7 айда 3220 есірткіге тәуелді адамға шприц таратылды

15.08.2017
Қаралды: 246

Бүгінде жұртшылық арасында аты жаман аурулардың, соның ішінде есірткіге тәуелділіктің алдын-алу үлкен мәселенің бірі. 

Бұл салада да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда редакциямызға Шымкенттегі «Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенбек Әлтенбаев келіп, сұхбат берген еді.

«Ай-ана» қоғамдық бірлестігі биылғы 16-ақпаннан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы  аумағында есірткіге тәуелді азаматтарға арналған сенім пункттерін  ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келеді, – дейді ол. – Бұл жұмыстарды біз  мемлекеттік сатып алу арқылы ұтып алғанбыз. Қаржыландыру көзі жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда облыс аумағында 8 «Сенім пункттері» ашылып, жұмыс жүргізіп  отыр.

Атап айтатын болсақ, Шымкент қаласындағы бұрынғы «Воро­шиловка», «Зеленая балка» деп аталатын ықшамаудандар мен «Қайнарбұлақ» саяжайында 3 «Сенім пункті» жұмыс істеп тұр.

Мұндай сенім бекеттері аудандарда да ашылған. Олар Мақтарал ауданындағы Атакент елді мекенінде, Сарыағаш, Кентау қалаларында, Сайрам ауданының Ақсукент ауылында және Төлеби ауданында  орналасқан.

Аталған «Сенім пункттері» ақпан айынан бастап үздіксіз жұмыс жүргізуде. Жоғарыда аталған 8 сенім бекеттерінде  жұмыс жүргізілген 7 ай ішінде есірткіге тәуелді 3220 азамат  қамтылған, 1200 адам АИТВ инфекциясына тестілеуден  өткен. Жұмыс жүргізілген 7 ай ішінде оларға 1 миллион 132 мың 729 стерильді шприцтер таратылған.

«Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің сенім  пункттерін ұйымдастырудағы мақсаты – тамырына есірткі егетіндер арасында АИТВ инфекциясының таралу қарқынын төмендету.

«Сенім пункттерінің» қызметі мынадай:

- Бір рет қолданылатын шприцтерді стерильді шприцтерге ауыстыру, мүшеқаптарды, ақпараттық білім  беру  материалдарын тарату, пайдаланылған шприцтерді жинау және  залалсыздандыру орталығына жөнелту;

- АИТВ инфекциясын, вирустық гепатиттерді, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыру қатерін төмендететін мінез-құлық қалыптастыру туралы ақпараттар беру;

- АИТВ инфекциясы мен ЖИТС мәселелері бойынша  тестке  дейінгі  психикалық-әлеуметтік  консультациялар  жүргізу;

- Медициналық ұйымдарға білікті және мамандырылған  медициналық көмек алу үшін жолдама беру;

«Сенім пункттері» еріктілік, құпиялылық және анонимдік  қағидаттарды қатаң сақтай отырып қызмет көрсетеді».

«Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің осы аталған жұмыстарды жүргізуін қадағалау мамыр айынан бастап облыстық СПИД-тің алдын алу орталығына тікелей жүктеліп отыр екен. Облыстық­ СПИД-тің алдын-алу орталығының мамандары арнайы бекітілген кесте бойынша ай сайын «Сенім пункттерін» аралап,­ әлеуметтік қызметкерлерге ақыл-кеңестерін беріп отырады.

– «Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің осал топтар арасына тарату құралдарын арнайы бекітілген мөлшер бойынша облыс­тық СПИД  орталығы қамтамасыз етеді, – дейді Д.Әлтенбаев. – «Сенім пункттері» сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қызмет­ көрсетеді. Сенбі, жексенбі күндері – демалыс. Егер де «Сенім пункттерінің» қызметін қажет ететін азаматтар болса, бұл қызмет қатаң құпиялықта жүргізілетінін ескертеміз».

...Міне, бұл салада осындай жұмыстар атқарылып жатыр екен. Қажет еткендер  «Ай-ана» қоғамдық бірлестігімен оның сенім телефондары арқылы хабарласа алады.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!