Биылғы наурызда Алматыда аса ірі көлемде ұрлық жасалыпты. Ұрылар қала тұрғынының үйінен 3 миллион долларды, бағасы 50 миллион теңгеден кем түспейтін швейцар сағаттарын және 50 мың евро ақшаны қолды еткен.
Ұрылар сырты биік дуалмен қоршалған, бейнекамералар қойылған үйге түсіпті. Аталған заттар киім ілетін бөлмедегі сейфте болған екен, түн жамылып көлікпен барғандар оны бұзып, ішіндегісін түгел алып кеткен.
Жарияланған деректерге қарағанда, тоналған үй 2003 – 2004-жылдары Астана қаласының әкімі қызметін атқарған, 2006 – 2011-жылдар аралығында еліміздің туризм және спорт министрі болған Темірхан Досмұхамбетовке тиесілі көрінеді. Қылмыстық оқиғаға қатысты түзілген қаулыда осылай деп көрсетіліпті. Бұл жөнінде бірнаша ақпарат құралдарында жарияланды.
Дегенмен Т.Досмұхамбетовтің өзі тоналған үйде ағам тұратын еді дейді. Долларлар оның Бурабайдағы базасын сатқаннан түскен ақша», – депті ол кісі өзіне журналистің қойған сауалына орай.
Бүгінде бұл оқиғаға қатысты күдікті ретінде Алматы облысының 37 жастағы азаматы ұсталыпты. Бірақ полицейлер үйін тінткенде одан ештеңе де таппаған көрінеді. Ал ұсталған адамның қорғаушысы одан не үшін күдіктенетіндері жайлы тергеушілердің әзірге ештеңе айтпағанын, бұл істе көп нәрсенің түсініксіз болып отырғанын, өзінің ұрланды деп көрсетілген сомаға байланысты да күмәні барын айтыпты.
Н. ӘБДІ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!