Тойда қандай музыка қойылатынын той иесі шешуі керек

15.08.2017
Қаралды: 996

Жерлесіміз, белгілі журналист, теле­жүргізуші Асхат Садырбай өзінің әлеу­меттік же­лідегі парақшасында бір қызық жазба жариялады. «Қазіргі тойларда осындай дәстүр пайда болыпты. 

Менің­ше, бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. Тойларда. Радио, телеарналарда емес», – деп жазды Асхат. Сосын өз жазбасының астына бір той иесінің тойда орындалатын әндерге қатысты жасаған тізімін  (суретте) жариялады. Онда «Запрещенные песни», «Айту керек өлеңдер», «Қа­зақша өлеңдер», «Тост бергенде қайырмасына ойнайтын өлеңдер» деп қажетті саналған әндердің арнайы тізімі берілген.

Оқырмандарының өзіне қойған сауалына қарай Асхат бұл тізімді әнші Ақылбек Жеменейдің жеке парақшасынан алғанын айтқан. Яғни аталған тізім Ақтөбе жақта болған бір тойда жасал­ған екен.

Ал Асхат жариялаған жазбаны көптеген желі тұтынушылары көрді, оқыды, өздерінің пікірлерін білдірді. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Бауыржан Исрайылұлы Дүйсен: – Таңдау жақсы. Тек менің пікірімше, қазақтың тойында қа­зақша әндер көбірек айтылуы тиіс. Ақтөбе Ре­сейге жақын жатқандықтан осылай болған шығар.­

Жансая Сейсенова: – Келісемін. Той әндерін тойда айтсын. Формат деген бар емес пе? Сахна­да да сол ән, радиода да сол ән.

Бейбіт Маратова: – Әннен бұрын тойдың тамадаларын жөндесе. Қайдағы жоқ сөз, қайдағы жоқ ойындарды ойнатады.

Абзал Досым: – Жақсы идея! Құсық әндерді жолатпаған жөн.

Ләйла Серпенова: – Тойға ақшасын төлегеннен кейін қай әнге, қай тілдің әніне билеу, таңдау той иесінің еркі. Әншілер ренжімесін, әннің де естісі бар, есері бар.

Айгүл Бажанова: – Кім жазса да қатырыпты. Әбден зәрезап болған адам.

...Ал, жалпы, бұл мәселе жөнінде Асхат Садырбайдың өзінің жеке пікірі, көзқарасы қандай? Біз оған осы сұрақты қойдық.

«Негізі бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр деп ойлаймын, – дейді Асхат. – Бірақ дәл осындай ашық күйде жарияланбады, жазылмады деп ойлаймын. Жалпы, тойда қандай әннің қойылғанын, қандай әннің қо­йылмағанын қа­лайтыны той иесінің өз еркінде ғой. Жұрт та бір әнді қайта-қайта тыңдай беруден жалығады. Қазір қай тойға барсаң да, қандай отырысқа барсаң да еститінің – сол бір ән. Өмірінде бір рет болатын ерекше қуанышқа әркім әрқалай дайындалады, музыкаға да мән береді. Тойға келген қонақтардың көңіл-күйін кел­тіретін әдемі музыка болса, барлық жерде қойылып жататын жаттанды музыка қойылмаса екен дейді.

Көп мәселе тойдағы аппаратурада отыратын музыканттарда. Оларда бір ерекше талғам болуы керек, әлем ән­дерінің жинағы болуы керек. Бірі қойған әнді екіншісі де қоя беріп, шынын айту керек, жұртты да жалықтырады, әншіге деген құрметті де жоғалтады. Қарап тұрсаң, бәрінде тойға арналған оншақты ән жүреді, солар қайталап қойыла береді. Содан кейін жұрт та одан жалығады, әннен де, әншіден де жалығады, әншінің әнінің қадірі кетеді.

Міне, осындайдан кейін жұрт әлгіндей тізім жасап, ақыры аяғында «мұндай әнді қоймаңдаршы» деп өтініш білдіреді. Бірақ бұл жақсы нәрсе негізінде. Біраз әншілер ойланады, өзінің репертуарын жаңартады, жаңа әндер іздейді, тойға арналған әндер жазады. Жұртты бәрі жалықтырғанын, тыңдағысы кел­мейтінін түсінеді. Сондықтан бұл тізімнің жариялануы біраз әншіге ой салды деп ұғамын.

Осы жөнінде жариялағанымда біраз оқырмандарым мен таныстарым мен де той істесем осындай тізім жасап қояр едім деген пікірлерін білдіріп, жазды. Демек, бұл бір ғана адамның емес, мыңдаған адамдардың ойында жүрген нәрсе».

...Асхат дұрыс айтады, бұл – жұрттың көкейінде талай жылдардан бері жүрген мәселе. Халық тойларда, түрлі қызықшылықтарда тәртіптің, талғамның болғанын қалайды.

Қысқасы, бұл мәселе талай жанға ой салғаны анық. Ендеше, алдағы болатын той-томалақ, түрлі қызықшылықтар кезінде осыған орай өзгерістер пайда бола бастайды деп сенейік.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!