Көзі көрмейтін қыз

14.08.2017
Қаралды: 609

Дәлізге төселген кілемшені сыбыссыз басып, есікті сипалай ашқан сұңғақ бойлы сүйкімді қыз бөлмесіне кіріп кетті. Оның көздері көрмейтін еді.

Демалушылар серуенге шығатын себепті кешкісін манағы қызды сквердегі тербелмелі орындықта кездестірдім. Түйсігім алдамапты. Ол өзі сияқты екі-үш жігітпен әңгімелесіп отырды.

Бірін-бірі қалай табады десеңізші! Әлде зағиптардың біз білмейтін түйсігі бар ма?

Байқағаным, демалушылардың қай-қайсысы болса да онымен сөйлесуге құмар. Сөйтіп жүріп оның атын да біліп алдық, Айгүл екен. 1986-жылы Қазығұрт кентінде өмірге келіпті. Осы уақытқа дейін екінші мәрте тұрмыста болғанын да естідік. Қазір Алматыда тұрады, күйеуі бағбан болып жұмыс істейді  екен.

Бірде қаумалап отырып Айгүлден өзінің тағдыры жөнінде айтып беруін сұрадық. Айгүл көпшіліктің өтінішін ес­керусіз қалдырмады. «Білгілеріңіз келген екен, айтайын», – деді. Сосын әңгімесін бастап кетті.

«Мектепті бітірісімен Шымкенттегі әлеуметтік-гуманитарлық университеттің бастауыш сынып мұғалімі бөліміне оқуға түскенмін, – деді ол. – Үшінші курста Тоқтар есімді жігіт  құда түсіп, екеуміз шаңырақ көтердік. Үйленгенімізде ол 26-да, мен 21 жаста болатынмын.

Екінші ұлымды босанарда көзімнің қан қысымы артты да, бірден көрмей қалдым. Содан Шымкенттегі көз аурулары ауруханасында он күн жаттым. Өзгеріс болмады. Алғашында ақ-қараны сезуші едім, кейін мүлде тас қараңғылық орнады.­

Содан бір күні әлеуметтік қамту орталығы шақырып алып, қолыма магнитофон мен жиналмалы таяқ ұстатты. Бірінші топтағы мүгедек болғанымды сол кезде естідім. Ебіл-дебілім шығып жыладым, бірақ одан не пайда?..»

Әңгіме осы жерге келгенде кешкі ас мезгілі басталып қалды да, санитар қыздар Айгүлді қолтықтап ішке алып кіріп кетті. Ол сәл жымиып, бойын тәкаппар ұстаған қалпы нәзік  саусақтарын жетек­теушінің ыңғайына беріп кете барды.

Ертеңіне Айгүлді шыршалардың сая­сынан таптық та сұрағымызды қайта жалғастырдық. «Көзің көрмей қалған соң күйеуің не деді?» – болды алғашқы сұ­рағымыз.

«Не деуші еді, ішкілікке беріле бастады. Төздім. Алғашқыда мән бермедім. Бірақ ішінде айта алмай жүрген дерті бар екенін білетінмін. Бүйтіп күйікті болғанша айтса екен дедім. Ақыры бір күні: «Айгүл, сен кешір! Кластастарымның әйелдерінің бәрінің көзі көреді. Сен көрмейсің. Осы үшін намыстанамын», – деді. Олар келгенде тамақты да бөлек беретін болды.

Бір кездері сүйіп қосылып едік, менің осындай халге ұшырағанымды түсінер деп ойласам, қателесіппін. Ол кейін де оны-мұныны айтып тынышымды ала берді де, бір жылдан соң ақыры ажырасып тындық. Сот арқылы. Тоқтар ол кезде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болатын. Сот балаларды Тоқтарда қалдыратын болып шешті. Балаларым менімен қалмақшы болып жылап еді, одан ештеңе шықпады. Мен бірінші топтағы мүгедек болғандықтан оларды бағып-қаға алмайды екенмін.

Содан көпке дейін өзіме келе алмай жүрдім. Дос-жаран, тамыр-таныстарым бірді-екілі хабарласқан болып жүріп соңынан олар да тиылды.

Сосын әке-шешеммен бірге тұрдым. Әкем Тағайбайдың мен дегенде жаны бөлек. Қандай ашулы болса да сездір­меуге тырысатын. Тағдырыма араша түспек боп талай жерлерге қаратты. Бірақ одан нәтиже болмады», – деп бір тоқтады Айгүл.

