Бір баланың мектепке қажетіне 50 мың теңге жетпей жатыр

14.08.2017
Қаралды: 487

Мектептің «жыры» басталды. Мен де ұлымды ертіп, мектеп формасын алу үшін Шымкенттегі «Гауһар» тігін фабрикасына бардым. Себебі бізге форманы «базардан немесе басқа жерден алып әуре болмаңыздар» деп ескертілген болатын.

Шынын айтқанда, ата-аналардың мұндағы баға қымбат деп шулайтынын енді түсіндім. «Шымкент мектебі» деген эмблемасы бар костюмнің бағасы 6400 теңге екен. 6–7-сынып оқушыларына сай келетін шалбарды 4000 теңгеге аласыз. Жакет – 2600 теңге. Осылай қою көк түсті «тройка» 13 мың теңге болып шыға келеді. Ал бірыңғай үлгімен былтыр тігілген ақ көйлекті 3000 теңге деп тұр. Міндетті түрде оның кемінде екі данасын аласыз.

Тек қана «Гауһардан» ал деген мектеп формасының базардағы Қытайдан немесе Қырғызстаннан әкелінетін формалардан матасы, тігісі, сапасы жағынан ешқандай да айырмашылығы жоқ. Тек отандық өнімнің бағасы қымбат. Ал мұндай киімді Қырғы базардан немесе «Автонұр» базарынан  әлдеқайда арзан бағаға ала аласыз. Мысалы, «Автонұрда» Қырғызстаннан әкелінетін шалбарды 2200 теңгеге, «тройканы» 5-6 мың теңгеге алуға болады. Ақ көйлекті 1800–2800 теңгеге таңдап жүріп алатыныңыз анық.

Бағадағы бұл айырмашылық мектеп жасындағы бірнеше баласы бар ата-аналар үшін оңай тимесі анық.

«Масқара, сонда екі балам мен бір қызым үшін тек мектеп формасына 60 мың теңге жұмсасам, әлі дене шынықтыру пәніне арналған киім, спорттық аяқ киім, сөмке, кітап-дәптерлері бар, мынаған менің екі айлығым да жетпейді ғой», – деп балаларына бір, киімдегі бағаға бір қараған келіншектің көңілі түсіп кетті.

Тап осылай қиналған ата-аналардың кейбірі «базарға барғанымыз дұрыс» деп бұрылып кетіп жатты. Сатушы қыздардың: «Шалбар не белдемше, жакет алған адамға костюмге 15 пайыздық жеңілдік бар», – деген сөзі бала мен мектептің, баға мен қалтаның арасында қиналған ата-аналарға жеңілдік сыйлай алмады.

«Бізді осында жіберді. Мектептегілер көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар, жалғызбасты аналар үшін жеңілдік бар деп еді», – деп кірген келесі бір әйелдің үмітін кассадағы бойжеткен үзді.

Бізге де мектептен сондай «хабарлама» келген. Бірақ мұндағылар жеңілдік сұрап келгендерді ондай келісім-шарт та, тізім де жоқ деп шығарып салып жатыр.

Киімді айтқан жерінен алмағанымыз үшін мектеп «мүйіздемесін» деп қымбаттау болса да баламды осы жерден киіндіруге бел шешкен едім. Бірақ біздің ұлға лайық шалбар табылмады. Бірі – қысқа, бірі – кең. Өзгесін сұрап едім, кіреберістегі кассада отырған әйел: «Осыны ала берсеңізші, қысқартып аласыз», – деді таңдап жүріп қалғанымызды жақтырмағандай қабағын түйіңкіреп. Белін, балағын, кең болғандықтан екі жағынан түгел тағы қысқартсам, оған тігіншілердің кемі мың теңге алатынын анық білемін. Сонда бізге бір шалбардың өзі бес мыңға түскелі тұрған жоқ па? Үстінен мың теңге қосып, әп-әдемі «тройка» алаймын ба оданша деген ой қылт етіп үлгерді. Ал «Шымкент мектебі» деген бір жасар баланың алақанындай эмблеманы осы жерден 500 теңгеге алуға болады. Екі-үш балалы ата-аналар осыны дұрыс көретінін байқадым.

Бұл – бір ғана мектеп формасының бағасы. Жетіншіге өткен жеткіншегім үшін сөмке, туфли, бірқатар дәптер мен қағаз-қаламы үшін 17 мың теңге жұмсалды. Алатындарымыз әлі көп. Дене шынықтыру пәніне арналған спорттық киім мен аяқ киімге кемі 10 мың теңге керек.

Осылайша 47 мың теңге жұмсағаныммен мен бір баланың өзін мектепке толық дайындай алмадым. Алда әлі жетпейтін кітаптарды әрқайсысын кемі 1200 теңгеден сатып алу деген «сезон» келе жатыр. Бір балаға 50 мың теңге жетпей жатыр. Сонда үш және одан да көп баласы бар ата-аналардың жағдайы қалай болмақ?

Рабиға ЕРМАНБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!