Ол өзінен 35 жас үлкен күйеуіне шын ғашық екен

21.08.2017
Қаралды: 881

Тоқал туралы әңгіме қозғала қалса жұрттың қызу пікірталасқа түсіп кететіні бар. Бұған қарсы болатын көбіне әйелдер екені де белгілі. 

Шынымды айтсам, өзім қарсылардың да, жақтаушылардың да қатарында жоқ бейтарап жан едім. Ал жақында бір келіншектің сырын тыңдағаннан кейін жағдайы жеткен азаматтардың тоқал алғаны да дұрыс екен-ау деген ойға қалдым.

Мен әңгіме еткелі отырған келіншектің өзінен 35 жас үлкен еркектің тоқалы екенін естігенде іштей «не басына күн туды екен» деген ойдың келгені рас. Еркек жасы 70-терге келіп қалған, ал әйел 30-дан енді асқан. Келіншекті көрмей тұрғанда сыланып-сипанып бой-басына қарап қалған ақсаусақ, қолынан боянудан бас­қа түк келмейтін болғандықтан ақшасын пайдалану үшін үлкен еркектің етегінен ұстаған деп те ойладым. Оны білетін­дердің көбі осылай ойлаған шығар. «Ат кісінескенше, адам түсініскенше» демей ме, онымен танысып, жақын аралас­қаннан кейін бұл ойымнан айныдым.

Тоқал-келіншектің елден ерек еш­теңесі жоқ, өзіміз секілді қарапайым әйел екен. Жасымыз қатарлас болғасын шығар, екеуміз тез тіл табысып кеттік. Үйре­нісе келе одан не үшін тоқал болып жүргенін сұрадым. Біраздан бері көкейде жүрген: «Шал боп қалған кісіге тәбетің қалай тартады?» – деген сұрағымды да жасыра алмадым. Ренжіп қалды ма деп қорқып едім, ол: «Тәбетім тартпақ түгілі, мен ол кісіге ғашық болып тидім десем сенбейтін шығарсың, иә?» – деп күліп, өзі жайлы әңгімені бас­тап кетті.

«19 жасымда мені өзімнен алты жас үлкен бір жігіт баса-көктеп алып қашып кеткен еді, – дейді ол. – «Бірінші бақ – бақ», «Босағадан аттап қойған қыз кері қайтпайды» деген соң бұрын-соңды көр­меген жігіттің жары болып қалып қойдым.­ Барған жерім ел қатарлы үйге хабаршы жіберіп, қалыңмал беріп, кейін құдалық шақырды. Осылайша қызыл желек жамылған келіншектік ғұмырым басталып та кетті. Ата-енемде де, күйеуімде де мін жоқ, алтын адамдар. Бірақ сорыма қарай, өзім құрсақ көтере қоймадым. Сәбиді бір жыл күткен ата-енем мені анда-мында апарып қарата келе бедеу екенім белгілі болды. Ата-енем де, күйеуім де мені ренжіткісі келмеді. «Адамның де­гені емес, Алланың дегені болады» деп дәрігерлердің қорытындысына сенбей, Құдайдан үміттерін үзбеді.

Осылайша төрт-бес жыл да зымырап өте шықты. Кейін күйеуім үйге ішіп келетінді шығарды. Мүмкін күйігін осылай жеңілдеткісі келген шығар. Оның күн сайын көз алдымда «шөгіп» бара жатқанына дәтім шыдамай, ажырасуға арызды өзім тастап, ұрыспай-таласпай ажырасып кеттік. Ол мен кетісімен үйленіп, ұлды болыпты. Оған шын көңілден бақыт тілесем де бұл жаңалық менің жанымды қатты жаралады. Баласыз, күйеу­сіз әйелдің өмірінің мәні жоқтай көрінді. Жанымның жарасын жеңілдету үшін өзім секілді жалғызбасты құрбыларымды жинап, кафеге жиі баратын болдым. Қай­ғымызды ұмытайық, көңілімізді көтерейік деп аз-маз ішетінбіз. Кейде мас боп қалып, ешкімім жоқ деп жылайды екен­мін. Маған жаны ашыған бір құрбым осы Секеңмен таныстырды. Ол кісіге де танысқан күні мас боп қалып, бар сырымды айтып жылаппын. Ол мені пәтеріме дейін жеткізіп салыпты.

