердің дауыстарын да естіп қаласыз.

Демалушыларға әсерлі сәт сыйлауды жақсы меңгерген түріктер теңіздің қақ ортасына жеткенде моторлы қайығын тоқтата қояды. Сонда қайыққа ұзын арқан­мен байланған парашют әлсіз желмен тербетіле төмен түсіп, теңізге топ ете қаласың. Мұндайда әсіресе қыздар шыңғырып, теңіздің ащы суын жұтуға әзірлене бастайды. Бірақ теңізге түсе бере қайық қайтадан зуылдай жөнелгенде тағы көкке көтерілесің. Парашютке мінудің ең қызығы да осы. Бір қонақүйдің өзінде әр 10 күнде 1200 адам ауысады десек, солардың жартысынан осылай теңіз беті мен үстінде қыдыртқаны үшін олардың қанша табыс табатынын түсіне беріңіз.

Саудагерлері жалаңдап тұр

Шет елге демалысқа барған қай адам болса да үйіне базарлық ала қайт­қысы келеді. Ал Анталияда зімбірдің, анардың қабығына дейін кептіріп, ұнтақтап, пайдалы сусын ретінде стаканын 3 доллардан сатады. Қаз-қатар ілінген кептірілген баклажан қабығын да көзіміз шалды. Орысша-қазақша «Атақты түрік шайы» деп айқайлап жүрген жігіттің дүңгіршігіне бас сұққанбыз. Оның айтып тұрған шайы рау­шан гүлінің жа­пырағы, лимон мен ман­дариннің кепті­ріл­ген қабығы. «Үстіне қайнаған су мен бал қоссаңыз, өзіңізді жасартып, денсаулығыңызды жақсартатын пайдалы сусын болады», – дейді сатушылар. Олардың аңдығаны – қонақүйдегі демалушылар. Анадайдан алдыңнан шы­ғып, ағылшынша, орысша, қазақша сөйлеп, әзіл айтып, әйтеуір бір затын болса да сатуға тырысады.

«Тек қана бүгін бізде 50 пайыздық жеңілдік!» – деп іш киім мен сүлгінің түр-түрін сатқан келіншектерде, шынын айт­қанда, жеңілдігі күнде бола ма деп қаласың. Саудагерлердің қай-қайсысының да алдымен сұрайтыны: «Қайдан келдіңіз? Демалысыңыз жақсы өтіп жатыр ма?» Олар осылай демалушыларға қандай зат ұсынатынын анықтайтынын аңғардық.

Киім сатушылар да сауданы әбден меңгеріп алған. Еуропалықтардың саудаласпайтынын жақсы білетін олар бағаны табанда көтеріп, евромен сөйле­седі. Ал ресейліктер мен қазақстандықтар үшін бағаны түсіре, доллармен саудаласады. Бізге 60 доллар деп тұрған көйлекті Германиядан келген бір келін­шеккке көз алдымызда 120 евро деп тұрған жігіт Сайрам ауданының Ақсу кентінен екен. Оның Анталияда сауда жасайтынына төрт жыл болыпты.

...Міне, біздің аз күн демалыста Анталияда көрген қызықтарымыз осындай. Сіздерге де осындай демалыс бұйырсын!

Ләйла МАРАТБЕКҚЫЗЫ.

Шымкент қаласы.

Пікір қалдыру