Билікті байлық көзіне айналдыратындарды қуып шықпақ

22.08.2017
Қаралды: 1050

Монғолияның жаңадан сайланған Президенті Халтмагийн Баттулга елдің ішкі саясатында қолға алынатын тағы бір мәселе жөнінде мәлімдеді. 

Таяуда телеарналардың біріне берген сұхбатында ол Монғолияның экономикасы қиын жағдайда екенін ашық айтты, осыған орай өзі мүшесі болып табылатын Демократиялық партияның қимылы мен Үкіметтің жұмысын ащы сынға алды.

«Монғолия халқы әділдікті қалайды, – деді Президент. – Бірақ ол үшін басқарушы билікті жемқорлардан тазарту керек. Неге елдің барлығы билік басында бол­ғысы келеді? Өйткені олар саясатқа келу арқылы байығысы келеді. Мен осы бассыздықты тоқтату үшін Президент болдым».

Монғол Президентінің бұл сөзі жақсы атты болу үшін жасалып жатқан көзбояу әрекет емес сияқты. Оның осыдан бір айдай шамасы бұрын Президент резиденциясында тұрудан бас тартқаны, жұмысына жаяу қаты­най­тынын мәлімдегені белгілі. Сондай-ақ Президенттің офшорлық аймақтарда заңсыз мүлкі бар 49 адамнан оны елге 49 күн ішінде қайтаруды талап еткені жөнінде де біз газетімізде жазғанбыз. (Оның уақыты алдағы 12-қыркүйекте аяқталады).­

Бұл азаматтың жасы қазір 54-те. Мамандығы бойынша – суретші, көркемсурет училищесін бітірген. Мамандығымен жұмыс істеген, спортпен айналысқан. Төрт мәрте жоғары оқу орнына құжат тапсырған екен, бірақ спортпен шұғылдануына байланысты көп ұзамай оқуын тастап кеткен. Бірақ далада қалмапты. Самбомен, дзюдомен айналыса жүріп күрестен Монғолия құрамасының мүшесі бол­ған. Бір мәрте Әлем чемпионы атағын (52 кило салмақ дәрежесінде), сондай-ақ екі рет Әлем біріншіліктерінің күміс және қола медальдарын жеңіп алған.

Ол бизнеспен де айналысқан. Алғашында өзі салған картиналарды саудалап жүріпті, кейін басқа елдерге жарыс­қа барғанда әкелген заттарды сатумен айналыс­қан. Сөйтіп жүріп үлкен бизнеске де жол тауыпты. Қазір оның менші­гінде туризм, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларды қамтитын бірнеше бизнес құрылымдары бар. Бүгінде оны Монғолиядағы ең бай адам деп те атап жүр. (Осыдан 3 жыл бұрынғы жарияланған рейтингте оның байлығы 1 миллиард 200 миллион доллар­ға тең деп көрсетілген екен).

Монғол Президентінің халықтың мұң-мұқтажына нем­құрайды қарамайтыны жөнінде де аз айтылмайды. Оның саясатқа бет бұруына да осы халықтың ахуалын өз көзімен көруі себеп болған деседі. Яғни 2012-жылы өзі туып-өскен Баянхонгор аймағында жұт болып, мал қырыл­ғанда ол жерлестеріне көмек көрсетіпті, сол кезде халықтың жағдайын жақсарту үшін саясатпен айналысуды шешкенін айтқан екен.

Енді, міне, бұл азаматқа өз мақсатына жету үшін мол мүмкіндіктер туып тұр. Бүгінде ол жалпақ жұрт сүйсінердей батыл қадамдар жасауда.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!