Закинтоста демалған қазақтар

21.08.2017
Қаралды: 684

Таяуда Астана қаласының тұрғыны, тәуелсіз журналист, PR саласының маманы Айжан­ Көшкенова Грекияның ерекше аралында демалып қайтты. 

Осыған орай біз ол кісімен хабарласып, осы сапарда көрген-білгендері жөнінде айтып беруді сұрадық.

– Айжан, Грекияның Закинтос деген аралын көріп қайтыпсыз. Ол жаққа қалай тап болдыңыз?

– Негізі мен саяхаттағанды жақсы көремін. Өйткені әр елге барған сайын тосын әсер алып қана қоймайсың, өмір жаңа қы­рынан ашылады. Өз басым бүгінгі күнге дейін Американың, Еуропаның, Таяу Шығыстың, жалпы, әлемнің жиырмаға жуық елінде болдым.

Грекияның Афины қаласында Виола есімді құрбым отбасымен тұрады. Ол бұрыннан біз­ді әйгілі Элладаға шақырып жүр­ген. Былтырғы шілдеде сол жаққа туристік фирма арқылы бармақшы болған едік. Виза аштырып, ақшамызды алдын-ала төлеп қойғанбыз. Бірақ дәл ұшатын уақыт жақындағанда туристік фирма біз таңдаған отельде орын жоқ екенін айтты. Ал олар ұсынған отель туралы ин­тер­неттегі пікірлерді оқып, көңіліміз су сепкендей басылды. Ақыры ақшамызды қайтарып алып, оның орнына Түркияға баруымызға тура келді.

«Аузы күйген үрлеп ішер» дегендей, осы жолы ертерек қам­дандық. Әріптесім Әлия екі ай бұрын интернет арқылы би­лет қарай бастады. Арзан билет алудың кейбір «құ­пия­ла­рын» ескердік. Ол мынадай: Бі­рін­шіден, билетті бір­неше ай бұ­рын, аптаның сей­сенбі, сәр­сенбі, бейсенбі күн­дері алған тиімді. Екіншіден, түнгі рейстер арзан бо­лады. Үшіншіден, бас­қа қала арқылы (пересадка) ұшу арзан­ға түседі. Төртіншіден, барып-қайту билетін бірден алу тиімді.

Бірақ біз билеттің тым арза­­нын ізде­медік. Мысалы, украиндық әуе компания­сының ұшақ билеттері өте арзан, бірақ қызмет көрсету сапасы нашар деп ести­тінбіз. Сон­дықтан «Астана – Стамбул – Париж – Афины – Стамбул – Астана» ба­ғыты бойынша түрік әуе компаниясының­ барып-қайту билеті 140 мың теңге болған күні интернет арқылы сатып алдық.

Билет қолға тигеннен кейін қо­нақ­үйлерді қарастыра бас­тадық. Біз әдет­тегідей «www.bookіng.com» сайтына жүгіндік. Онда жеке қаражат пен сұраныстарға сай қонақүй қарауға болады. Бұған дейін бірнеше елге осы сайт ар­қылы жатын орын дайындап, барған кезде олар ойымыздан шыққан.

Грекия аралдарындағы жақсы қонақ үйлерде орын аз бо­лады екен. Сондықтан біз құр­бым екеуміз өзімізге ұнаған қонақүйге банк карточкасы арқылы «бронь» қойдық. Осы сайттағы туристердің сол қонақүйлер ту­­ралы пікірлерін мұқият зерт­тедік. Оған қоса сайттағы карта арқылы қонақүйге жақын орналасқан мұражай, көрме, кафе, тарихи ес­керткіштерді зерттеп, өзіміздің бағдарламамызға енгізіп қойдық. Грекия аралында дәл теңіздің жағасындағы тыныш, әдемі қонақүйге жайғасуды жөн көрдік.

Шенген визасы Еуропаның басқа да елдеріне жол ашатындықтан, жол-жөнекей Францияға соқтық. Негізі Парижде бұрын болғанбыз. Бірақ қайта оралғымыз келді. Париждің Эйфель мұнарасы емес, оның бақтары, галереялары мен шағын кафелері қызықтырды.

