Шымкенттен ойыншық та шығарылып жатыр

15.08.2017
Қаралды: 463

Балаларға арналған ойыншық атаулының шет елдерден әкелінетініне көзіміз әбден үйренген. Өз елімізде ойыншық шығарылады деп ойламайтынымыз рас. Дегенмен біз­де де ойыншық шығаратын кәсіпорын бар. 

Шымкенттегі «Наурыз Пластик» фабрикасы әзірге Қазақстандағы ойыншық жасайтын жалғыз өнеркәсіп орны болып саналады.

Жеке кәсіпкер Рәпия Байтемірованың «Наурыз Пластик» сауда маркасымен ойыншық шығарып жатқан өнеркәсіп орны соңғы уақытта қарқын ала бастады. Әрі ол жақында Шымкенттің іргесін­дегі «Оңтүстік» индустриалдық аймағына орналасты. Ал ең бастысы, фабрика таяу уақытта өз өнімдерін шет ел нарығына экспорттауға дайын.

Шымкентте өндірілген ойыншықтар Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудандары мен қалаларында­ сатылуда. Жергілікті тұтынушылар бұл өнімді ең сапалы­ және экологиялық таза бұйым деп тауып отыр. Биыл кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі заманауи өндіріс желісін сатып алды. Желілер толық қуатпен іске қосылса, жылына он миллион данаға дейін бұйым шығара алады.

Фабрика ойыншықтың құмда ойнайтын, сондай-ақ шар тәріздес түрлерін, конструкторларды, пирамидаларды, машиналарды өндіреді. Оның бұйымдары сәби үшін ешбір қауіпсіз әрі ыңғайлы. Тұтынушылардың сөздеріне қарағанда, Қытай ойыншықтарынан екі есе арзан, ал пластмассасы бала ағзасы мен денсаулығын уламайды.

Р.Байтемірова алғашында ойыншықты өзі Қытайдан және Ираннан әкеліп, көтере бағамен сататын еді. Ал 2010-жылдан бастап өзі өндіріс ісін жолға қойды. Бизнесін ашу үшін 10 миллион 500 мың теңге несие алып, Қытайдан жабдық, ал Ресейден шикізат алған. Бастапқыдағы кіші цехтар бүгінде фабрикаға біріктірілді. 

– Біз өнімімізді сату үшін өзге облыстармен келісім-шарт жасадық, – дейді Р.Байтемірова. – Шет елдерге де экспорттау жоспарымыз бар. Ол кезде Шымкент қаласының үш мың тұрғынын жұмыспен қамтысақ дейміз.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!