Прокурорларды ең үлкен ұрылар деп атады

14.08.2017
Қаралды: 1034

Өзбекстан жақта жаңалық көп. Жаңа Президент сайланғалы бұл елде түрлі-түрлі өзгерістер молынан болып жатыр. 

Әсіресе мемлекеттік басқару саласында. «Пәлен жердің пәленшесін орнынан алып тастапты» деген сөзді ел билігіне бұл кісі келгелі бері жиі еститін болдық.

«Елдегі ең кәтта ұрылар»...

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев таяуда мемлекеттік құрылым басшыларымен селекторлық жиналыс өт­кізді. Бейнетаратылым арқылы жүргі­зілген жиында ол кісі елдің дамуына қатысты көптеген көкейтесті мәселелерді қозғады.

Осы жиында Ш.Мирзиёев өзінің прокурорлардың жұмысына тіпті де көңілі толмайтынын ашық айтты, тіпті оларды елдегі ең ірі ұрыларға теңеді.

«Өздері №1-ші ұры, бірақ өзгені ұры тұтады. Өздері – ең кәтта ұрылар.

Бұлардың үйлерін қараңдаршы. Көліктерін қараңдаршы. Не, бұлар соншалықты бір атомдық реактор жасап шығарып жатыр ма еді?

Бұлардың кейбірі өзінің аты-жөнін де жөндеп жаза алмайды, ақымақтар. Таныс-біліс арқылы прокурор болып ал­ған, соған есіріп жүр.

Біз жаңа Бас Прокурор тағайындадық. Алдыңғы прокурор берген «ұры» тізімнен 80 пайыз адамды  өзгерттік, енді 15 – 20 пайыздайы қалды.

Мен өзім, кешіріңіздер, прокурор деген адамды жүдә жаман көремін. Мен аудан әкімі, уәлаят әкімі болғанмын. Бұл найсаптарды, бұл дәйістерді прокурор етіп қойса, жүрісі өзгере қа­латынын, адамды менсінбей кететінін жүдә жақсы білемін. Жүдә жақсы білемін. Ой-бо-ой...

Бәрін өзгертеміз. Прокурор не адал жұмыс істейді, не прокуратураны жоқ қыламыз. Адамның басына пәле ол прокурор деген пәле. Адал істемейді ме, кетеді бәрі».

Лауазымдарымен қош айтысып жатыр

Қысқасы, Ш.Мирзиёев аталған жиында қазіргі таңда прокуратурада кадрлық тазарту жүріп жатқанын, қоғамның өз  жұмысын адал атқармайтындардан толық тазартылатынын айтты.

«Құдайға шүкір, маған бәрі де белгілі. Мен қазір ұзын арқан тастадым, біраз байқаймын. Бұл проблеманы бір-ақ мезетте шешемін. Ешкім де мемлекетпен ойнай алмайды. Ешкім, ешқашан.

Бірінші орында әрдайым халық тұруы тиіс. Біз үшін халықтан асып ешкім де қадірлі бола алмайды», – деді Ш.Мирзиёев.

Өзбек Президенті айтқандары сөз жүзінде қалмайтынын өзі Президент міндетін уақытша атқарушы болып бекітілген 2016-жылдың қыркүйек айынан бері көрсетіп келеді. Сол кездің өзінде ол Министрлер кабинетінен бастап біраз жоғары лауазымды адамдарды қызметінен босатқан болатын. Жызақ облысының прокурорын, Жызақ қаласының әкімін,  облыстағы бірқатар аудан әкімдерін қызметінен алып тастап еді. Ташкентті аралаған кезінде жұмысындағы кемшіліктері үшін деп Мырза Ұлықбек ауданының әкімі Шамансұр Ахмедовты, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Саидакбар Пулатовты қыз­мет­терінен босатқан, ауданның прокуроры мен салық басқармасының бастығына қатаң сөгіс берген болатын. Кейін қаладағы Юнусабад ауданының әкімі Мирагзам Миркасимовты лауазымынан босатты. Сондай-ақ Президент Жарлығымен Бұхара, Сырдария, Сұрхандария, Ташкент облыстарының әкімдері лауазымдарымен қош айтысты. Таяуда ғана Ташкент облысын аралаған кезінде ол екі әкім мен екі прокурорды, ішкі істер басқармасының бастығын орындарынан алып тастады.

Мұхиддинов деген кім еді?

Аталған жиында Өзбекстан Президен-тінің аузынан: «Бізде Мұхиддинов деген прокурор болған, ол бірнеше жылға түр-меге отырды», – деген де сөз айтылды.

Ал Мұхиддинов деген кім еді? Ол кезінде бірнеше облыстың прокуроры болған адам. Ташкенттің Сіргелі аудандық соты 2012-жылдың ақпан айында Р.Мұхиддиновты 15 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарыпты. Оған «ауыр экономикалық қылмыстар жасаған», «коррупцияға жол берген» деген айыптар тағылған.

Бұрынғы және қазіргі Бас Прокурор

Жалпы, Өзбекстандағы прокуратура саласының өте қуатты репрессиялық органға айналғаны туралы бұрын-соңды жиі айтылып жүрген болатын. Кей деректерге қарағанда, мұндай күшею Бас Прокуратураны Рашид Қадыров басқар­ған тұста етек алған деседі. Ол Бас Прокурор қызметіне үш мәрте тағайындал­ған. (2000 – 2015-жылдар аралығы).

Кезінде ел арасында Р.Қадыров туралы, ол басқарып отырған құрылым жөнінде өте жайсыз әңгімелер шыққан. Жұртшылық оған халықтан өте алыс, жемқорлық жайлаған жабық орган деген баға беріп жатты. Сондай-ақ сарапшылардың Қадыровтың байлығы 1 миллиард доллардан асады деп те айтқаны бар. Тіпті Еуроодақ елдерінде оның отбасына тиесілі мүліктер бар деп санамалап көрсетіп, Бас Прокурор сол жаққа көшіп кетуге даярлық жасап жатыр деп те жазылған болатын.

Қалай болғанда да Р.Қадыров 2015-жылы көктемде қызметінен босатылды.

Ал Өзбекстанның қазіргі Бас Прокуроры Ихтиёр Абдуллаев бұл қызметке 2015-жылдың 21-сәуірінде тағайындал­ған еді. (Ол кезде Мирзиёев Премьер-министр болатын).

И.Абдуллаев 1966-жылы Ферғана облысында өмірге келген. Ресейде оқыған, Пермь Мемлекеттік универ­ситетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Ферғана қалалық сотында сот орындаушысы болып бастаған, қалалық және облыстық соттарда жауапты қызметтер атқарған, Әндіжен облыстық сотының төрағасы болған. Президент Аппаратында еңбек еткен. 2010-жылы Президенттің Жарлығымен Олий Мажлис мүшесі, 2015-жылы Сенат депутаты болған. Осы жылдың сәуір айынан бері Өзбекстанның Бас Прокуроры қызметін атқарып келеді.

...Міне, Өзбекстанның прокуратура саласында осындай оқиғалар болып жатыр. Яғни онда халықтың прокуратураға деген сенімі азайып, ашу-ызасы күшейген, сондықтан қазіргі Прези­денттің прокурорларды шықпыртуын халық айы­зы қана бақылап отыр.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!