Өлген адамның туыстарынан ақша сұрайтын алаяқтар

14.08.2017
Қаралды: 779

Қулық-сұмдықпен елді алдап қаржы табатындар қай салада болмасын кездеседі. Алайда өлген адамды пайда көзіне айналдыру деген сұмдықты бұрын-соңды естімеген екенбіз. Бір жиында бейтаныс әйел басынан өткен оқиғаны айтқанда жағамызды ұстадық.

Жасы 30 – 35-тер шамасындағы әйелдің екі-үш жыл бұрын сіңлісі қайтыс болған екен.

«Сіңлім ата-анасы жоқ жігітке тұрмысқа шыққан еді, – деп бастады ол әңгімесін. – Күйеуі екеуі пәтер жалдап тұратын. Күйеубаламыз «таксовать» ететін де, ал сіңлім күнкөріс қамымен екі-үш жерде қатар жұмыс істеп, көп қиыншылық, таршылық көрді. Ажалы шығар, көлік апатынан қаза болды. Өз үйлері болмағандықтан әкем сіңлімді жерлеуді, қазаға байланысты өтетін барлық шығындарын өз мойнына алды.

Жаназа күні үйге екі әйел келіп, жұрт тарап, қараңғы түскенше қайтпады. Күйбеңдеп ыдыс-аяқ жуысқан, үйді жинасқан болады. Қайғыдан қан жұтып отырып олардан жөн сұрау да ойымызда болмапты. Кейін олар жетісі өтетін күні де елдің алдымен келіп, жұртты таратып, соңынан қайтты. Сіңлімнің жақын араласқан бір таныстары шығар дедік те қойдық.

Содан алғашқы бейсенбілігін өткізіп, жұрт аяғы басылды-ау деген шақта әлгі әйелдің бірі келіп, сіңлім өлерінің алдында өзінен қарыз алғанын айтты. «Қайтыс болды ғой, кешіре салайын десем, өзім де қысылып тұрмын», – деп қиылған соң мен оның сұраған ақшасын беріп жібердім. Бар ойым сіңлімнің мойнына қарыз жүктемеу болды.

Арада екі-үш күн өткенде тағы бір әйел келді сіңлімнің алған қарызын сұрап, мен тағы ештеңе деместен сұраған ақшасын беріп жібердім. Осылайша мен үш-төрт әйелге ақша бердім. Анам ертерек қайтыс болып кеткен, әкеме бұл жайды айтпадым.

Бір бейсенбілігінде тағы бір әйел келіп, сіңлімнің қарыз екенін айтып тұр. Қалтамдағы ақшаны санасам, жетпеді, сосын нағашы әпкемнен  сұраған едім, ол менімен бірге әлгі әйелдің жанына барып, сіңлімнің ақшаны не үшін және қашан алғанын сұрады. Сонда ана әйел күмілжіп, зорға жауап берді. «Қайқай!» – деді әпкем түсін суытып. Ана әйел үндемей кетіп қалды. Мен таң-тамаша болып қалдым. Сосын әпкеме бұдан бұрын да үш-төрт әйел келіп, қарызы бар еді деп ақша әкетіп жүргенін айттым. Неге бересің деп әпкем біраз ашуланды.

Арада біраз уақыт өткенде банктен хат келді. Ұққаным, сіңлім 500 мың теңге көлемінде несие алып, оны төлемей қойған. Әкем екеуміз ақылдаса келе несиесін төлеп құтылғанымыз дұрыс деп шештік. Сол баяғы мойнына қарыз болмасын дегеніміз ғой. Бағымызға орай, тура сол сәтте нағашы әпкем келіп қалды үйге. Біз болған жайды айттық. Әпкем басын шайқап: «Ол банктен несие алған болса, оны қайда жұмсағанын  сендерге айтар еді, бұл мүмкін емес», – деп сенбеді. Сөйтіп банкке барып, қай күні алғанын тексертсек, сіңлім өлгеннен кейінгі дата шығып тұр. Олар да, біз де аң-таң болып қалдық. Несиені сіңлім алмағанына көзімізді жеткізіп, бір жеңілдеп қалдық».

...Міне, өмірде осындай да жайлар болып жатыр екен. Естіген әңгімені жұртқа жаймай-ақ сол жерде қалдыра салуға да болар еді. Дегенмен алаяқтықтың мұндай түрі жайлы да жұрт біле жүрсін деп ойладық. Сақ болған жақсы.­

Е. ҚАЛДАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!