Жары жәбірлегендерге жәрдем береді

14.08.2017
Қаралды: 776

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегушілердің қатары күн санап артып келеді екен. Осыған байланысты Қазақстанның Бас Прокура­турасы «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» ат­ты жобаны қолға алды. 

Енді өз жақынының жа­нына жара салып, күш көрсеткен адамдарға қарсы күрес күшеймек. Ал келешекте елімізде Отбасы министр­лігі құрылуы да әбден мүмкін. Аталған жоба қарапайым халыққа тағы не береді? Зәбір көрген жандар кімнен, қайдан көмек алады? Осы сұрақтарды аталмыш жобаның жетекшісі, еліміздің Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмек­шісі Салтанат Тұрсынбековаға қойдық.

– Салтанат Пархатқызы, бұл жобаны­ қолға алуыңызға не себеп болды?

– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі – адам құқын бұзатын құбылыс қана емес, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тәрбие беруде кері әсерін ти­гізетін көрініс. Өкінішке қарай, қазіргі кезде отбасыларына зәбір көрсетіп, күштеу жайттары тым көбейіп кетті. Ал бұл адамның бүкіл ғұмырына балта шабады. Сондықтан да отбасындағы тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықты жою жолында оның себептерін анықтап, құқықтық, психологиялық, әлеу­меттік көмек көрсету керек деп таптық. Бас Прокурор Жақып Қажыманұлы бұл жұмысты маған сеніп тапсырды. Былтырғы қыркүйек айынан бері жобаның аясында жұмыс істеудеміз. Осы ба­ғыттағы алғашқы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысынан бастап отырмыз.

Жалпы айтқанда, отба­сылық-тұрмыс­тық зорлық қылмыстарының көпшілігі алко­гольді ішімдіктің әсерінен, яғни мас халде жасалады. Ал маскүнемдер мен нашақорларды мәжбүрлі түрде 6 ай мен 1 жыл аралығында емдейді. Әр емделушіге мемлекет жылына миллион теңгедей қаржы жұмсайды. Бірақ осының нә­ти­жесі көрінбей тұр. Аурухана олар үшін уақытша демалыс орнына айналды, шыққаннан кейін келесі қылмысты жасай береді.

Сондай-ақ, айықтырғыш деген мекеме бар. Сол меке­менің жұмысы үшін жылына мемлекет қазынасынан 5 миллиард теңге бөлінеді екен. Мен ол жерге арнайы барып көрдім. Біздің елге түк пайдасы тиіп жатқан жоқ. Көшеде жүрген мас­күнемдерді апарып қамайды да, үш күннен соң босатып жібереді. Болды. Емдемейді. Ал емделіп шықпаған адамның түзеліп кетуі­не кепіл бар ма? Әрине, жоқ. Ендеше, ондай мекеменің не керегі бар? Одан да оған кеткен қаржыны пайдасы тиетін, маскүнемдерді сауықтырып, оларды түбегейлі өзгертетін мекеме ашып, соған жұмсаған жөн емес пе?

– Көп адам «ұят болады» деумен зәбір көргенін ашып айтпайды.  Сондай жандар­ға не дер едіңіз?

– Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сәл-пәл кикілжің туындап, оның соңы жақсы аяқталса, іс насырға шаппаса, онда оны сыртқа шығарып, дабыра қылудың қажеті жоқ. Ал егер, мысалы, күйеуі күнде ішіп келіп соққыға жықса, балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермесе, көк тиын табыс таппаса, әр күні тозақпен тең болса, онда «Ұят болады», «Аға­йын-туыс, көрші-қолаң не дейді?», «Балаларым әкесіз өспесін» деп шыдай берудің қажеті жоқ.

Сіз бүгін соққыдан аман қаларсыз, ал ертең бір жеріңіз майып болып қалса қайтесіз? Ондай жағдайда үйдегі балаларға кім бас-көз болмақ? Осы жағын ойлаңыз. Сосын табыс таппайтын, күнде ішіп келетін, балаларына былапыт сөздерден басқа берері жоқ әке бәрібір де балаға дұрыс тәрбие беріп жарытпайды. Әйелдер осыны есте ұстағаны дұрыс.

– Ендеше, зәбір көрген әйелдер қайда, кімнен көмек ала алады?

– Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Сайрам аудандарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталықтары ашылды. Алдағы уақытта мұндай орталықтарды басқа да аудандардан ашамыз деп отырмыз. Яғни зәбір көрген әйелдер осы орталыққа барып, көмек ала алады. Ол жерде психолог, теолог, заңгер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның мекен-жайы, телефондары барлық жерде жазылып тұрады. Теледидардан хабарланады. Учаскелік инспекторлар да өзінің аумағындағы тұрғындарға хабар­лайтын болады.

Өкінішке қарай, біздің тұрғындар учаскелік инспектормен қалай жұмыс істеуді білмейді. Олардан нені талап ету, қалай қарым-қатынас жасау керегінен хабарсыз. Осы орайда менің тұрғындарға айтарым, егер сіз жәбір көрсеңіз, онда уақыт өткізбей, жағдай ушықпай тұрып учас­келік инспектор шақыртыңыз. Арызданыңыз, оның істі соңына дейін жеткізуін талап етіңіз, қадағалаңыз.

– Әйел ретінде за­ман­дастарыңыз­ға, сіңлілері­ңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– Осы жобаның аясында мен талай адамдармен жолықтым. Олардың мұң-мұқ­тажын тыңдадым. Сосын мынадай шешімге келдім: Кей әйелдердің  күйеулерінен таяқ жеуіне, соққыға жығылуына өздері кінәлі екен. Біздің кей­бір әйелдерде қанағат жоқ. «Таппайсың, әкелмейсің! Ойбай,­ енді қайттім?!» – деп күйеуінің миын жей береді, жей береді. Арасында ар­тық сөздер де айтылады. Оған қай еркек шыдасын? Соңы ұрыс-төбелеске әкеліп соғады. Сондықтан, қыздар, сабырлы болайық!­

Қазір заман қиын, жұмыс табу, оның ішінде жалақысы жоғары қызметке орналасу оңай емес. Барды, тауып әкел­генін қанағат етіп, орнымен жұмсай білген жөн. Кейде біздер қолдағы ақшаны дәл бүгін қажеті болмайтын заттар­ға жұмсаймыз немесе жанымыз ашып төркінімізге беріп жібереміз. Сол дұрыс емес. Дәл қазір неге мұқтажсыз, үйіңізге не керек, соны ғана сатып алу керек. Яғни үнемдеуді үйренген жөн.

Ал ата-аналарға айтарым: Қызыңыздың құлағына ер-азаматты, оның ата-анасын сыйлау керегін, барға қанағат, жоққа сабыр ету керегін құ­йып отырыңыздар. Дау-жанжалдың бәрі осыдан шығады. Соңы өкіндіретін жағдайларға жалғасып кетпесін деп тілейік.

– Әңгімеңізге рахмет, іс­теріңізге сәттілік тілейміз.

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!