«Зеңгі бабаны» көріп қайттық

15.08.2017
Қаралды: 843

Таяуда Өзбекстанның Ташкент облысының Зеңгі ата ауданында орналасқан Зеңгі баба әулиенің кесенесіне зиярат жасаудың сәті түсті. Біз бүгін сол сапарда көрген-білгендерімізді көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік.

Шекарадан өткен соң арнайы бағыттағы автобустар, «Дамас»­ автокөліктері мен таксилер тұратын жерге апарады екен. Жол ақысы – 1000 сум. Ара қашықтығы анау айтқандай ұзақ емес, шамамен бір аялдамадай ғана. Автобустан түскен жолаушылар­ды анталап таксистер күтіп тұр. Абайламаса, сырттан кел­ген­дердің қалтасын қағып, сан соқтырып кететіндер де бар екен.

Таксистермен біздің саудамыз 9 мың теңгеден басталды (шамамен 216 мың сум). Екінші таксист салоны 50 мың сум, одан кейінгісі 40 мың сум сұрады. Ақырында жолшыбай кетіп бара жатқан көлікті ұстап, 30 мың сумға келістік. Таксистер клиентін біреудің әкетіп қалғанын көтере алмай, даурыға айқайласып, тіпті төбелесуге дейін барып жатты. Іштей мұнда таксиге жақындауға болмайды екен деген ой түйдік. Дұрысы – автобустан түскен соң бағыттағы шағын автобустардың біріне отыру немесе тағы біраз жер жаяу жүріп, жолшыбай кетіп бара жатқан көлікті тоқтату.

«Зеңгі атаға» зиярат етушілер жер-жерден келеді екен. Мұнда зияратшыларға барлық жағдай жасалған. Тіпті мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналып, кесененің кіре беріс қақпасына мүгедектердің арбалары да қойылыпты. Пандустары да теп-тегіс, мүгедек адамның арбада қиналмай жүруіне ыңғайлы. Соған қарағанда мұнда мүгедек жандар да көп келетін болуы керек деп түйдік.

Кесенеге кіру – тегін. Намаз оқимын дегендер кесенемен жалғасып жатқан мешітке кіріп, намазын оқып, дұға тілеп шығады. Содан соң кесене артындағы мазараттың ортасында тұрған Зеңгі бабаның әйелі Амбар ананың басына да арнайы барып, құран оқиды. Екі кесененің ортасында бұлақ суы бар. Бұлақ жанындағы хауызда балық, тасбақалар бар екен. Келушілер қызылды-жасылды балықтарды тамашалап, бұлақтан аққан судың сылдырын тыңдап, тынығады.

Алыстан келгендер шай ішіп, біраз тынығып аламын десе, шайханасы да жанында. Шайханаға тапшандар қойылып, көрпешелер төселген. Алыстан келгендер ұзаққа бармай-ақ осында аяқты созып, белді жазып алуына болады.

 Дәрет аламын деушілерге бар жағдайы жасалған дәретханасы да бар. Үстел үстінде қол сүртетін, аяқ сүртетін сүлгілер «қол шашық», «аяқ шашық» деп жазылып, бөлек-бөлек қойылған. Дәрет алып болғасын аяқ-қолыңызды сүртіп, пайдаланған сүлгілерді арнайы жәшікке саласыз. Дәретханада «Сізден кейін кірген адам ренжімесін» деп, ал дәрет алатын орында «Суды ысырап қылмаңыз» деп ескертулер ілінген. Мұнда көрсеткен қызметі үшін ешкім ақы сұрамайды. Оның орнына садақа салынатын жәшік қойыпты, әркім жағдайына қарай қалаған ақшасын тастап кетеді екен.

Түнеуге ниет етсеңіз, жақын маңда үйінің бөлмесін жалға беретіндер бар. Бір күндік ақысы 7–10 мың сум аралығында (200 – 400 теңге шамасы). Тамақ істеткіңіз келсе, үй иесіне қалаған тамағыңызға керекті азық-түлікті жақын жердегі дүкеннен сатып әкеліп бересіз, сіз зиярат жасап келемін дегенше тамақ дайын тұрады. Тамақ істегеніне төлейтін ақы бөлек, біз 15 мың сум төледік.

Байқағанымыз, мұндағы адамдарда не болсын соған ренжіп, ашуланып, қабағынан қар жауып жүру деген жоқ. Қолдарын кеуделеріне қойып, басын иіп, күлімдеп тұрады екен. Содан соң мұнда «суретке түсіруге болмайды», «әруаққа сыйынуға болмайды, Құдайдан сұраңдар» деген сияқты ескертулер айтып отырған да ешкім жоқ. Есесіне барлық жерге бақылау камералары қойылған. Зияратшылар өз білгенінше зияратын жасап, дұға-тілегін оқып, өзімен-өзі жүр. Кесененің атшаптырым ауласы неше түрлі ерекше әдемі гүлдермен безендіріліпті. Жанға жайлы, жағымды бір керемет аураны сезініп, тынығып қайттық.

«Жақсыны көрмек үшін» деген, жол түссе, мұндай киелі орындарды да көріп, рухани демалып қайтуды баршаңызға нәсіп етсін!

P.S. Осы орайда Зеңгі баба туралы бірқатар деректерді келтіре кетейік. Ел ішінде Зеңгі бабаны сиырдың пірі деп атайды. Ол ХІІ ғасырдың соңы мен  ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген деседі. Шын есімі – Айқожа, ол Исламды уағыздаушы ойшылдардың бірі болған. Жас кезінде әкесі Ташқожадан тәлім-тәрбие алып, кейін Ахмет Йассауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың тәрбиесінде болған, Йассауидің шариғат, тариқат, мағрифат, ақиқат ілімдерін үйренген екен.

Түп нәсілі араб, денесінің түсі қара, сүйегі ірі болыпты. Терең білім алып данышпандық пен керемет көрсету дәрежесін меңгергеннен кейін Шаш уәлаятына оралып, халықты ілімге, әдептілікке тәрбиелеуге кіріседі. Дәруіш секілді қарапайым болып жүріпті. Жұрттың сиырын бағып, ғаріптік өмір кешеді. Ол намазды да қыр-адырларда оқитын, намаздан кейін зікір айтумен шұғылданатын болған. Сол кезде сиырлар жайылуын доғарып, оған қарап тұрады екен. Бұл кереметін көрген жұртшылық үлкен құрмет көрсетіп, оны Зеңгі баба деп атап кетіпті.

«Зеңгі ата» кесенесін Әмір Темір салдырып, оған құлпытасты 1420-жылы Мырза Ұлықбек орнатқан екен.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!