Көлбастауда көрінген тұяқты қыз

24.06.2016
Қаралды: 3255

«Ойбай, тұяқты қыз пайда болыпты! Ол күндіз көрінбейді екен де, тек түнге қарай жортуылға шығады екен. 

Адамдардан мүлде қорықпайтын көрінеді. Тіпті жеңіл автомобильді де жүгіргенде басып озып кететін көрінеді...»

Міне, осындай қаңқу сөздердің өткен жылы бүкіл Майлыкент өңірін шарпып өткені жасырын емес. Қанша сенгің келмегенмен есіткен құлақта жазық жоқ. Тура көздерімен көргендей кейбіреулер жыр қылып айтып та жүр.

Негізі оқиға былай болған көрінеді.

...Көктемнің алғашқы күндері болса керек. Жарықбай деген жасы алпысты алқымдап қалған кісі жеке көлігімен аудан орталығынан келе жатады. Қою қараңғылық онша түсе қоймаған кез. Содан кабинада бір өзі елегізіп келе жатқан Жарықбайдың қалың тұт ағашының жанында жалғыз өзі бүрісіп тұрған қызға көзі түседі. Және бір қызығы қыз елдің ішінде емес, айдалада бір өзі тұр екен. Ақшасы болмай, ауылына жете алмай қалған бейбақ шығар, ала кетейін деген оймен Жарықбай оның жанынан өтіп барып тоқтайды. Мойылдай қара шашы иығын жапқан аққұба өңді, бота көзді қыз өзінен едәуір жерге ұзап барып тоқтаған көлікке адымдай басып кіре береді. 

– Саламатсыз ба, ағай? Мені Көлбастауға дейін ала кетпейсіз бе? – деп алдыңғы орынға жайғасады.

– Ала кетейін. Ауылдарың жолдың бойында ғой. Ол жақта кімнің қызы боласың? – деп Жарқынбай жолаушыны сөзге тартады. Жалаңбас, үстінде жұқа жемпірі бар қыз шынында да қатты жаурап қалған екен:

– Ұзақбайдың, – дейді қалшылдап. 

– Әлгі ұзынтұра Ұзақбай ма?

Қыз «иә» дегендей үнсіз басын изейді. Одан әрі көлік ішінде әңгіме онша өрби қоймайды. 

Қызға қатты жаны ашыған Жарықбай  көлігін жолдың шетіне тоқтатып, үстіндегі костюмін шешіп, қыздың үстіне жабады. Қыз «рахмет» дегендей Жарықбайға мөлдіреген үлкен көздерін төңкере қарайды.

Межелі жерге жеткенде көлік иесі жолдан мінген қызды Көлбастаудан үйінің тұсынан түсіреді. Ол: «Сізге үлкен рахмет!» – деп ұзай береді. Жарықбайдың құлағына кенет аттың шабысы естілгендей болады. 

Бойын әлдебір қорқыныш жайлаған Жарықбай үйіне келгенде костюмінің қызда қалып қойғанын бір-ақ байқайды. Бар құжат пен ақшалары да сол костюмнің қалтасында екен. Ертесіне костюмді ала қояйын деген оймен  Көлбастауда тұратын Ұзақбайдың үйіне бұрылады. Бір жақсысы, Ұзекең үйінде екен. Екеуі жылы амандасып, шайға отырады. Жарықбай келген шаруасын айтады. 

– Менде үш ұлдан кейін жалғыз қыздың болғаны рас, – деген Ұзекең сонда күрсіне отырып, төрдегі кілемнің жоғарғы жағына ілінген портретті көрсетеді. Үлкен портретте көздері жәудіреп тұрған кешегі қызды Жарықбай бірден таниды. 

– Кеше менің көлігіме мінген тап осы қыз болатын! – деп қалай айқайлап жібергенін де байқамай қалады. 

– Ол қалайша сенің машинаңа мінеді? – дейді Ұзақбай да аң-таң болып. – Оның қайтыс болғанына биыл екінші жыл. Колледжде оқып жүргенде жұмбақ жағдайда дүниеден өтті. Не айтып отырсың өзі?! – деп ашу шақырады.

Содан түкке түсінбеген Жарықбай далбасалап қызды мінгізген баяғы жерге келеді. Сөйтсе, қалың тұт ағаштарының бірінде оның жасыл костюмі ілулі тұр екен. Бір қызығы оған ешкім тимеген,  ақшасы да, құжаттары да түгел, бәрі орнында.

...Арада екі-үш күн өткенде дәл сол кешкі мезгілде Жарықбай тағы да аудан орталығынан келе жатады. Сөйтсе, дәл қалың тұт ағаштарының қасында  өткендегідей қыз бүрісіп қол көтеріп тұр екен. Бойын бір түрлі қорқыныш билеген Жарықбай тоқтамай өтуге ұйғарым жасайды. Жанынан зу етіп өте бергенін байқап қалған әлгі қыз көлікті қуа жөнеледі. Жылқының шабысынан аумайтын жүйрік қыз шабысын үдеткен күйі машинаға жақындап қалады. Рульден айырылып қалмауға жанталасқан Жарықбайдың құлағына тоқылдаған тұяқтың үні анық естіледі. Қорыққаннан газды қанша басса да қыз артынан қалмай қояды. Бір кезде асфальтты тоқылдатқан қыз көлікке қатарласа береді де, екпінімен бір соғып өтеді. Одан арғысы көрген түстей.

Машинаның жолдан шығып бара жатқаны, көздері сұмдық аларып кеткен тұяқты қыздың жер-көкті басына көтере айқайлап, жынды адамша сақ-сақ күлгені, жезді тұяқтарымен жер қарпып, майда топырақты өзіне шашқаны, шыр айнала тепсініп жүргені Жарықбайдың еміс-еміс есінде қалыпты.

Қанша жатқаны белгісіз, көзін ашқанда үйінде жатыр екен. Жанында бастарына сәлде ораған біреулер отыр. Мұның көзін ашқанын байқаған олар әлденені сарнап оқи жөнеледі. Арада бір жеті өткенде өз-өзіне келген Жарықбай жұрттан өзіне не болғанын естиді. Оны жерлестері көшеден жырақ айдалған жер – сүдігердің арасынан тауып алыпты. Көлігі дін-аман болғанмен, өзі аузы-басы қисайып, енді болмағанда өлейін деп жатқан жайы бар екен. Содан балалары әкелерін үйіне әкеліп, молдаларды шақыртып, оқытыпты.

Осы оқиғадан соң Жарықбай көлік жүргізуді де мүлде қойыпты, беймезгіл уақытта сыртқа шығуды да доғарыпты. Уақыт өте келе намазға жығылып, мұсылмандық жолға түсуді жөн көріпті. 

Міне, біз есіткен тұяқты қыз туралы әңгіме осындай. Тұяқты қыздан сескеніп жүрген жандар арамызда қазір де жетерлік.

Сонда бұл өзі не болды екен? Адам ба, жын-шайтан ба? Жоқ әлде елес пе? Оны әзірге ешкім білмейді.

Міне, біз жақта осындай да оқиға болды.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