Үш баланы құтқарған Арман батыр

22.08.2017
Қаралды: 582

– Ауладағы өсіп кеткен шөп­ті шауып жүр­генмін. Қа­расам, көршінің үйінің сыртқы есігінен түтін будақтап шығып жатыр екен. 

Жанұшыра жетіп барып ішке кіргенімде балалардың жылаған дауысын естідім. Қою тү­тін қолқамды қауып кетті. Түртінектеп жүріп екі баланы тауып алып сыртқа шығардым. (Гүлжан 8-де, Бақытжан 6 жаста). «Іште бесікте інім жатыр...» – деді Бақытжан жыламсырап. (Мағжан 11 айлық екен). Жалма-жан қайта ішке кіріп едім, баланы таппадым. Сөйтсем ол түкпірдегі бөлмеде екен. Үйді айналып, бала жатқан бөлменің  әйнегін қолыма түскен кірпішпен сындырдым да, ішке қарай секірдім. Арасында айқайлап дауыстап көршіні шақырып алдым.

Ішке кірсем, әлгі кірпішім бесіктің дәл түбінде жатыр екен. Баланы періштесі қаққан ғой. Содан бесікті терезе арқылы сыртта тұрған көршіме ұстатып, өзім де шықтым. Бір-екі қадам басқасын басым айналып құладым. Таза ауамен тыныстағасын ба, өзіме тез келдім.

Менің орнымда басқа біреу болса да солай­ жасаған болар еді, – дейді жиенім Арман­ Шариев.

...Жоқ, Арманжан, ондай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сен – бүгінгі күннің батырысың! Өзіңе деген көрші-қолаңның айтар алғысы мен бата-тілегі ұшан-теңіз. әрқашан еліңнің алғысын арқалап жүре бер!

Айт­­пақ­шы, Ақмола облысы, Целиноград ауданы өрт сөн­дірушілерінің де қырағылығын айта кетейік. Хабарлаған соң 5 минут өтпей жетіп келді.

Мұхтар ЖАНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!