Облыстық білім басқармасын Исатай Сағындықов басқаратын болды

22.08.2017
Қаралды: 341

Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл мекемені Исатай Сағындықов басқаратын болды.

Исатай Өмірзақұлы Сағындықов 1960-жылы дүние­ге келген. Мамандығы бойынша – математик, педагогика ғылымдарының кандидаты. Атташе дипломатиялық дәрежесінің иесі, төрт тілді еркін меңгерген.

Ол еңбек жолын республикамыздың Ғылым академиясына қарасты сейсмология институтында бастаған. Білім және ғылым министрлігінде, республикалық тест орталығында жауапты қызметтер атқарған, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы болған. Республикалық тест орталығын, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментін басқарған. 2015-жылдың тамыз айынан бері Түркіменстандағы Қазақстан Республикасы Елшісінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.

...Жалпы, бұл саланы 2011 – 2015-жылдар аралығында Альбина Елшиева басқарғаны белгілі. Басқармаға 2015-жылы күзде осыған дейін облыстық Тәртіптік кеңесте қызмет атқарған Қуандық Құлажанов басшының міндетін уақытша атқарушы болып барды, ал 2016-жылғы ақпан айында ол кісі басқарма басшысы қызметіне тағайындалды. Дегенмен Қ.Құлажанов жыл соңына қарай қызметінен кеткен еді. Содан бері басқарма басшысыз қалғаны белгілі.

Енді, міне, кезекті оқу жылы қарсаңында облыстық білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Біз ол кісінің осы сенім үдесінен шыға білуіне тілектеспіз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!