Жоқ-жітікке жәрдемін аямайтын жастар бар

15.08.2017
Қаралды: 962

Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Жер-жерде «Мектепке жол» атты акция басталатын кез жақын. 

Енді әкімдер мен депутаттардың, белгілі кәсіпкерлердің, ірі компаниялардың тұрмысы төмен отбасы балаларына көмек беріп жатқаны жайлы хабар жиілейді. «Садақаны сауында беріп» жатқан бұл азаматтар бірақ «Бір қолыңмен берген садақаңды екінші қолың білмесін» деген қанатты сөзді ұмытып кетіп жатады.

Жақсылық та «жұғады» екен

Тап осы сияқты жылда білім алуға асыққан бүлдіршіннің керек-жарағын түгендеп беріп тұратын бір топ бар. Бірақ олар бірнеше жылдан бергі жасап келе жатқан жақсылығын жария ете бермейді. Бұл – «Қайырымды жандар» еріктілер тобы. Кешегі аптада Шымкентке алматылық осы топтың бірнеше мүшесі келген болатын. Біз топ мүшесі, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық универ­си­теті­нің студенті Тор­ғын Асанмен (суретте) кездесіп, сөй­лестік.

«Қайырымды жандар» тобы алғаш Алматы қаласында 2015-жылдың 25-қарашасында Айдын Тоқсанбаева әпкеміздің себепкер болуымен құрылған. Қазақстанға «Сая­хатшы әже» ретінде танылған Лена апа екеуі 100 ата-әжеге дастархан жайып, кеш ұйымдастырғанын білетін боларсыздар. Той тарқаған соң осы шараға барған 30 шақты қыз-жігіт бұл жақсы істі жалғастыру керек деп шешеді. Сол жерде бір-бірінің байланыс нөмірлерін алып, көп ұзамай әрқайсысы өз бетінше сый-лық арқалап, балалар үйіне барып қайтады.

Жақсылық та жұғады екен. Қоғамға жақсы істер жасауды насихаттаудан бас­талған 20-30 адамнан тұратын топ мүшелерінің саны күн санап өсе берді. Бүгінде бір ғана Алматының өзінде біздің қатарымыз 300-ден асты. Қатарымызда студенттер көп. Арамызда алпыс жастан асқан ағаларымыз да бар. Бәріміз ортадан ашылған шотқа қолымыздан келгенше қаражат аударып тұрамыз. Жиналған бұл қаржыны киім-кешек, дәрі-дәрмекке мұқтаж жандарға жеткіземіз. Ұранымыз – «Жақсылық жасап жарысайық!» Бүгінде «Қайырымды жандар» деген еріктілер тобы Алматыдан бөлек, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз, Ақтөбе қалаларында да бар.

Біз былтыр 66 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар әпердік. Жылда осылай шамамыз жеткенше 30-40 оқушыға көмектесу дәстүрімізге айналды. Бүгінгі күнге дейін Алматы қаласында бірнеше жүздеген мұқтаж отбасыға азық-түлік пен басқа да керек-жарағын алып бердік. Кейде бір күнде 10-15 отбасыға баратын кездеріміз болады.

Бірде бізге Қаратұрақ дейтін ауылдан бір апай хабарласты. Жуынды төгуге шықса, иттің ыдысынан тамақ жеп отырған жас қызды көреді. Сұрастырса, жақында ғана үйінің қасындағы жазғы тұраққа көшіп келген көршісінің 3-4 жас­тағы қызы екен. Екі балалы жалғызбасты әйелдің ішетін тамағы да жоқ дейді. Ал кішісі емізулі нәресте.

Әдетте біз дабыл түскен жерге бір­не­ше волонтерді жіберіп, қандай көмек керек екенін анықтап алатынбыз. Ал бұл туралы ести салысымен бір-бірімізге хабар беріп, қорымыздағы, қалтамыздағы қаражатты жинап, азық-ауқат пен киім-кешек алып, жолға шықтық.

Жуынды теріп жеген қыздың анасын көріп, жағдайымен танысқанда бәріміз жылап жібердік. Үй деуге келмейтін жұпыны жерде тұрып жатқан жап-жас келіншек жетім өскен екен. Ол аздай күйеуі бұрын сотталған нашақор болып шығып, тағдырдан әбден теперіш көреді. Оның жейтін асы, жамылатын көрпесі жоқ еді. Қолымыздан келгенше керек-жарағын әпердік.  Топтың бір мүшесі телефонын сыйға тартты.

Торт ала барғанбыз. Мұндай тәттіні туылғалы бері бірінші рет көрген кішкентай қызда тіпті ес қалған жоқ. Жүрегіміз ауырды. Ал анасы балаларын қарайтын жер болса, қандай қара жұмыстан да қашпайтынын айтты.

