Сізге қандай медаль керек, қанша медаль керек?

21.08.2017
Қаралды: 471

Бүгінде әр алуан төсбелгі, медаль сияқты түрлі марапат белгілерін сатып алып жатқандар аз емес. 

Ал сұ­раныс бар жерде ұсыныстың да болатыны заңды. Осы орайда қаламызда бір пысық жандар медаль шығаруды да жолға қойғаны жөнінде естідік. Сосын телефонын алып, ол жермен хабарластық. Телефон тұтқасын әйел адам көтерді.

«Біз орден жасамаймыз, орденді мемлекет шығарады, – деді ол біздің қойған сұрақтарымызға орай. – Медаль, төсбелгі сияқты марапат белгі­лерін жасаймыз. Бәрі тапсырысқа байланысты. Ол қандай болады, қалай аталады – оны тапсырыс беруші ше­шеді. Бізге нобайы сызылған эскизін әкелуі тиіс, сол бойынша қалыпқа құйып жасалады. Ал оны жасатуға қандай да бір жергілікті атқарушы органның немесе мекеменің, ұйымның арнайы келісімі, қаулысы болуы керек. Біз сол бойынша жұмыс істейміз».

Қысқасы,  медаль жасатар болсаңыз, оған қандай жазу түсіруді өзіңіз шешесіз. Мысалы, ол «Ауылымызға – 100 жыл», «Мекеменің озат қыз­мет­кері», «Қаланың қайраткері» дейсіз бе, оған еш шектеу жоқ.

Бұл мекеме қызметкерінен білгені­міз, тапсырыс берілетін медаль саны 50-ден кем болмауы керек екен. 50-ден 100-ге дейін жасатсаңыз, оның әр данасы үшін 4500 теңге ақы төленеді. Одан көп мөлшерде жасатуға да болады, ол кезде аздап жеңілдік бар: 1 данасы үшін 3750 теңге төлейсіз.

Медальді өз қалауыңызға қарай арнайы қоспа металдан да, алтын неме­се күміс жалатып та жасатуға болады. Бірақ кемінде 3 апта бұрын тапсырыс беру керек. Яғни мұндағылар 50 медаліңізді 21 күнде жасап бере алады екен. Медаль салынатын қорап жасатсаңыз, оның ақысын бөлек төлейсіз.

Мекеме қызметкері бізге бүгінде өздеріне тапсырыс беріп жатқандардың көп екенін айтты.

Ал Сізге қандай медаль керек?

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!