Дүкеңді мақтан тұтамыз

21.08.2017
Қаралды: 457

Өз басым Дүкеңді жүзбе-жүз көрген емеспін.Бірақ шығармашылығын сырттай жақсы білемін дей аламын. 

Мек­тептің жоғары сыныбында оқып жүргенде аудандық «Шамшырақ» газетінің бетінен шағын әңгімелерінің, еңдерінің соңында «Дүрәлі Дүйсебаев, Высокое селосы» деген жолдарды жиі кездестіріп тұрушы едік. Кейде ауылында өткен спорт жарыстары туралы мақалалары да шығып тұратын.

Кейінірек оның есімін «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінен оқитын болдық. «Шақпақ бабаның» төл перзенті 1954-жылы дүниеге келіпті. Осы ауылдағы Кеңес Одағының батыры С.Бреусовтің атын иеленген орта мектепті 1971-жылы бітірген оның журналист болсам деген арманы бірден жүзеге аса қоймайды. Қатарынан үш жыл ҚазМУ-ға құжат тапсырып, қанша талаптанса да жолы болмайды. Бірақ оған мойымаған Дүкең туған ауылына келіп, колхоздың қара жұмысына қойып кетеді. Жастық жалынмен жұмыс таңдамай, кез келгенін істеп жүре береді. Қой да бақты, шөп те шапты. Осылай жүріп әскер қатарына да барып келеді. Армия қатарынан арнайы жолдамамен келген ол құжаттарын төр­тінші мәрте ҚазМУ-ге тапсырып, жолы болып, көптен күткен арманына жетеді.

Айтпақшы, ол үшінші рет оқудан «құлағаннан» кейін тамаша түс көреді. Түсінде қалада жүр екен. Аялдамаға алқына жеткенде кәдімгі «гармошка» автобус есігін жауып ала қояды, сосын оның мінбек болғанын байқап қайта ашады. Бұл кезде талапкер қобалжып, тартына қалады, есік қайта жабылады. Не керек, үш рет жабылған есік төртіншісінде қайта ашылып, секіріп мінеді.

1981-жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген Дүкең алған мамандығы бойынша «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қызметке орналасады.

«Темкеңнің (Темірбек Қожекеев) тәр­тіпке тартқан тегеуірінді тепкісін көріп жүріп оқуды да бітірдік, – деп еске алады ол кісі. – Оқып жүргенде спорт тақырыбына аздап жазып жүрдік. Оқу бітірген соң жолдаманы елге алдым. Жалғыз шешем бар ауылда. Аудандық газетке келсем, маңдайлары жарқырап ұстаз аға­ларым отыр. Қайсысын «қууым» керек? Олар маған не жамандық істеді? Мақалаларымды, өлеңдерімді шығарып тұрғаны болмаса. Батпадым. Әйтпесе олардың 90 пайызы басқа мамандықтың иелері болатын. «Қой, болмас, облыстық­ газетті көрейін» деп Шымкентке тарттым. Онда да тәжірибелі болғанымен мамандығы басқа ағаларым бар. Сосын кері қайттым. Есіме Несіп аға Жүнісбаев түсті. «Лениншіл жас» газетінде спорт бөлімінің бастығы. Бір-екі рет әңгімелескенім бар. Талапшыл әрі өте тартымды азамат. Мен кетіп бара жат­қанда бір курстасымды айтуға барғанмын. Ол кісіде бір орын бар еді. Таныс жігітті ұсынғанмын. «Оны білме­дім, ал саған орын бар», – деген. Бүгінде аға-інідей болып кеткен ұстазымның сол кезде маған ықыласының неге ауғанын әлі күнге дейін білмеймін. Елден түк шықпасын сезіп, шешеме мән-жайды түсін­діріп, нартәуекел деп Алматыға тартып отырдым. Несіп аға мені жақсы қарсы алды. Мән-жайымды білген соң редакторға кіріп кетті. «Ертең галстукпен кел. Редактор қабылдайды», – деді.