«Сендер кеткен соң кішкентайын құшақтап, «Сенбеймін, өңім бе, түсім бе?» деп көршім екі сағат тоқтамай жылады. Оны жұбата алмадым, бірге жыладым», – деп жазды кейіннен бізге хабар берген апай», – дейді Торғын.

Қанағатты білетін қайыршылар бар

«Былтыр 30 шақты тұрмысы төмен отбасының балаларын қыдырттық.  Концерт ұйымдастырып, өзіміз би билеп, ән салып, көңілдерін көтере отырып, өмір мен өнерге деген қы­зығушылықтарын оятуға тырыстық. Балалардың көздеріндегі мұңды, әсерлі кештен кейінгі жүздеріндегі қуанышты көру оңай емес», – дейді топтың белсенді мүшесі Мәулен Алғазы (суретте).

Бұл жастар түнгі клуб, көңіл көтеру орындарына барғаннан гөрі, оған жұмсалатын қаражатты қайырымдылыққа жұмсағанды жөн көреді. Өзге өңірдегі әріптестеріне көмектесу арқылы ірі көлемдегі көмекке мұқтаж (операция, қымбат дәрі-дәрмек, т.с.с.) жандарға да жедел көмек ұйымдастырады екен. Былтыр бүйрегін алмастыруды қажет ететін 12 жасар Жанелге жастардың 12 миллион теңге жинап бергенінен көпшілік хабардар. Бұл шарада шымкенттік жастар тосап сатса, жезқазғандықтар жәр­мең­ке ұйымдастырыпты. Ақтаулықтар сайқымазақ киімін киіп, жұртты күлдіру арқылы қаржы жинаса, алматылықтар алма сатып, концерт ұйымдастырған. Енді Алматы жастары Шымкенттегі достарына шұғыл ота жасауды қажет ететін жас қызға қаржы жинау шарасына жәрдемдесу үшін келіп отыр.

«Былтыр қыстың қақаған суығында көшеде бүрсеңдеген қайыршыларға (бомж) қол ұшын созуды жөн көрдік. Ортадан жиналған қаржыға 50 бас киім, 50 көрпе (плед) алдық. Сөйтіп көше бойында ошаққа от жағып, қазан көтеріп, ыстық тамақ әзірлеп, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандарды тамақтандырдық.

Басында баспана, астында көлігі, қалтасында қаржысы болса да қанағатты ұмытып, алған үстіне ала берсем екен дейтін кей көкелерге олардың да үлгі болатын жері бар екен. Бізге олардың бір кесе асқа тойған соң бір бас киімнен артығын алмай, бір көрпені екеуі қоса жамылуға келісіп: «Маған бұдан артықтың керегі жоқ, өзге мұқтаждарға берерсіңдер» дегенінің өзі ой салады. Біз кетерде олар топтағы жігіттің бірін ұзақ құшақтап, бұл жақсылықты ешқашан ұмытпайтынын айтып, жылап та қалды.

Ал олардың тағдыры бізге сабақ», – дейді топ мүшесі Әйгерім Нұрлыбай (суретте).

«Қа­йырымды жандар» қаржысыз көмек көр­сетуді де қолға алып жүр. Жал­ғызбасты қарттардың үйін жинап, кішігірім жөндеуден өткізу, бақшасына күтім жасауға көмектесу се­кілді жұмыстарда да үлгі болып, алғыс арқалап жүр.

Оқу ақысын төлеуге де көмектеспек

Жақсылық жасаудан жарыс жариялаған жастар тағы бір игі шараны қолға алмақ екен. Олар жақында «Грант-топ» деген топ құрмақ. Ондағы тұрақты 20 адам ай сайын ортақ қорға 5 мың теңгеден аударып отырады. Бір айда осылай 100 мың теңге жинайтын олар бір жылда жинал­ған миллионнан астам қаражатты білімге құштар, бірақ мүмкіндігі жоқ түлектің оқу ақысына жұмсауды жоспарлап отыр. Осылай бір топ 2 сту­денттің білім алуына жол аш­пақ. «Грант-топ» саны кө­бейген сайын білім алатын жастар саны да өсетіні белгілі.

«Қайырымды жандар» болашақта заңды ұйым ретінде тіркелуді де жоспарлап отыр. Алдағы уақытта қиналғандарға қол ұшын созып, сауап арқалағысы келетін демеуші азаматтар табылып жатса, болашақта жер алу, үй салу арқылы баспаналы болу мәсе­лесінде де мұқтаждарға қол ұшын созуды армандайды. Жастардың бұдан басқа да алға қойған жоспарлары көп.

Талай баланың өзін бақытты сезініп, мұқтаж жандардың жүрегіне жылу сыйлаған бұл жастардың ісі, шынында да, үлгі алатындай-ақ.

Еріктілер тобының байланыс телефоны: 8-701-911-02-02.

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!