Шетелдік қандастар, қапы қалмаңыздар!

22.08.2017
Қаралды: 449

Алдағы оқу жылының грант иегерлері де белгілі болды. Грант иесі болғандар қуанса, үміті ақталмай қалғандардың көңіл-күйі болмай жүр. 

Алайда қамығудың реті жоқ. Жеңілістің өзінен жеңіс іздеп, алға ұмтылу керек. Осы орайда біз ҰБТ-дан­ өте алмай­ қалған талапкерлер үшін жағымды­ жаңалық айтқалы отырмыз. Көкшетаудағы Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік университет күндізгі да­йындық бөліміне талапкерлер қабылдауды бастады. Аталмыш деректің анық-қанығын толығырақ білу үшін біз директоры Марал Төлегенқызына қоңырау шалып, төмендегі жайттарды білдік. 

Дайындық курсына биылғы ҰБТ-дан өте алмай қалған жеткіншектер мен шетел азаматтары баруына болады. Қабылданған жағдайда шетелдік талапкерлерге оқу, жататын орын тегін, 17 мың 500 теңге шәкіртақысы да бар. Қазақстандықтарға да осы жағдай жасалған, тек жатақхана үшін жылына бір рет төлемақы жасауы керек.

«Университет қандай мамандықтарға оқытады?» – деген сұрағымызға, Марал Төлегенқызы талапкерді өз таңдаған пәніне байланысты даярлайтынын айтты.

Жалпы, бұл курстың шетелдіктерді оқуға дайындап жүргеніне бес жылдың жүзі болыпты. Ал отандастарымызды былтырдан бері оқыта бастаған. Нәтижесі де көңіл көншітерліктей. «Дайындық курсынан кейін оқуға түсуге мүмкіндік бар ма?» – деп сұрағанымызда Марал Төлегенқызы: «Биылғы нәтиже – 100 пайыз. Бізде оқыған жеткіншектердің бәрі бірдей Ш.Уәлиханов атындағы университке грантқа оқуға қабылданды», – деп жауап берді.

Бұл курсқа түсу үшін отандастарымыз қазақ тілі мен математикадан емтихан тапсырса, шетелдіктер ағылшын тілі мен өзі таңдаған пәні бойынша сынақ тапсырады екен.

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!