Тырысқақ – жеңіл дерт емес

21.08.2017
Қаралды: 449

Жаз күндерінде жұртқа қауіп төндіретін жұқпалы аурудың бірі – тырысқақ (холера). Сондықтан ол жөнінде біле жүргеннің де артықшылығы жоқ.

Тырысқақ – жедел ішек инфекциясы то­бына жататын дерт. Ол адам ағзасының жал­пы улануымен, су, тұз алмасу процес­те­рінің бұзылуымен, ағзаның сусыздануымен сипатталады. Жедел ішек ауруларымен­ салыстырғанда ол өте ауыр түрде өтеді, қысқа мерзімде үлкен аймаққа таралады.

Тырысқақ науқастың іші жедел өтуімен басталады. Содан соң адам лоқсып, құ­сып, ағза сусыздана бастайды. Қан қысымы төмендеп, тамыр соғуы әлсірейді. Іштің өтуі тәулігіне 5–15 мәртеге созылып, қоршаған ортаға қоздырғыштар көп мөлшерде бөліне бастайды. Аяқ-қол бұлшық еттерінің тарты­луы байқалып, дауысы қар­лығып, ауызы құр­ғайды. Су, тұз алмасу процестерінің бұзылуына байланыс­ты кіші дәрет тоқтап қалады. Егер науқас адамға тез арада дәрігерлік көмек көр­сетілмесе, ол адам мерт болады.

Тырысқақ оның вибрионын тасымалдаушылармен тығыз қарым-қатынаста бол­ғанда, науқас адамды күту кезінде, жеке бас гигиенасының сақталмауынан, тырыс­қақ қоздырғыштарымен ластанған ашық су көздерінде шомылу және сол лас су көздерін ауыз су ретінде пайдалану жағдайларында, қоздырғыштармен ластаған тамақ өнімдерін пайдаланған кезде жұғады.

Тырысқақты жұқтырмас үшін көкөністер мен жеміс-жидектерді таза суға жуып пайдаланған аса маңызды. Сондай-ақ жеке бас гигиенасын әсіресе балалар арасында қатаң сақтау қажет. Ауыз суды міндетті түрде қайнатып ішкен абзал. Дайындалған тағамды ашық қалдырмаған, жылдам бұзылатын тағамдарды тоңазыт­қышта сақтаған абзал. Үйдегі қоқысты уақтылы шығаруды әдет еткен дұрыс. Ас ішер алдында, дәретханадан кейін қолды сабындап жуу керек.

Д. КЕНЖЕБАЕВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданықоғамдық
денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!