Уақыт өте келе мен ішпесе тұра алмайтын жағдайға жетіп, жұмысымнан айырылып қалдым. Төркініме қайтып бара алмаймын, келіндерінен ұялып ата-анам үйге кіргізбейді. Құрбылар менен теріс айналып кеткелі қашан. Әбден қарызға батып, пәтерден де қуылып далада қалып, қиналған шақта Секеңе қоңырау шалып, кездесуге шақырдым. Ол кісінің жеке бизнесі бар, қалталы азамат екенін білетінмін. Кездескен кезде оған қиналып жүргенімді, қарызға белшемнен батқанымды, жаны ашып қарайласатын ешкімім жоғын айтып әбден жыладым. Тіпті өлгім кеп жүргенін де жасырмадым.

Ол кісі мені бар қарызымнан құтқарып, ата-анама баруға үгіттеп еді, олардың мені қабылдамайтынын ашып айттым. Сосын қала шетіндегі тыныш жерден екі бөлмелі пәтер жалдап, бір танысына өтініш айтып, мені жұмысқа орналастырды. Содан бастап жиі кездесетін болдық. Әр кездескенімізде жақсы әңгіме­лер айтып, жанымды жадыратып кетеді. Маған жасаған жақсылығына «қайтарым» да сұрамайды. Ол кісімен араласа келе басқа түскен тағдырға көндігіп, күйеусіз, баласыз да бақытты ғұмыр кешуге бола­тынын түсіндім. Қанша арақ ішкім келіп, басым ауырып тұрса да сол кісіден айы­рылып қалмайын деп өзімді-өзім тежедім.  Қысқасы, ол кісі менің өмірімнің мәніне айналды, енді мен сол үшін, соны қуанту­ үшін өмір сүре бастадым. Кездескісі келе­тінін айтса, үйге шақырып, дәмді тағамдар әзірлеп қоямын. Қас-қабағына қа­рай­мын, демалу үшін қисайып жатса, ар­қасын, аяғын уқалап беремін. Онда тұр­ған не бар, ол да маған талай жақсылық жасап, қам­қорлық көрсетті емес пе?

Ақырында ол мені тоқал еткісі келе­тінін айтты. Үй-ішінің күйбеңінен, жақын-жуықтың міндеттерінен, әкелік, аталық, туыстық, басшылық міндеттерінің бәрінен шаршағанда демалатын тыныш жер, жанын түсініп, әңгімесін үндемей тыңдайтын жанды көптен бері іздеп жүргенін жасырмады. Мен келісімімді бердім.

Ол маған қаладан пәтер әперетін, мен жұмыс істемей-ақ өзі бағатын болған. Бірақ отбасылы адамның мойнына масыл болғым келмеді. Зейнет жасындағы адамға таза ауа, қоспасы жоқ таза тамақ керегін ойлап, ауылдан қора-жайы, бау-бақшасы бар үй әперуін өтіндім. Жаспын, бау-бақша егіп, мал ұстауға шамам жетеді. Әрі есік алдын әдемі гүлдер өсіріп, сүйіктіме гүлдердің арасында отырып шай құйып бергім келетінін айттым. Ол бар өтінішімді орындады. Қазір аптасына бір келгенінде монша жағып, қолдың қаймағын қатып, өзім баққан тауықтың жұмыртқасын қуырып, шай беремін. Бірер күнге қонуға қалса, қорада байлап отырған қошқарды сойып, қуырдақ істеймін, ет асып, қолымнан келге­нінше оның жайлы демалып кетуіне жағдай жасаймын. Екеуміздің арамызда жұрт түсіне бермейтін керемет бір тылсым байланыс бар. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес».

«Қойшы, шынымен ғашықсың ба?» – деп қайталай сұрадым оған сенбей. Ішкі ойым далада қалған соң өйтіп-бүйтіп күн көру үшін айырылмай отыр деп әлі сенгісі келмейді. Ол: «Шын ғашықпын», – деді жүзі бал-бұл жанып. «Махаббат жасқа қарамайды» деген осы шығар.

Бұл әңгіме маған үлкен ой салды. Біріншіден, сырын білмей жатып біреудің сыртынан жаман ойламау керектігін түсіндім. Әркім басына түспей ештеңені де түсінбейді. Екіншіден, отбасылы еркек­ жалғызбасты әйелге қуаныш сыйласа, жаңадан өмір бастауына мүмкіндік берсе, оларды өсектемей, қайта бұған қуануымыз керек шығар.

Ал сіз қалай ойлайсыз, замандас?

Ж. АСЫЛҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!