Түлкібастың түйелері

22.08.2017
Қаралды: 742

Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында Мұхтаралы Ибраимов есімді жұртшылыққа сыйлы азамат тұрады. 

Ол кезінде ауылдың кіре беріс жеріне «Күмісбастау ауылы» деген жазуы бар белгі орнатып, арка жасаған, ауылға мешіт салып, Ұлы Отан соғысына қатыс­қан 80 адамға ескерткіш- обелиск орнатқан, ауыл жастары үшін спорт алаңын салып берген. Жақында өзінің 500 мың теңге қаражатына ішіне бір мезгілде 40 – 50 адам сиятын алты қанат киіз үй тігіп, пайдалануға берді.

Біз таяуда осы азаматтың Түлкібас ауданы үшін таңсық көрінетін шаруашылық – түйе өсірумен де айналысатыны туралы естідік. Сосын оны барып көруді ұйғардық.

Бір жақсысы, сол күні Ибраимовтар отбасы төрт көздері түгел үйле­рінде болып шықты. Отағасынан түйе шаруашылығын көрсетуді сұрадық. Өтінішімізді құп алған Мұхтаралы бізді қораға бастай жөнелді.

Бұл кісінің үйіргелік жерінің өзі 30 соттықты құрайды, осы аумақта үйі, қора-қопсысы, шөп жинайтын жері – бәрі қатар қоныс теуіпті. Түйелерінің жалпы саны – 24, оларды төбесі жабық, жан-жағы ашық қорада ұстайды екен. Олардың ішіндегі түр-түсі өзгелерден оқшаулау түйе бізді көргеннен-ақ мазасызданып, басын жиі-жиі шұлғып, түрлі мінез көрсете бастады.

«Бұл – бура, сендерден «келіншек­терін» қызғанып тұр. Жанына жақындамай-ақ қойыңдар, ызасы келгендіктен теуіп немесе беттеріңе былш еткізіп түкіріп жіберуі мүмкін», – деді Мұхтаралы бізді сақтандырып.

Айтуынша, ол өз шаруашылығындағы алғашқы 7 түйені Шардарадан және Жамбыл облысының Байзақ ауданынан әкелген екен.

«Жамбыл облысынан әкелінгендері алғашында тіптен арық еді, – дейді Мұхтаралы. – Қарындары ішек-бауырына жабысып, құр сүлдері қалған болатын.  Біз жақта бұлардың  сүйікті азығы – жантақ өспейді ғой, қалай болар екен деп сол жағын уайымдағанбыз. Бірақ бұлар Түлкібастың шөбі мен жоңышқасына тез үйренді, көп кешікпей-ақ қоңданып шыға келді. Алғаш боталаған кезде жарытып сүт бермеген олар кейін уақыт өте келе өз өнімдерін көбейте бастады. Саны 24-ке жетті. Түйелерден алынатын қымыран бүгінде аудандағы сауда орындары мен тойханаларды қамтамасыз етіп тұр. Бүйрегі, бауыры, асқазаны ауыратын науқастар да қымыран ішіп, шипасын көруде».

Түйелерді үй иелерінің өздері бағып-қағады десек те болады. Тек бір ғана малшы ұстайды екен.

«Түйелерді келіншегім Алтыншаштың өзі сауады, – дейді Мұхтаралы. – Үлгере алмай жатса келіндерім жәрдемге келеді. Құдай берген 3 ұл, 1 қызым, 15 немерем бар, олар жұмыстан, сабақтан қолдары қалт еткенде қолқабыс болады.­

Жалпы, менің бұл кәсіппен шұғылдануыма Тұрлыбек бабамыздың кенже баласы Ибрайымның кезінде атқарған іс-әрекеті себепкер болды. Ол кісінің сол кезде қолында 23 түйесі болған екен. Сол Ойсылқара тұқымы бүкіл ауылға талғажау болыпты. Жұрт түйенің қымыранын ішіп, етін жеп, оны мініс көлігі ретінде де пайдаланыпты. Ал өзімнің түйе шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма биыл 7 жыл болды. Келешекте бұлардың санын 50-ге жеткізуді жоспарлап отырмын.

Мен негізі намысқой адаммын. Мынау кәсіп қолыңнан келмейді десе, соған ерегісіп, қашан ісім алға басқанша тыным дегенді білмеймін. Мына өздерің көріп тұрған ұзындығы – 25, ені 10 метрлік қорада қазіргі таңда 24 түйеден бөлек, 24 жылқы, оншақты қара мал, 20 бұқа бағылуда. Келешекте осы жылқылар мен жергілікті жылқыларды шағылыстырып, одан шаруаға икемді, қолға көнбіс тұқым алуды жоспарлап жүрмін. Сондай-ақ мұхит асып әкелінген сиырлармен ерегіскенде соларға тікелей бәсекелес бола алатын сауын сиырлардың тұқымын көбейту де тікелей назарымда.

Көкейімде бұдан өзге де армандар көп. Бірақ оны дамытуға қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе, жеңілдетілген несие берілсе, талай істі атқарып, құлашымызды кеңге жаяр едік. Әзірге ондай қолдау көріп отырған жоқпыз. Мына қыруар жұмыстың бәрін өз күші­мізбен атқарудамыз. Малға шөп салу, суын беріп, малағын шығару – күнде­лікті ісіміз. Әрине, мен мұны қиынсынып отырған жоқпын. Қашан да адал еңбекпен әрекет еткеннің жүзі жарық болатыны белгілі».

Мәкең жас кезінде өзінің сауықшыл болғанын айтады. Ауыл жастарының басын қосып, алғаш «Жас талант» атты ансамбль құрыпты.

«Өмір деген тек сауық-сайраннан тұрмайды екен, – дейді ол. – Уақыт өте келе «Алғабас» колхозына кірдім, екі жылдай бригадир болып істедім. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген соң «Қайсарбек» атты шаруа қожалығын құрып, өз әрекетімізді жалғастырып жатырмыз. Бос уақыт деген бізде болмайды. Егер ондай мүмкіндік болып жатса, бір сәт атқа мініп, таза ауада серуендегенді ұнатамын. Кейде делебем қозып, көкпарға да қойып кететінім бар».

...Шағын ауылда мал өсіріп, адал еңбегімен жерлестерінің сенімінен шығып келе жатқан Мұхтаралы Ибраимов, міне, осындай жан екен. Оның ісі көпке үлгі. Тірліктің көзін тауып, шаруасын дөңгелентіп отырған бұл азаматқа біз шын көңілімізбен риза болдық.

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!