Қартаң кісілер аяушылық танытып күрсіністі. Бәріміз көңілсіз күйге түстік. Ал Айгүл  кекілін бір сілкіп тастады да жаңа әңгіме бастап кетті.

«Мен осы өміріме ризамын, – деді ол. – Неге дейсіз бе? Іштен туа біткен зағиптар ше? Мүлдем екі аяғы жоқ мүгедектер де бар емес пе? Есі дұрыс емес­тер ше? Мен 24 жыл болса да өмірді көрдім. Адамдардың, заттардың формасының қандай болатынын білемін. Есім дұрыс. Балаларымды сағынамын. Ойлаймын. Ал ана бейшараларда ол түсінік те жоқ. Үйді үшбұрыш десең, соған  сенеді. Мысықтың табанын адамның қолы екен деп амандасуы соның дәлелі.

Мен осы өміріме неге риза емеспін, ризамын!

Осыларды ойлай келіп тағдырыммен күреспек боп шештім. Баяғы университетке барып оқуымды қайта жалғастырдым. «Брайльдік» алфавитті, аудиожазбаны үйрендім, интернетке кіретін болдым. Сөйтіп жүріп Әділет деген жігітпен таныстым. Кейін екеуміз отбасын құрдық.

 Әділет – Семейдің жігіті. Ресейде құрылыс колледжін бітірген. Мен үшін Семейден Алматыға келді.

Үйленгеніміздің өзі қызық болды. Ата-анам алғашқыда Әділетке рұқсатын бермеді. «Қызымыздың екінші рет жаны жаралы болғанын көргіміз келмейді. Аулақ жүр!» – дегендей сөздер айтты. Бірақ Әділет қайсар екен, қайтпады. Сосын бір жылдан кейін ата-анам үйленуімізге рұқсат берді. Әділеттің тамыр-таныс, дос-жарандары жиылып, үйлену рәсімін жасадық».

«Айгүл, кешір! Әділеттің түр-түсін білмейсің, сонда қалай болды?» – деп қалды осы кезде арамыздан біреу. «Білесіз бе, аға, айтушылардың сөзіне қарағанда, Әділет толық денелі, қараторы жігіт екен. Мен оның түр-түсін емес, адамгершілік ұстанымын жоғары бағаладым. Көзі көретін ол маған үйленбекші болғанда көрмейтін мен қалайша жоқ дейін?» – деп сықылықтай күлді Айгүл. «Қызым, бұған да шүкіршілік ет. Алла жанарыңды алғанымен сыр-сымбат, сұлулықты бір адамдай беріпті өзіңе», – деді жанымызда тұрған егде жастағы кісі.

Расында Айгүл кереметтей сүйкімді еді. Әрбір сөзі, күлгені, отырысы, жүріс-тұрысы – бәрі де оған кереметтей жарасатын. Ашық-жарқын күлкісінен оның қай жерде жүргенін біле қоятынбыз.

«Ұлдарымды  жиеніміз әкеліп көрсетіп, апарып тұрады, – деді Айгүл біздің қойған сұрағымызға орай. – Әділет оларды өз әкесінен артық еркелетеді.

 Әділет маған әкемдей қамқоршы. Тамағымды әзірлеп, туфлилеріме дейін тазартып береді. Қарайтын адамы жоқ демесін деп бір жаққа шыға қалсам киімдерімді дұрыстап жатқаны».

Айгүлмен тағы біраз әңгімелесіп отырып, бәріміз риза қалыпта тарастық.

...Бұл әңгіме Сарыағаштағы «Айша Бибі» шипажайында өткен жаздың күн­дерінің бірінде болған еді.

Осы тақырыпқа жазарда Айгүлдің қысқаша өмір-тарихын сұрап алғанмын.  «Тақырыбын қалай жазайын? «Зағип келіншек» деп пе, әлде «Тағдырлы қыз» деп алайын ба?» – дегенмін. Ол аз ойланып, күрсінді де:  «Ой, ағай, бүрке­мелеп қайтесіз? Көнгенмін. Бәрін де өз атымен атап, «Көзі көмейтін қыз» деп жаза беріңіз», – деген соң мақаланың тақырыбын осылай атадым. Өйткені   балалары болып, екінші күйеуге шықса да Айгүлдің шипажайдағы аты «Көзі көрмейтін қыз» болатын.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!