Диқан ауылында тек қана диқандар тұрады екен

15.08.2017
Қаралды: 452

Сарығаш ауданындағы Диқан ауылын көкөністің отаны десе де болады. Бұл ауылдың тұрғындары таң атқаннан қас қарайғанша еңбек етіп, сол арқылы күн көріп отыр. Біз таяуда аталған ауылдың тұрғыны Жүсіпхан Орын­ба­сар­ұлымен әңгімелестік.

«Мен бала күнімде-ақ трактор айдауды меңгергенмін,– деп бастады әңгімесін Ж.Орынбасарұлы. – Ал көкөніс өсіруге үйленгеннен соң кірістім. Бала-шағаммен қосылып осы жұмыспен айналысамыз. Бақшада қауын, қарбыз, тәтті бұрыш, қызанақ, қияр, баклажан сияқты көкөністердің барлық түрін өсіреміз.

Ерте көктемде отбасымызбен бақшаға кетпен, күрек ұстап шығамыз, тынбай еңбек етеміз. Содан қара күзге дейін бір тыным­ таппаймыз. Өзімізге қысқа азық жинап, одан қалғанын сатамыз. Биылғы жылы, Аллаға шүкір, жақсы өнім алдық. Әсіресе бакла­жан 20 мың түптен 20 тоннадай өнім берді. Килосын­ 200 – 300 теңгеден саттық. Одан бөлек, қауын, қарбыз да сатамыз.

Жұрттың көбі баласын несие алып үйлендіріп, қарызға белшесінен батып жатады, ал біз осы диқаншылықтың арқасында ешкімге де кіріптар емеспіз. Тынымсыз бейнетіміздің арқасында баламызды үйлендірдік. Осыған ризамын.

Болашақта ірі жылыжай салып, өнімді көбейтіп, шетелдерге шығарсам деген жоспарым бар. Үлкен кәсіп көзіне айналдырып, ауылда осы кәсіпті жандандырсам деймін».

Жүкең осылай дейді. Ал ол кісінің інісі Өрісхан Бектұрсынов диқаншылықпен 20 жылдан бері айналысады  екен.

«Диқаншылықты әке-шешем кәсіп еткен, – дейді ол. – Бала кезімде ата-анама қолғабыс етіп, егіске қолыма кетпен-күрек алып шығатын едім. Содан өзім де диқан болып шықтым. Өз ісімді үлкен кәсіпке айналдырып, қазір, Аллаға шүкір, мол өнімін алып отырған жайымыз бар. Менің бақшамда тәтті бұрыш, маш, қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, картоп, сәбіз және басқа да көкөністер өседі.

Базардан көкөніс сатып алған емеспіз. Себебі өз бақшамда барлығы өсіп тұрады. Тәтті бұрышты 1 гектарға егіп, өнімін сатамыз. 25 тонна өнім аламыз. 1 килосын 55 теңгеден өткіземіз. Тәтті бұрыштың арқасында үйге керекті көптеген заттарымызды алып жатырмыз.

Тәтті бұрышты ерте егетін болсақ 90 күнде өнімін аламыз. Піскенін піскенінше, бір маусымда 3 рет жинап аламыз. Бірінші жинаған кезде өнімді мол аламыз. Екіншісі орташа болады, ал үшінші өнім сәл аздау болып жиналады.

Біздің бақшаның өнімдері ешқандай зиянды қоспасыз өседі. Өткенде Шымкенттегі бір туысыма қауын алып барған едім, жеп жатып: «Не деген тәтті қауын?! Қалай өсіргенсің? Тура бір бал жеп жатқандай болдым ғой!» – деді. «Базардан қауын сатып алсам дәл мұндай болып шықпас еді», – деп күліп қояды.

Болашақта жерімнен жылына екі рет өнім алатындай әрекет жасағым келеді. Ол үшін ерте көктемде егу керек. Жаздың орта жағында жинап алсам, одан кейін кешіктірмей екіншісін ексем, қара күзге дейін пісіп, өнімін беріп қалар еді. Бәріміз бір мезгілде әрекет­тенгендіктен барлық өнім бірдей пісіп, сәл уақыт өткен соң мүлде таусылып қалады да, барлық көкөніс бірден қымбаттап кетеді».

Бір ерекшелігі, диқаншылықты Диқан ауылы тұрғындарының барлығы бірдей кәсіп етіп, ынтымақпен еңбек етіп келеді екен. Біз осы берекелі ауылдың ісіне сүйсіндік.

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!