Париж осы жолы мені кітап пен әдебиетке деген құрметімен қайран қалдырды. «Помпиду» деп аталатын мәдени орталығында кітапханаға кіру үшін  ұзақ-сонар кезекке тұрдық. Кітап­ханаға кір­геннен кейін тіркелу де, куәлік алу да қа­жет емес. Кітапхананы еркін шарлап, қа­лаған кітапты іздеп, тауып, оқып, қайт­қанда бос себетке тастап кетуге болады. Интернет те тегін. «Люксембург» ба­­ғында да телефонына емес, кітаптарына үңіліп отырған адамдарды көрдік. Көше бойы қаптаған кітап сатушылар­. Парижде кітап культы сақталған екен.

– Ал Закинтос деген арал қандай екен? Қандай ерекшелігі бар?

– Бұл аралға баруға бізге грек достарымыз кеңес берді. Интернеттен суретін көргенде­ әсірелеу бар шығар деп ойла­ғанбыз. Бірақ аралдың табиғаты біз ойлағаннан да әдемі бо­лып шықты. Дәл осындай көз қызықтырар сұлу табиғатты алғаш көрдім. Ауасы таза. Суы мөлдір. Құмы жібектей. Аралдағы жал­ғыз өндіріс ор­ны – зәйтүн майын шығаратын кә­сіп­орын.

Закинтостағы бір ерекшелік – онда демалған төрт күн ішінде орыс тілін есті­медік. Біз демалған жерде негізінен американдық мен ағылшындар болды. Ал біздің Қазақстаннан екенімізді есті­ген арал тұрғындары «Қазақтар?!» деп таң қалысты. Қонақүй қызметкерлері де, такси жүргізушілері де, мейрамхана даяшылары мен гид те өмі­рін­де қазақтарды алғаш кө­ріпті. Біз олардан Қазақстан туралы не білетіндіктерін сұ­радық. Олардың көпшілігі же­ріміздің кеңдігі мен қазба байлығы туралы естіпті.

– Құпия болмаса, бас-аяғы қанша қаражат кетті? Қарапайым халық арзан­ әрі тиімді демалудың жолдарын біле жүрсін, турагент­тік­тің көмегінсіз қалай саяхаттауға болады?

– Бүгінгі күнге дейін бір рет қана туристік компанияның көмегіне жүгіндім. Өйткені Түркия жағажайларына тіке­лей чартер ұшатындықтан, ту­ристік пакет арзанға түсті. Ал қалған елдерге өз бетіңше бар­ған әлдеқайда тиімді. Өйт­кені туристік фирма ақша алатын жұмысты өзің атқаруыңа болады, билетті интернет арқылы табуға, қонақүйді броньдауға, виза ашуға ешкім кедергі емес. Қайта өз бетіңше саяхаттаған көбірек еркіндік бе­реді, қызығырақ.

Кез-келген елге саяхаттау­да басты шығын – ұшақ би­леті. Қонақүйді қалаған­ ақ­шаңа қарай таңдауға болады. Біз осы жолы үш мемлекет, төрт жердегі сая­ха­тымызға 380 мың теңге қаржы жұмсадық.­

Айта кету керек, Афиныда достарымыздың үйіне түсіп, грек қонақжайлығына куә болдық. Жалпы, Еуропаның оң­түстігіндегі елдер, Италия, Гре­кия, Кипр азаматтарының айрықша қонақжайлығы мен қонақтарға деген асқан ілти­патын, ашықтығы мен жомарттығын аңғардым. Бұл жағынан олар Қазақстанның оң­түс­тік өңірін еске түсіреді.

– Жалпы, саяхаттағанда нені ескерген жөн екен?

– Егер баратын елге виза берілсе, кез-келген мемлекетке азын-аулақ қаржымен баруға болады. Қонақүйге жеткен соң қаланың картасын, қонақүйдің визиткасын ал­ған жөн. Әсіресе Еуропа қалаларында такси қымбат, сондықтан картамен метро арқылы немесе жаяу кез-келген жерге жетуге болады. Ол әрі қалада адасып кеткен жағдайда оңай құтқарады.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

P.S. Закинтос – Грекияның Ион теңізіндегі аралда орналасқан аумағы. Жер көлемі – 45 шаршы шақырым. Онда 18 мыңдай адам тұрады, жартысынан астамы – қала тұрғындары. Закинтос өз тарихында талай шапқыншылықтар мен жер сілкінулерін бастан өткерген. Ең соңғы зілзала мұнда 1953-жылдың тамыз айында болған. Қалада ерте дәуірлерден бері келе жатқан ғимараттар да бар. Бұл жерге жылына ондаған мың туристер барып демалып қайтады.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!