Міне, редактор Сейдахмет Берді­құловтың алдында тұрмын. Ол кісіні тұңғыш бетпе-бет көруім. Мысына шыдау, бетіне қарау қиын.  Бірақ Сейдахмет аға мен күткеннен де жұмсақ шықты.­ «Әй, Несі-е-е-п, – деді  Нес-ағаға қарап. – Өзі қалай, адал ма?» Бұрын-соңды сырласып көрмеген ағам маған жалт қарады. Көзінен «Адалсың ба, мені ұятқа қалдырмайсың ба?» деген сөзді оқығандай болдым. «Адал секілді», – деді сосын. «Ә, он­да бір айлық сынақпен алайық» деді. Сол бір айлық сынақ он алты жылға созылды. Сөйтіп «Лениншіл жаста» осынша жыл табан аудармай отырыппын. Газеттің стажерлігінен бас дирек­торы деген лауазымға дейін көте­рілдім. Сол 1996-жылы Мемлекеттік тергеу коми­тетінің екі тілде шығатын «Қылмыс пен жаза» – «Преступление и наказание» деген газеті ашылып, бас редакторлыққа шақырылдым. Кейін­нен заңгерлік білім алдым, Мемлекеттік тергеу комитетінде қызмет еттім».

...Дүрәлі ағамен арамыз қаншама шақырым алшақ болғанымен көзді ашып-жұмғанша жеткізетін интернет деген керемет бар. Сондықтан бұрын дидарын көрмеген жерлесіме: «Журналист болуға сізді қандай күш итермеледі?» – деген сауалымды жібердім. Ол кісіден жауап та­ онша кешіге қойған жоқ. «Журналистика факультетіне бару идеясы мектепте туды. Төртінші-бесінші сыныптан бас­тап аудандық, облыстық, республи­калық газеттерге өлең, әңгіме жаза бас­тадым. Алтыншы сыныптан бастап маған хат қар­дай борады. Мектепте менің дүние­лерімді бір-екі рет талқылағаны да есімде».

Сонымен отставкадағы полковник, «Лениншіл жаста» тілшіліктен бас директорлыққа дейін, «Халық сөзі» газе­тінде бас редактордың орынбасары, «Қылмыс пен жаза» – «Преступление и наказание», «Спорт» – «Sport» газет­терінде бас редактор болып жемісті қызмет атқар­ған Дүрәлі Дүйсебай аға­мыздың балалық шағы қалай өтті екен, спортқа құштарлық қай кезде оянды деген са­уалдар да әлеуметтік желінің тұңғиығына сүңгіп кетті.

«Балалық бал шағым табиғаты тамаша Түлкібас ауданының Высокое елді мекенінде өтті, – дейді Дүкең. – Талас Ермеков деген спортшы ағай дене шынықтырудан сабақ берді. Мықты кісі еді. Ұйымдастырушылығы да жоғары деңгейде. Ауылымызда еркін күреске бейімдел­ген Балалар мен жасөспірімдер мектебін ашып, талай таланттың шебер­лігін шыңдауына мүмкіндік жасады. Сонда жетінші сыныптан бастап жаттықтым. Спорттың осы түрі мен қазақша күрестен тәп-тәуір жетістіктерім болды. Аудандық, облыстық­ жарыстарда жүлделі орындардан көрін­дім. Разрядым бар. Баскетбол, биіктікте секіруден де жаман болған жоқпын. Бокс­пен өзімше жаттықтым, ауылда менде ғана бокс қолғабы болды-ау деймін. Қыс­та хоккей ойнадық. Футболдан мектептің, колхоздың, кейін әскерде жүргенде бөлім­шенің құрама командасында өнер көрсет­тім. Осылайша спортқа деген құлшыныс менде бала кезден қалыптасты».

...Біз бүгінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы «Еуразия» ұлттық университеті журналистика және саясаттану факуль­тетінің оқытушысы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының (МАИН) корреспондент-мүшесі, халықаралық Журналистер одағының, халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының, «Бас редакторлар» клубының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы, еліміздің үздік спорт журналисіне берілетін С.Бердіқұ­лов атындағы сыйлықтардың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, «Тіл туралы тол­ғам­дар», «Үштаған», «Дүрбіде – дөңгеленген дүние» кітаптарының авторы, бірнеше ведомстволық медальдар мен «Тіл жанашыры» және басқа да белгілер­дің иегері, жерлесіміз Дүрәлі Дүйсебайды пайғамбар жасына толуымен шын жүректен құттықтаймыз. Деніне саулық, отбасына амандық және қызметіне шығармашылық табыстар тілейміз. Шаршамаңыз, шалдықпаңыз, еліңіз үшін, жер­лес­теріңіз үшін талмай қызмет етіп, сенім биігінен көріне беріңіз дейміз.

О.КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!